25 Қараша, 2011

Жұлдызды жиырма күн

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттілік мерекесі бізге той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек.

Елбасымыз осылай деді. Тәуел­сіз­­діктің жиырма жылдығын зердеге салу, оның тарих үшін қып-қысқа, бірақ біздің елдігіміз үшін байтақ шежіресінен тағылым алу бәрінен де маңызды екенін айтты.

Бұл кезеңде Қазақстан ғасыр­лар­ға теңесетін ғажайып жолды жү­ріп өтті. Бұл жолда бәрі де бол­ды: бұ­рын­нан қалыптасқан ша­руа­шы­­лық бай­ланыстары үзіліп, шы­ғар­ған өнім­дерін өткізе алмай дағ­дар­ған кәсіп­орын­дар, алты айлап ай­лық, жылдап зей­нет­ақы ала алмай, егемендіктің елең-ала­ңын­да­ғы еңсені езер қиын­дық­тардан қа­жы­ған жұрт, кеңбалақ күй­де жүр­ген қазақтың базар психоло­гия­сы­на бой үйрете алмай асып-са­суы,  ала қапшық арқалап, отбасын асы­­ра­ған әйелдер, жекешелендіру жан­­та­ласы, нарық жағдайында өмір сүруге бейім­делудің бастапқы қа­дам­дары, эконо­ми­калық ре­фор­малардың алғашқы нә­тижелерін беруі, әлеу­мет­тік саланың еңсе тіктеуі, ха­лықтың көңіл-күйі­нің қалпына түсуі, елдің ертеңіне сенімнің ор­нығуы, инвестиция­лар­дың келе бас­тауы, жасам­паз­дық жұмыстың жол­ға қойылуы, елдің әл-ауқаты­ның артуы, Ас­тананың салынуы, қалада да, далада да құ­ры­лыстың қар­қын алуы, өз өн­ді­рісіміздің өркендеуі, мемлекеті­міз­дің Батысқа да, Шы­ғысқа да бірдей танылып, бірдей құр­мет­телуі, бү­кіл түркі әлемі­нен, бүкіл мұсылман жұртынан, бүкіл ТМД ке­ңістігінен тұңғыш рет Еуропа төріне кө­те­ріліп, төбебилік жасау, Астана Сам­митін өткізу, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына төр­ағалық ету...

Иә, тарих сағатының тілі сырт ете қалғандай қысқа кезеңде Қа­зақ­стан осындай жасампаздық жол­дан өтті. Біздің бұл ұлы жол­дағы көші­мізді бүгінде дүйім дүние танитын, мойындайтын, құрмет­тейтін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев біліктілікпен, байып­ты­лықпен бастай білді. Елім деген Ерге кәміл сенген, кәміл сенген соң екі тізгін, бір шылбырды қолына берік берген Ел де тарих сынына лайықты шыдап шықты. Елдігін, кеңдігін, далалық даналығын та­ныт­ты.

Міне, той табалдырығына да тақап қалдық. Енді жиырма күн­нен кейін мемлекетіміздің мерейлі мерекесін атап өтеміз. Осыған орай елде ЖҰЛДЫЗДЫ ЖИЫРМА КҮН жарияланып отыр.

Оларға:

«Менің Қазақстаным» (26 қараша),

«Атамекен» (27 қараша),

«Ата Заң» (28 қараша),

«Бейбітшілік бел­деуі»  (29 қараша),

«Келісім»  (30 қараша),

«Азаматтық қоғам»  (1 желтоқсан),

«Дәстүр» (2 жел­тоқ­сан),

«Болашақ»  (3 желтоқсан),

«Сергектік»   (4 желтоқсан),

«Ғы­лым» (5 желтоқсан),

«Мәдениет» (6 желтоқсан),

«Алтын теңге» (7 жел­тоқсан),

«Шаңырақ» (8 жел­тоқ­сан),

«Ауыл» (9 желтоқсан),

«Астана» (10 желтоқсан),

«Білім»  (11 желтоқсан),

«Денсаулық»  (12 желтоқсан),

«Серпін» (13 жел­тоқсан),

«Мемлекеттік тіл»  (14 желтоқсан),

«Отан» (15 жел­тоқсан)

деген атаулар берілген. Ел газеті «Егемен Қазақстан» осы жұл­дыз­ды жи­ыр­ма күннің бәріне де ай­қар­ма беттер арнап, олардың мән-ма­ңызын ашып көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар