Аймақтар • 05 Наурыз, 2018

Маңғыстаудағы ауыз су мәселесінің ахуалы қандай?

8503 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыз су мәселесі Маңғыстау өңіріндегі ең өзекті жайт. Тұздылығы жоғары теңіз суын тұшытып пайдалану көлемін арттыруды көздеген өңірде талай тұрғынның таңдайына тамызық етіп отырғаны – жерасты сулары. 

Маңғыстаудағы ауыз су мәселесінің ахуалы қандай?

Су тұшыту демекші, өткен жылы су көлемін арттыру бағытында «Каспий» су тұшыту зауытын жаң­ғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқ­талды. Қазір тәулігіне 30 мың тек­­ше метр су шығарып тұрған зауыт Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы және Құрық ауылын сумен қам­туға сеп болды. Зауыттың қуатты­лы­ғын тәу­лігіне 40 мың текше метрге де­йін жет­кізудің екінші кезеңі­нің жұ­мыс­тары жүргізілуде. Бұл жұмыс­тар ең­серіл­генде «Нұрлы жер» бағдар­лама­сы аяс­ында игерілетін 11 мың жаңа жер учаскесі сумен қамтылады деген жоба бар. Сондай-ақ бұл бағытта өңір­де жаңа су тұшыту зауыттарын салу бо­­йынша әлеуетті инвесторлар­мен кел­іс­­сөздер жүргізілуде. Су тұшы­ту жұ­­мы­с­тары жайы осылай болғанда, жерас­ты суларын пайдалану ахуалы қандай? 

Маңғыстауда біраз ауылдық елді мекендер ауыз су ретінде жерасты су­ларын пайдаланады. Тіпті бірқа­тар өндіріс орындарының да торсы­ғын толтырып тұрған тұс – осы. Мә­лі­мет бо­йынша, қазіргі таңда жер­асты су қорынан облыс тұрғын­дарына беріліп отырған ауыз су мөл­шері тәулігіне 16 117,41 текше метр­ді құрайды. Мысалы, Қы­зыл­құм массивіндегі Қияқты жерінен сорыл­ған су Тұщықұдық, Шебір ауыл­дарына, Қаламқас кен орнына жіберілсе, Түйесу массивінен Өзенге, Сенекке айдалады. Ал Бостанқұм массивіндегі Сауысқан суы Өзен мен Сазды, Қызылсай, Бостан, Үштаған ауылына жіберілсе, Құйылыстан Ақтауға, Ұланақтан Жыңғылдыға, Көгезден Шетпеге жөнелтіледі. Ауыз су ретінде пайдаланылатын жерасты су­ларын сору тек бұлармен шек­­тел­мейді, оның үстіне мал суару үшін пайдаланы­лып жатқан көздерді қосып есепте­генде, жоғарыда айтыл­ған көрсеткіштің бірнеше есеге ұлғая­тыны анық. 

Суы тапшы өңірде ауыз суды табу және оны пайдалану – басты мақсат. Осы тұрғыдан алғанда дұ­рыс-ақ. Бірақ, жерасты суларын пай­да­ла­нудың екінші жағы ескеріле бер­мейді. Ғылым табиғи су көздерін пайда­лан­ғанда, су ресурстарының қайта қал­пына келу жылдамдығын есепке алу қажеттігін ескертеді. Себебі жерасты сулары 1 400 жылдан соң қалпына келсе, жер үстіндегі түрлі жағдайларға, зат алмасу үрдісіне қатыспайтындықтан терең қабаттағы су қоры қалпына келмейді екен. Жаңбыр жауу мөлшері аз, сондай-ақ қар қалың түспейтін Маңғыстауда жаңбыр мен қар суының жерге, әсі­ресе, терең қабаттарға сіңімділігі туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы. Осы орайда орта есеппен 50 метр тереңдіктен, тағы да орта есеппен 50 жыл­дан бері суы сорылып келе жат­қан өңірлердің табиғи ахуалы қалай? 

Жерасты суларынан нәр алып тұр­ған бұталы өсімдіктердің шөлір­кеуі нәтижесінде қурауы, оны жақын маңдағы ауыл тұрғындарының отын есебінде пайдалануы салдарынан Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауыл­­дарында құм көшкіндері пайда бо­лып, ауылды сусыған құм басу қау­пі төнді. Бүгінде бұл дабылы мен дақпырты басылған әңгімедей көрінгенмен, осы­­дан он шақты жыл бұрын Маң­ғыс­­тау үшін маңызды мәселе болып, жиын­­ның күн тәртібінен түспеген бола­тын. Осы жылдары Алматыдан кел­­ген География институты өкілдері құм ете­гіне өсімдіктер отырғызу арқы­лы құмды тоқтатуға сынама, зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Кейіннен бұл сек­сеуіл отырғызу жұмыстарын Маң­­ғыс­тауда құрылған «Жасыл әлем» ме­ке­месі жалғастырды. Сенек, Үш­таған ауылдарына бірнеше түп сек­сеуіл отырғызған олар бұл істі Тұщы­құдық, Шебір ауылдарында жал­ғ­астырды. Алғашқы жылдары Тұщы­құдықта жылына 70 мың сек­сеуіл отырғызылса, қазір жылына 30-35 мыңнан кем емес сек­сеуіл егіледі. Оны жүйелі түрде суарып, бағып-күтіп отырған арнайы бағ­бан болмағандықтан, қыруар еңбек­тің соңы кей жағдайларда құмға сіңгендей болатын кездері бар, яғни сексеуілдің біраз бөлігі көктеп-көгер­мей қалған кездері көп. Ал бұл жұ­мыс­тардың қара­­жатсыз, шығынсыз атқарыл­маға­ны тағы белгілі. Сауысқан су тарту орны­нан Үштаған ауылына дейінгі 30 ша­қы­р­ым қашықтықтың өн бойы­на ор­наласқан 29 ұңғымаға қарап су­дың қажеттілігін, маңыздылығын мойын­дасаң, құм мен ауылдың ара­сын­дағы ну сексеуілге қарап екінші ойға – табиғаттағы өзгерістерге, туын­да­й­тын экологиялық мәселелерге нали­сың. Тек, ауыл іргесіндегі сек­сеуіл­дің тұтасқан орманын от шалмасын деңіз... 

Сондықтан жерасты суларын пайдалану маңызды, әрі аса қажет болғанның өзінде, оның табиғатқа, қор­шаған ортаға келтірер залал-зар­дабын ескеріп, оны болдырмау мүм­кіндігін де ескерген жөн. «Таяқтың екі ұшы бар» деген осы...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы