25 Қараша, 2011

Болашағы зор ықпалдастық

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Украина Үкі­ме­ті­нің басшысы Николай Азаровпен кездесті. Тараптар сауда-эко­номикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сала­сын­дағы Қазақстан-Украина қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен даму перспективасын талқылады. Қазақстан мен Украина бірлескен индустриялық-инновациялық жобалар сала­сында ынтымақтастықты белсендіруді жоспарлауда.

Кездесу барысында Кәрім Мәсімов және Николай Азаров Қа­зақстан және Украина ара­сын­дағы экономикалық қарым-қа­ты­насты нығайту қажеттілігін атап айтты. «Арамызда қалыптасқан қарым-қатынастар екі елдің алға қарай дами түсуі үшін, азамат­тарымыздың бақуатты тіршілік етуі үшін бізге ашық және әділ әңгіме айтуға, барлық мәселелер бойынша шешімдер табуға мүм­кіндік беруде», – деді К.Мәсімов өзінің украиналық әріптесімен болған кездесуде. «Әлемде қа­лып­тасып отырған бүгінгі жағдай сарабдал бағытты талап етеді. Менің ойымша, біздің ынты­мақ­тастығымыз көптеген елдердің экономикасында қазір байқалып отырған тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», – деді өз кезегінде Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық дамудағы жақсы жетістіктерімен құттықтай оты­рып Украина Үкіметінің бас­шы­сы Н.Азаров.

«2011 жылы Украина мен Қазақстанның іс-қимылдар жос­па­рының – біздің сауда-экономи­ка­лық қарым-қатынастары­мыз­дың көрсеткіштерін арттыруға сеп болған құжаттың мерзімі аяқ­талды. Енді 2012-2013 жылдарға арналған іс-қимылдар жоспа­рын жасау керек деп ойлай­мын», – деп атап өтті Н.Азаров. Келіссөз аяқталғаннан кейін Кәрім Мә­сі­мов пен Николай Азаров Қазақ­стан және Украина ішкі істер министрліктерінің арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Одан кейін журналистермен өткен брифингте Үкімет басшы­ла­ры екіжақты келіссөздердің қорытындысын шығарды.

Қазақстан Үкіметі басшы­сы­ның айтуынша, украиналық әріп­тестермен әңгіме бейресми және өте нақты мазмұнда өтіп, екі­жақ­ты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері тиянақты талқы­лан­ған. Атап айтқанда, ғарыш сала­сындағы өзара іс-қимыл мәселесі сөз болды. К.Мәсімовтің пікірінше, «бұл салада табысты ынты­мақ­тастыққа мүмкіндік мол». Украинамен атом энергетикасы са­ласындағы ынтымақтастық та­қы­рыбы да назардан тыс қалған жоқ. «Бұл салада Украинаның тә­жірибесі зор», – деп атап көрсетті Премьер-Министр. Бұдан өзге Кәрім Мәсімов украиналық кә­сіпорындарды Қазақстанның ин­дустрияландыру бағдарламасына атсалысуға шақырды.

«Қазақстан біздің Ресей Феде­ра­циясынан кейінгі ірі сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұған екі елдің Президенттерінің, Үкі­меттерінің біздің ынтымақтасты­ғы­мызға үлкен көңіл бөлуінен кейін қол жеткізілді», – деп мә­лім­деген Николай Азаров Қазақ­стан­ның индустрияландыру бағдар­ла­масына өздерінің қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Келіссөздер барысында қол жеткізілген барлық келісімдер 2012-2013 жылдарға арналған іс-қимылдар жоспарын немесе 4-Жол картасын әзірлеуге негіз болады. Тараптар олардың ат­қа­рылу барысын Үкіметаралық комиссия тетігі арқылы бақылауға келісті.

Түстен кейін екі елдің премьер-министрлері Қазақстан-ук­раин бизнес-форумының ашы­луы­на қатысты. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов украи­на­лық кәсіпкерлерді Қазақстанға жұмыс істеуге шақырды. Менің­ше егер украиналық компаниялар Қазақстан аумағында жұмыс істеуге ниет білдірсе, біз әрине, сіз­дердің келулеріңізге қуанышты боламыз», – деді Астанада өткен қазақстандық-украиналық бизнес-форумда украиналық компа­ниялардың өкілдеріне арнаған сөзінде К.Мәсімов. Премьер қа­зір­гі уақытта республикада бизнесті қолдау бойынша бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда екендігін де еске салды. Атап айтқанда, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған «Бизнестің жол картасы» әрекет етуде.

2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ук­раинаның арасындағы сауда ай­на­лымы 2,066 млрд. АҚШ дол­ла­рын құрады. 2011 жылдың 8 айын­да Қазақстан мен Украи­на­ның ара­сын­дағы сыртқы сауда айналымы 2,9 млрд. долларға жетті және 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Украинаға қазақстан­дық өнімдер­дің экспорты 1,8 млрд. долларды құ­рап, 2010 жыл­мен салыстыр­ған­да 4 есеге көбейгені байқалды. Ал Украинадан Қазақстанға им­порт­талған тауарлар көлемі 1,1 млрд. дол­ларға жетіп, 2010 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 30 пайызға артқан.

Қанат ЕСКЕНДІР.