Қазақстан • 05 Наурыз, 2018

Депутат сауалы: Ұлты қазақ естімейтін және нашар еститін балалар орыс тілінде оқуға мәжбүр

649 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнер­к­әсіптік революция жағ­да­йын­дағы дамудың жаңа мүм­кін­дік­тері» атты Жолдауы­ның «адами капитал – жаңғыру не­гізі» атты жетінші міндетінде бар­­лық жастағы азаматтарды қам­­титын білім беру ісінде өзі­міз­­дің озық жү­йемізді құруды же­делдету қа­жеттігі аталып өтті.

Депутат сауалы: Ұлты қазақ естімейтін және нашар еститін балалар орыс тілінде оқуға мәжбүр

Халықты әлеуметтік қор­ғау Қазақстанда жүргізіліп жат­қан әлеуметтік саясат­тың маңызды басымдықтары­ның бірі. Мемлекет халық­­тың әлеу­меттік тұрғыдан әлжуаз топтарын қолдау бо­йынша үлкен жұмыстар жүр­гізуде. Бұл Қазақстан Респуб­ли­касының 2015 жылғы 20 ақ­пан­да ра­ти­фикациялаған «Мүге­дек­тердің құқықтары туралы» конвенциямен байланыстырылады. Алайда, өмір көрсетіп отыр­ғанындай, адамдардың бұл санаты үшін атқарар жұмыс­тар әлі де көп. Соның ішін­де мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін сапалы білім алу өте қиын, кейде тіпті қолжетімсіз.

Әлемге танымал америкалық зағип әрі құлағы естімейтін жазушы Хелен Келлер: «Соқырлар зат­тардан, ал естімейтіндер адам­дардан алшақ қалады», – деп жазған екен. Қазіргі уа­қыт­та ерекше білім беру қа­жет­­­ті­ліктері бар балалардың саны біздің елімізде 147 396, ола­р­­­дың ішінде есту қабі­леті зақым­данғандар – 6 357, (олар­дың ішінде 1 917 – ес­ті­мей­тіндер, 4 440 – нашар ести­тіндер), көру қабілеті зақым­дан­ған­дар – 7091. Жүргізілген зерттеу­лер керең балалардың 70%-ы еститін ата-аналардан туға­нын анықтаған. Сондықтан бола­шақ­та мұндай балалардың пайда болуын болжамдау мүм­кін емес.

Елімізде нашар еститін балалар тап болатын негізгі проблемалар ретінде төмендегілерді атауға болады:

– есту және сөйлеу қабі­леті зақымданған балалар­ды оқытуға арналған оқулық­тар­дың және әдебиеттің жет­кіліксіздігі;

– Білім және ғылым министрі­нің 2009 жылғы 8 шілдедегі №333 бұйрығымен бекітілген оқыту бағдарламалары жұмыс істемейді. Соның салдарынан есту қабілеті зақымданған балаларға арналған арнайы (түзету) мектептер түлектерінің көпшілігі ыммен сөйлесу тілін меңгермеген;

– елімізде естімейтін балалар мен ересектердің байланысуы мен қатынасуына арналған мамандандырылған клубтар, орындар жоқ;

– сурдоаударма және кадр­ларды даярлау бойынша ма­мандардың нарықтағы қажет­тілігіне талдау жасалмайды;

– есту патологиясы бар балалар үшін қымбат тұратын хирур­гия­лық операциялар қол­жетімді болғанымен, оңалту шара­лары жоқ, ал бұл қым­бат опе­­ра­циялар тиімділігінің төмен­­деуіне, кейде пайдасыз­ды­ғына алып келеді;

– мемлекеттік тілде оқыту бағдарламасы және арна­йы оқытатын әдебиет, қазақ тілін­де бекітілген Дактиль әліппесі жоқ. Ұлты қазақ естімейтін және нашар еститін балалар орыс тілінде оқуға мәжбүр;

Біз осы және басқа да мәсе­лелер­дің шешілу қажеттігін көрсетіп, Премьер-Министр­дің атына депутаттық сауал жолдадық.

Бірғаным ӘЙТІМОВА,

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы