25 Қараша, 2011

Құран, көк байрақ және бір уыс топырақ

719 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өткен ғасырда  қазақ даласында мән-маңызы жағынан ғасырға тати­тын үлкен оқиғалар болды. Соның бірі – адамзат тарихында адамның 1961 жылы тұңғыш рет ғарышқа сапар шегуі. Сол кезде біз  Гагарин­нің ғарышқа ұшқанын естіп, бәрі­міз де құпия, тылсым саналатын көк әлеміне самғауды армандап өскен едік. Содан бері, міне, аттай 40 жылдай уақыт өтті. Заман өз­герді, қоғам, адам да өзгерді. Қазір ға­рышқа өз азаматын қалап апаруға бірнеше елдің толық мүм­кіндігі бар. Ресей, АҚШ, Франция және бас­қа да елдер ай сайын өз азамат­тарын ғарышқа апарып жатыр. Біз­дің ел мұндай мүмкін­дікке Тәуел­сіздік алған кезде ғана ие болды. Сол кезде  халқымыздың тұңғыш ғарышкері болу бақыты Тоқтар Әубәкіровке бұйырды. Оның ға­рыш­қа сапарына Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың ықпалы зор болғанын бәріміз білеміз. Соның арқасында өз бауырымыз өз жерінен алғаш рет ғарышқа аттанды. Ал мен бұл алыс сапарға 3 жылдан кейін, яғни 1994 жылы ғана барып, бала кезімнен бергі арманыма жеттім. Бірінші рет өз көзіммен ашық ғарышқа шығып, біздің Жер плане­тасының қандай әдемі, қандай сүйкімді екенін көрдім. Маған ғарышқа сапар шегу оңай болған жоқ. Бұл алыс жолға Елбасы Н.Назарбаевтың, Ресейдегі ұшқыш әріптестерімнің көп көмегі, әсері тигенін айтқым келеді. Мәсе­лен, ресейлік Леонов сияқты ға­рыш­кер сол елдің кейбір ащы сөзді сая­саткерлерінің «қазақтардан бір ғарышкер шықты ғой, енді тағы бі­реуінің не керегі бар» деген пікірлеріне қарамай, Ресей Президентін мені ғарышқа ұшуыма рұқсат беруі­не көндірді. Сөйтіп, 1994 жылдың 1 шілде мен 4 қараша ара­лығында бірнеше ғарыш­кер­лер бар «Союз ТМ-19» ке­месінің құра­мында бол­ған мен борт инженері ретінде ға­рыш әлеміне сапар шектім. Бірінші алған әсе­рімді қазірдің өзінде де жеткізе алмаймын. Ға­рыш әлемі кейде тас қа­раңғы, қорқы­нышты бо­лып көрі­неді екен. Ал ашық ғарышқа шыққан­да тіптен басқаша бола­тынын көрдім. Біздің Жер планетасының әде­мі екенін көреді екенсің. Осы сапарда мен ашық ғарышта 11 сағат 7 ми­нөт уа­қыт өткіздім. Әр са­парымда мұсылман­дардың қа­сиетті кі­табы Құран Кәрімді, көк бай­ра­ғымызды және Байқо­нырдан алын­ған бір уыс топырағымызды алып жүрдім. 1994 жылы екі туымызды апардым. Кейін жерге қонғанда біреуін Елбасы­мызға сал­танатты түрде табыс етсем, екіншісін Мәс­кеудегі Жұлдыз­дар қалашы­ғының космонавтика мұражайына сыйға тарттым. Айтқандай, осы сапарымда та­ғы мынадай оқиға болған. Сол жыл­дары Алматыда «Азия дауы­сы» ән фестивалі өтіп тұрушы еді ғой. 6 тамыз күні біздің экипажы­мыз алғаш рет Президентпен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік алды. Сонда мен гитарамен Абай­дың «Көзімнің қарасы» өлеңін айтып, жұртшылықпен қазақша амандасып, сөйлескенімде елімнің қандай қуанышты сезімде болға­нын ғарышта тұрып жақсы сезіндім. Мұндай оқиға бұрын біздің елде ешқашан болмап еді. Сол кезде менің ғана емес, талай адамның көзіне жас тығылғанын білемін. Жүректен шыққан тілек, сөз қай жерде болса да жүрекке жететінін сонда да көрдім. Екінші сапарым – 1998 жылы 28 қаңтар мен 25 тамыз аралы­ғында өтті. Бұл біздің ең ұзақ сапарымыз болды. 208 тәулік! Жарты жыл деген сөз. Осы уақытта бес рет ашық кеңістікке шықтым. Ол 30 сағат 8 минөтке жалғасты. Сол кезде біздің сапарымыз Астана күнімен тұспа-тұс келіп, тікелей байланыс арқылы тағы да Елба­сымен жүздесіп, сөйлесуге мүмкін­дік туды. Астана күніне байла­ныс­ты орталық алаңда мереке болып жатқан жерде Елбасы тікелей байланыс арқылы: «Талғат, сен Алла Тағалаға жақын тұрсың ғой. Астанаға батаңды бермейсің бе», дегенде бойыма еліміз үшін қуа­ныш, мақтаныш сезімі ұялап, Елбасының тілегін сол мезетте орындадым. Бұл сәтті мен өмірімде ешқашан ұмытылмайтын ең қызық­ты сәттердің бірі деп есептеймін. Ал менің үшінші сапарым 2001 жылы 28 сәуір мен 6 мамыр ара­лығында өтті. Соңғы екі сапарымда ғарышқа кеме капитаны ретінде барып, тағы да көк байрағымыз бен Құран Кәрімді өзіммен бірге ұстап жүрдім. Осы ғарышта болған үш кезде Ресей мен басқа да шет елдің өкілдеріне қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматтары көп екенін көрсетуге тырыстым. Кеңес Одағы кезінде біздің елге басқалардың кө­зілдіріктің үстімен, көзінің астымен қарағандарын білеміз. Ғарышқа ұшқанда көз алдыма сол көрініс келе берген соң, біздің халықтың тарихы мен мәдениетінің бай, әр кәсіпті ұршықша иіріп әкететін қа­сиеті мен білімі бар екенін көрсету үшін де сапарға аттанғанымды жасырмаймын. Талғат МҰСАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер-ұшқыш, Халық Қаһарманы, Ресей батыры, авиация генерал-лейтенанты.