«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын палатаның жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев таныстырды. Ұлттық Банк басшысы Мәжіліс депутаттарына заң жобасының мақсаты халықтың мүддесін қорғауды қамтамасыз ету және сақтандыру нарығын дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылатынын айтты.
Шартты түрде заң жобасында 5 негізгі топтаманы бөліп айтуға болады. Біріншіден, бұл – онлайн-сақтандыруды енгізу. Екіншіден, шетелге шығатын қазақстандықтарды сақтандыруға қойылатын тәсілдерді өзгерту. Үшіншіден, міндеттелген сақтандыруды енгізу. Төртінші топтама сақтандыру омбудсменінің функцияларын кеңейту арқылы сотқа дейінгі реттеу тетігін жетілдіруге арналған. Соңғысы өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлері бойынша қосымша кепілдік беру жүйесін кеңейтуге бағытталған.
Сақтандырудағы цифрландыру
Заң жобасының басты жаңалықтарының бірі – тұтынушылар көптен бері күтіп отырған онлайн-сақтандыруды енгізу.
Банктерде онлайн-қызметтерді ұсынудың түрлі нысандары бұрыннан ендіріліп, сәтті пайдаланылатыны белгілі. Сақтандыру нарығында заңнаманың ерекшеліктеріне қарай онлайн-қызметтер әлі тиісінше дамымай отыр.
Ұлттық Банк басшысы Қазақстанда қаржылық қызметтердің өңірлерде, бірінші кезекте, облыс орталықтарынан тыс және ауылдарда қолжетімділігі туралы мәселенің өзекті екендігін еске салды. Сақтандыруды айтпағанның өзінде базалық банк өнімдеріне қолжетімділігінің болмауына мысалдар көп.
– Филиалдар мен өкілдіктерді ашу арқылы қаржы институттарының өңірлік деңгейде қатысуын кеңейту әрдайым мүмкін болмайды. Банктер және сақтандыру компаниялары жеке институттар болып табылады және олардың қызметі шығындарды оңтайландыруға бағытталған. Сондықтан сұраныс пен рентабельділік жеткіліксіз болған кезде олар өңірлерде қатысуын едәуір азайтады. Бұл орайда ең оңтайлы шешім сақтандыру саласын жедел цифрландыру болып табылады. Бұл азаматтарымыз үшін сақтандыру қызметтерінің географиялық қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды және бүкіл рәсімдерді тездетеді, – деп атап өтті Данияр Ақышев.
Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, бұл жобаның табысына интернеттің, оның ішінде ғаламтордың шалғай аудандарда заманауи ену деңгейі ықпал етеді.
– Неліктен біз мұндай жағдай қалыптасады деп ойлаймыз? Орта да, жағдай да өзгерді. Цифрландыру және телекоммуникациялар мен интернеттің дамуы барлық саладағы процестерді тездететін нақты үрдіс болды. Егер 2005 жылы халықтың 4 пайызы ғана интернет пайдаланушысы болса, бүгінде 80 пайызға жуығы пайдаланады. Түзетулердің мақсаты – сақтандыру қызметтерін алған кезде біздің азаматтарымыз үшін қолайлы жағдайлар жасау. Халық пен кәсіпорындар сақтандыру компаниясының офисіне бармай және агенттердің делдалдық қызметтерін пайдаланбай-ақ шарттарды интернет арқылы жасай алады, – деп атап өтті ол.
Заң қабылданғаннан кейін шалғайдағы елді мекендер тұрғындарына облыс орталығына сақтандыру полисіне бару немесе делдалдардың қызметтеріне жүгіну қажет болмайтын жағдайлар жасалады деп күтіледі. Болашақта делдалдардың болмауы сақтандыру құжаты құнының төмендеуіне әкеледі.
Ұлттық Банктің деректері бойынша, дамыған елдерде онлайн-сақтандыру үлесі 70%-ға жетеді. Ресейде автоазаматтық жауапкершілікті онлайн-сақтандыру 2017 жылдан бері қолданылады.
Алайда онлайн-сақтандыруды іске қосу заңнамалық түзетулерді ғана емес, мемлекеттік органдардың жұмысын талап етеді. Министрліктер мен ведомстволардың дерекқорларын ықпалдастыру бойынша жұмыстар тездетілуде. Қадағалау органдарының техникалық жабдықталуын арттыру талап етіледі. Атап айтқанда, сақтандыру жөніндегі дерекқорда азаматтардың барлық деректерін барынша қорғауды қамтамасыз ету қажет.
