Атап өтейік, Нұржан Әлтаев Атыраудағы 7 адам қаза тапқан вахталық қалашықтағы өрт жағдайы салдарын анықтайтын үкіметтік комиссияны басқарды. 3 наурыз, сенбі күні, Атырау облысының Қарабатан станциясында газ турбиналық электр станциясының құрылыс алаңында болған төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін комиссия келді.
Комиссия құрамына ішкі істер министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, төтенше жағдайлар комитеті мен Атырау облыстық әкімдік өкілдері кірді.
Қарабатан станциясында орын алған оқиғаны тексеруден кейін еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Атырау облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімінде ем алып жатқан екі зардап шегушіге барды. Бүгінде олардың жағдайы тұрақты, жұмысшылар оқиға орнынан төмен жағдайдағы күйікпен ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем қабылдауда.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, төтенше жағдай орын алған жерде болған компанияның барлық қызметкерлері сақтандырылған, сондықтан тергеу аяқталғаннан кейін зардап шеккен қызметкерлер мен қаза болған қызметкерлердің туыстары қаржылық көмек алады.
- Заңнамада белгіленген рәсімдер бар, кімнің кінәсі - жұмыс берушілердің немесе жұмысшылардың өздерінің кінәсі болғанын анықтау үшін барлық рәсімдерді жүргізуіміз керек. Біз қазір барлық сақтандыру келісімшарттарын көтеріп, қызметкерлерге қандай өтемақы төленетінін қарастырамыз. Бұдан басқа, төтенше жағдай орын алған нысанды тексергеннен кейін, барлық жатақханалар жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», - деді Нұржан Алтаев.
Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта компанияның басқа қызметкерлері тергеу аяқталғанға дейін үйлеріне жіберілді. Олар үшін жалақы сақталады. Барлық контейнерлік үлгідегі жатақханалар қауіпсіздіктің стандарттарына және талаптарына толық сәйкестендірілгеннен кейін, жұмысшылар қайта келіп, жұмысын жалғастыра алады.