Академияның жүзеге асырған соңғы жобалары мен 2018 жылғы жұмыс жоспары бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі осылай деп хабарлады.
Аталған жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Париждегі алқалы шараға әлемнің 16 мемлекетінен тілдері жойылу қаупіне ұшыраған халықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Олар өз тілдерінде ЮНЕСКО мінберінде баяндама жасап, сөз сөйлейтін болады. Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі кеңістікте өмір сүретін түркітілдес ұлыстар ана тілін жаңғырту туралы өздерінің келелі пікірлерімен бөліседі. Атап айтқанда, қашқай, қарайым, құмық, ноғай, шор, тыва, хакас, саха, сары ұйғыр, хотон секілді тілдері жойылып бара жатқан ұлт өкілдері қатысады. Олар өз ұлттық киімдерімен төл өнерлерін ұсынады деп жоспарлануда.
Осы ретте айта кету керек, Академия Елбасының қолдауымен жойылу қаупіндегі түркі тілдер жөнінде бірнеше жобаны жүзеге асырып, арнайы экспедициялар жүргізген болатын. 2017 жылы әлемнің 26 елінен 130 белгілі ғалымның қатысуымен жарық көрген «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрттомдық еңбек жариялады.
Сонымен бірге, Академия биыл қытай ғалымдарымен бірге сары ұйғыр тілін зерттеп, халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. «Сары ұйғыр ауыз әдебиеті» кітабы және XIV ғасырға жататын «Хуа ии сөздігі» аударма сөздігі, сондай-ақ «Сары ұйғырлардың музыкалық мұрасы» еңбегі жуырда жарық көреді.
Бұдан бөлек, биыл ЮНЕСКО-ның Түркия ұлттық комиссиясының қолдауымен Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасының жарияланғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Осыған орай Академия «Ақиқат сыйы» еңбегіне қатысты екі томдық ғылыми монографияны баспаға әзірледі.
Академия басшысы хабарлағандай, биыл ЮНЕСКО деңгейінде «Халықаралық түркі тілдері күнін» белгілеп, атап өту бастамасымен бірнеше шаралар жоспарлаған.
Сондай-ақ, Академия 2019 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» 950 жылдығын Түркиялық әріптестермен кең көлемде, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге атсалысуды жоспарлап отыр.