Данияр Ақышев заң жобасын дайындау барысында автокөлік иелерінің жауапкершілігін онлайн-сақтандыру тетігін талқылаған кезде автокөлік иелерінен полистің бар-жоғын тексеру тетігі бойынша Ішкі істер министрлігімен ауқымды жұмыс жүргізілгенін айтты.
Автокөлік иесі сақтандыру компаниясының сайты арқылы сақтандыру полисін онлайн режімде сатып алатыны болжанады. Бұдан кейін клиент Бірыңғай сақтандыру дерекқоры арқылы сақтандыру шартының бірегей нөмірін алады. Барлық деректер осы дерекқорда нақты уақыт режімінде болады. Бірыңғай сақтандыру дерекқорына онлайн-кіру есебінен жол полициясы қызметкерлері тәулік бойы кез келген жұмыс немесе мереке күні қағаздағы полисті талап етпей, автокөлік иесінің сақтандыру құжатын тексере алады.
Киберқауіптен қорғау мәселелері цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру аясында аса өзекті болып табылады. Осыған орай онлайн-сақтандыру Бірыңғай сақтандыру дерекқорының қатаң қауіпсіздік жағдайларын сақтауды талап етеді. Бүгінгі күні бұл дерекқор мемлекеттің меншігінде және сақтандыру құпиясын сақтау бойынша барлық талаптарға сәйкес келеді. Бұл бірінші кезекте ақпараттың сақталуына және жеке деректерге қол сұғылмаушылыққа жоғары жауапкершілікке қатысты.
Алаңсыз демалыс
Қаржы нарығын реттеушінің тағы бір бастамасы қазақстандықтардың шетелдегі демалысы кезінде орын алатын проблеманы түпкілікті шешуге арналған. Заң жобасында туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығатын туристің өзін сақтандыруға өту көзделеді.
– Бүгінгі күні туроператордың жауапкершілігін сақтандырған кезде сақтандыру құжатының егер туроператордың қателескендігі дәлелденетін болса ғана жұмыс істейді, ал мұндай жағдай барынша сирек болады. Турист әдетте өзінің проблемаларымен, негізінен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуге байланысты проблемалармен жеке қалады, – деп түсіндірді Ұлттық Банк төрағасы.
Шетелге шығатын туристерді сақтандыру схемасының өзгеретіні және төмендегідей болатыны болжанып отыр: туроператор жолдаманы сатқан кезде туриске сақтандыру сертификатын беру міндеттеледі. Бұл құжатта шетелде медициналық қызметке қол жеткізу бойынша көмекті тәулік бойы режімінде ұйымдастыратын халықаралық компаниялардың байланыс деректері көрсетілетін болады.
Шетелде сақтандыру оқиғасы басталған кезде турист медициналық қызметтерге, жедел медициналық көмекке және елге қайта оралуға ақы төлеу бойынша шығыстарды көтермейді. Бұл шығыстарды сақтандыру компаниясы туриске көмек көрсететін халықаралық компания арқылы өтейді.
Туроператор үшін сақтандыру құны жоғары болмайды деп күтіледі – шамамен күніне 320 теңге. Бұл ретте сақтандыру өтемі 3 – 16 миллион теңге аралығында болады. Мұндай сақтандыру құжаты туроператорлардың қызметтеріне жүгінетін туристер үшін ғана қажет. Туроператорларға жүгінбейтін туристер және шетелге өздері баратын азаматтар өз жауапкершіліктерін дербес көтереді және мемлекет олардың сақтандырылуын міндеттей алмайды.
Мәселеге жеке көзқарас
Ұлттық Банк басшысы Парламент депутаттарын жаңа заң жобасында енгізілетін міндеттелген сақтандырудың мәні жайында хабардар етті.
Көптеген дамыған елдердің тәжірибесі дәстүрлі міндетті сақтандырудан оның түрлендірілген түрі – міндеттелген сақтандыруға көшу үрдісін көрсетіп отырғаны белгілі. Мысалы, Францияда міндетті сақтандырудың 120-дан астам түрі бар, оның төртеуін ғана Сақтандыру кодексі реттейді, яғни жеке заңнамалық акт деңгейінде реттеледі.
Данияр Ақышев міндеттелген сақтандыру – бұл жекелеген мамандықтар үшін міндетті болып табылатын, бірақ оның талаптары тікелей заңда емес, сақтандыру компаниясы мен оның клиенті арасындағы шартта айқындалатын сақтандыру екендігін түсіндірді. Мәселен, міндетті сақтандыру кезінде сақтандырудың барлық талаптары, тарифтері мен төлемдері жекелеген заңдарда белгіленген. Мұндай тәсіл сақтандырудың стандартты және жаппай түрлері жағдайында өзін өзі ақтайды. Алайда сақтандырудың жекелеген түрлерінде икемділік қажет, яғни клиентке және оның тәуекелдеріне жеке қарау керек болады.
– Міндеттелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясына да, оның клиентіне де шартта сақтандырудың икемді талаптарын көздеуге мүмкіндік береді. Тәуекелдердің нақты тізбесін айқындай отырып, клиенттер үшін дұрыс тариф белгілеуге болады. Клиентке жеке-дара қарау тәсілі міндеттелген сақтандырудың негізгі артықшылығы болып табылады, – деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.
Сотқа дейінгі тәртіп негізінде
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы сотқа дейінгі реттеу институтын дамыту үшін сақтандыру омбудсменінің қызметін кеңейтуді көздейді.
Бүгінгі күні дауларды реттеу институты сақтандыру омбудсмені арқылы жұмыс істейді. Бұл институт Қазақстанда 2007 жылдан бері бар. Ол бастапқыда сақтандырушылардың өз араларындағы, сондай-ақ сақтандырушылар мен көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМ) полистерін ұстаушы – олардың клиенттері қарым-қатынастарындағы даулы жағдайларды қарау үшін құрылды. Осылайша, осы уақытқа дейін омбудсменнің өкілеттіктері автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыруға ғана қолданылды. Сақтандыру заңнамасына түзетулер омбудсменнің өкілеттіктерін сақтандырудың өзге де түрлеріне қолдануды көздейді.
Заң қабылданғаннан кейін сақтандыру компаниясының клиенті сақтандырудың кез келген түрі бойынша төлем мөлшерімен келіспеген жағдайда сақтандыру омбудсменіне қорғау үшін жүгіне алады. Атап айтқанда, омбудсмен жеке тұлғалар мен шағын кәсіпорындардың дауларын қарайтын болады. Халықаралық тәжірибеге қарай омбудсмен қарауға уәкілетті даулар сомасына лимит белгіленді. Ол 10 мың айлық есептік көрсеткішті немесе 24 миллион теңгені құрайды.
Мемлекеттің кепілдігі арқылы
Сақтандыру нарығының ойыншыларымен өзара қарым-қатынастарда азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында заң жобасында өмірді сақтандырудың әлеуметтік-маңызды өнімдері бойынша сақтандыру төлемдеріне қосымша кепілдік енгізіледі.
– 2015 жылғы мамырда қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Құрметті депутаттар, бұл заң сіздердің естеріңізде. Біз оны Парламентте көп талқыладық. Мемлекет, жұмыс беруші және сақтандыру компаниясы арасындағы жауапкершіліктің оңтайлы теңгерімі табылды. Бұл жүйенің болашақтағы орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деп еске салды Данияр Ақышев.
Алайда, оның айтуынша, аннуитеттер бойынша жинақтар үшін кепілдіктің қосымша тетіктері қажет. Осы мақсатта заң жобасында қордың зейнетақы аннуитеттері және жұмыс істеу қабілетін жоғалтқан қызметкерлердің аннуитеттері бойынша сақтандыру төлемдеріне қатысты міндеттемелерді орындауға кепілдігі көзделген. Бұл тетік сақтандыру компаниялары таратылған жағдайда процестің оның клиенттеріне барынша ауыр болмауы үшін қолданылады деп болжанады. Кепілдік сақтандыру компаниясын тарату кезеңінде оның барлық міндеттемелері басқа сақтандыру компаниясына берілгенге дейін қолданылады. Бұл түзетулер алушылардың қордан өз ақшасын уақтылы алуына мүмкіндік береді.
Заң жобасы сақтандыру нарығының одан әрі толыққанды дамуы үшін жағдайлар жасауға бағытталған басқа да бірқатар түзетулерді көздейді.
Ұжымдық еңбек нәтижесі
Ұлттық Банк төрағасы Мәжіліс депутаттарына заң жобасын жұмыс тобы қараған кезде топтың оны жақсартуға бағытталған жұмысы үшін алғыс білдірді.
– Үкімет заң жобасын Мәжіліске енгізгеннен кейін жұмыс тобының шеңберінде заң жобасын жақсарту жөнінде қомақты жұмыс жүргізілді. Жұмыс тобында талқыланған барлық ұсыныстары үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс білдіргім келеді. Мұның азаматтарымызды қорғауды одан әрі күшейте түсетіні сөзсіз, – деп атап өтті Данияр Ақышев.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов жұмыс тобының заң жобасын қарау кезінде шын мәнінде үлкен жұмыс атқарғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, депутаттардың, мемлекеттік органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысы өткен. Депутаттардың 200-ге жуық ұсынысы қаралған. Сонымен бірге үстіміздегі жылғы 2 ақпанда осы заң жобасын талқылау шеңберінде Ұлттық Банктің, орталық мемлекеттік органдардың және сақтандыру нарығы өкілдерінің қатысуымен «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес пен Қаржы және бюджет комитетінің бірлескен отырысы өткізілген.
