Ұлан-байтақ жері бар қазақтың саны аз екенін мойындау керек. Қазақстан қазір тұрғындар саны жөнінен әлемде өз орнында көрінеді, тығыздығы бір адамға 6,64 шақырым, яғни, біздің еліміз әлемдік рейтингте 180-орында тұр. Бұл дерек көп нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па! Көбеймесек көсегеміз көгермейді. Біз санамыз тәп-тәуір халық болғанымен, санымыз тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз» деген екен. Олай болса, елімізде халық санына, оның сапалық жағына баса назар аударған жөн. Бұл орайда ең алдымен ұлтымыздың санын көбейтудің жолын, оның әдіс-тәсілін ойластырған орынды. Бала тууды ынталандыру жолымен арттыру, яғни бала туғаны үшін берілетін қаржы көлемін көбейту, шетте жүрген ағайынды елге әкелу мәселесін түбегейлі шешу халық санын көбейтуге септігін тигізеді. Сондай-ақ абортқа тыйым салу керек. Мұсылман елдері арасында Қазақстанда ғана жасанды түсік жасауға рұқсат берілген. Уақтылы отбасын құрмаған ұл-қыздарға салық салу жағын да ойластырған жөн. Ресми емес дерек бойынша, елімізде 160 мыңнан аса жасы келген қыз бар көрінеді. Ал олардың біразы кезінде лауазымды қызмет атқарғанын білеміз.
«Итің ұры» десе намыстанатын қазақ қыздарының теріс жолға түсуіне көз жұма қарауы масқара емес пе? Ал осы қыздардың біразының некесіз туған балалары бар. «Қыз өссе – елдің көркі» деп мақтан тұтатын қазақ бұл әлеуметтік мәселеге қалай тап болғанын аңғармай қалғандай. Ажарлы, келбетті, білім десең білімі бар, менің жарым болсын дейтін бойжеткендер әркімге көзін сүзіп, жалғыздықтың зардабын татып жүрсе жаның қалай ауырмас. Төрт жыл бұрын Қостанай облысының бас акушер-гинекологы Иван Янцев бір мақаласында облыс бойынша былтыр 20 мыңға жуық әйел жүкті болу бақытына ие болса, соның 57,4 пайызы дүниеге сәби әкелді, ал 42,6 пайызына аборт жасалды. Аборт жасатқандардың 7,8 пайызы 15-18 аралығындағы бойжеткендер, қалғандары 19-35 жасты құрайды», деп жазған еді. Жарық дүниеге келуге тиісті 8520 шарана жатырында өлім құшты. Ал енді мұндайды еліміз бойынша есептеп көріңіз. 200 мыңға жуықтап қалады. Осындайда «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген халқымыздың дана сөзін қыздарымыз естен шығармаса екен дейсің.
Ресей үкіметі отбасыларымен (толыққанды) келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Бұл әйелдерге бала тууды міндеттейді және үшінші нәрестеден бастап баланы үкімет мойнына алғалы отыр.
Қазақстанның да қазақ ұлтымен мақтанып, өзгелерге көшбасшы бола алатындай ұлттық бағдарламасы болғаны жөн деген пікірлер айтылып жүр. Біз мұны толығымен қолдаймыз. Елімізде сан жағынан халықтың көшін бастағанымызбен өзіміз көбею жағынан кейбір ұлттардан (өзбек, ұйғыр, дұнған) артта қалып отырғанымызды қалай айтпасқа? Қазақ ұлтының басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп, көшбасшы болуы үшін ұлттық идеология керек. Қазақтың проблемасын шешіп, қазақтың рухын көтеретін мәселелерге ерекше назар аударған жөн дер едім. Жастардың бойына патриоттық сезімді, өзінің туып-өскен ортасына, қаласына, Отанына деген сүйіспеншілікті дарытуға күш салып, нақты істе көрсетуіне қол жеткізу керек. Міне, нағыз патриотизм деген осы. Әр азамат бала күнінен бастап ұлттық идеологиямен сусындауы керек. Мұнда ата-ана мойнына жүктелер жұмыс көп-ақ. Ал жастар өз еліне, жеріне, туған ауылы мен қаласына деген сүйіспеншілігін нақты істе көрсетуі керек.
Ұлтым деген әр азамат ұлт қамы ұл-қызды тәрбиелеуден басталатынын ұмытпай, бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, елдің қамын жейтін азамат етіп өсіруге барынша мән бергені дұрыс. Ұлды тәрбиелеу арқылы жер иесін, ал қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейтінімізді ұмытпаған абзал. Осы қағиданы есімізден шығармайық, ағайын. Тәрбиенің атасы – білім мен еңбек, тәрбиенің анасы – халықтың салт-дәстүрі, тілі, ділі, діні, ырымдары мен танымдары, басқа да ұлттық құндылықтар.
Міне, бала тәрбиесінде осыларды басшылыққа алсақ, діттеген мақсатқа жетеміз. Өкінішке қарай, көптеген жігіттер шаруаға селқос, жүрдім-бардым қарайды, шамалы жұмысты істегісі келмейді, айтатыны: жалақысы төмен, олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жақсы көреді. Өмірден өз орныңды, тиесілі сыбағаңды алу үшін білек сыбана еңбек етіп, тер төгуің керек. Мұны өмірдің өзі көрсетіп отырған жоқ па?!
Ана тілі де бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Өз елінде өгейшілік көріп отырғаны жанға батады. Қазақ мектебінде оқыды демесең, балалардың көпшілігі сыртта өзара орысша сөйлейді, үйде де солай болар дейсің. Әке ұлымен, шеше қызымен ана тілімізде пікір алмасып, сыр шертісіп жатқанға не жетсін. Бұл арман күйінде қалуда. «Сырт көз – сыншы» дегендей, елімізге келіп-кетіп жүретін шетелдіктер мұны байқайды екен. Италиялық «Ренко» компаниясының президенті Ренальдо Гаспари: «Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол қазақ халқы екен», деп жазған бұдан бес жыл бұрын. Бұған қарсы дау айта аласың ба? Айта алмайсың. Кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Жарайды, кезінде қол-аяғымыз матаулы болды дейік. Әу, егемен ел болғанымызға да ширек ғасырдан асты ғой. Не тындырдық?
Қоғамды дендеген жемқорлық та қазақтың қадіріне көлеңке түсіруде. Маңдай терімен таппаған байлыққа кенелгендердің іс-әрекеті еңбек адамдарын ашындырып, олардың ашу-ызасын келтіруде. «Пайғамбар сынды жігіттер бар, мінерге есегі жоқ, есек сияқты жігіттер бар малының (байлығының) есебі жоқ» деген Қадыр Мырза Әлі ақынның сөзі еске түседі осындайда. Биліктің биігінде, төреліктің төрінде отырған кейбір шенеуніктердің теріс қылығына, ашөзектігіне налисың.
Әңгімеміздің өзегі ұлт қадірін қастерлеу хақында еді ғой. Бұл өзімізге тікелей байланысты екенін түсіну керек. Мемлекет құрушы ұлт ретінде көш басында болуға лайықты болсақ, қанеки?!. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық. Еліміздің жарқын болашағы ауызбірлікте, ынтымақты тірлікте екені белгілі. Ал біз осыған зәруміз. Таланттысы басшы, талаптысы қойшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатсақ, ұйысып еңбек етсек құт-береке дарыған, іргелі ел боламыз. Жаратқан осы жолда бізді қолдап, қорғай жүргей!
Қанапия МЫРЗАҒАЛИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АСТАНА