Мәжіліс депутаты жұмыс тобы қызметінің жалғасатынын және заң жобасын екінші оқылымға қарауға дайындау шеңберінде құжат депутаттар айтқан ұсыныстар мен ескертулер ескеріле отырып пысықталатынын атап өтті.
– Бүгін әріптестер сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, сақтандыру жағдайларын жақсарту және халық пен бизнес үшін сақтандыру өнімдерінің құнын төмендету, сақтандыру нарығында әділ бәсекелестікті дамыту және т.б. жөніндегі мәселелерді көтерді. Екінші оқылымға дейін жұмыс тобының отырыстарында біз бұл мәселелерді әзірлеушілермен, сақтандыру нарығының қатысушыларымен бірлесіп мұқият қараймыз және заң жобасының тиісті нормаларын пысықтаймыз, – деп қорытындылады ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашева да палатаның отырысында заңнамалық түзетулердің жобасын толық қолдайтынын мәлімдеді. Парламент депутаты заң жобасының сақтандыру секторын реттеудің кейбір проблемаларын жоюға, оның тиімділігін арттыруға және халық тарапынан сенім деңгейін ұлғайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Біз қарастырып отырған заң жобасы сақтандыру ұйымдарын құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, сақтандыру нарығы қатысушыларының қызметін қадағалау тәсілдерін күшейту мақсатында әзірленді. Бұл ұлттық сақтандыру нарығын нығайтуға және сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Өтемдік, жинақтау және инвестициялау функцияларын орындай отырып, бұл сегмент экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге тиіс, – деді Снежанна Имашева.
Сақтандыру – қаржы секторының әлеуеті өте жоғары, болашағы бар саласы. Осы бағыттың табысы көптеген факторларға, оның ішінде заңнамалық базаны дамытуға, салық-бюджет және ақша-кредит саясатының тиімділігіне, көрсетілетін сақтандыру қызметтерін қадағалау сапасына, қаржы ұйымдарының жай-күйіне және т.б. байланысты.
Бұл жұмыстың Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі күшейіп отырған ықпалдасу процестерінің аясында, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты ерекше маңызы болады.
2020 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі шеңберінде өтпелі кезең аяқталатыны белгілі, ол аяқталған соң елде бірқатар талаптарға сәйкес келетін шетелдік сақтандыру компанияларының тікелей филиалдарын ашуға рұқсат етіледі. Бұл нарықтағы бәсекелестік деңгейін арттырады және отандық компаниялардан осыған барынша даяр болуды талап етеді.
– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ықпалдасу процестері жағдайларында және жаһандық үдерістерде, сондай-ақ еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты сақтандыру нарығын дамыту өте маңызды процесс болып табылады. Сонымен бірге, сақтандыру талаптарын жақсарту, адал бәсекелестікті дамыту, сақтандыру қызметтерін алушыларды қорғау мақсатында заң жобасының кейбір нормаларын пысықтау қажет. Бұл ретте заң жобасында кейбір нормаларды нақты тұжырымдау да керек. Бұл болашақта сақтандыру қызметін реттеуге, сақтандыру нарығы қатысушыларының мүдделерін қорғауды күшейтуге және сақтандыру нарығындағы проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс депутаты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бақытбек Смағұлов та Ұлттық Банк әзірлеген заңды қолдады, оның нормаларының «қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және оларды іске асырудың тиімді тетіктерін құруға мүмкіндік беретінін» атап өтті.
Ол онлайн-сақтандыру тетігін енгізу перспективаларына ерекше тоқтады, оның «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін айтты. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты шетелге шығатын, өз проблемасымен өзі қалмауға тиіс туристерді сақтандыру жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Депутат сөзін аяқтай келе, Мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның ішінде Үкімет пен Парламенттің жұмысында пайдалану туралы тапсырмасының іске асырылып жатқанына қанағаттанатыны туралы пікір білдірді.
– Лауазымды жауапты қызметте жүрген азаматтардың осы орайда бірінші үлгі болуы керек деп ойлаймын. Данияр Талғатұлының бүгінгі баяндамасы өте жақсы дайындалған. Еліміздегі ең маңызды ұлттық мекемені басқаратын азаматтың Президенттің әрбір сөзін толық құптайтын азаматтардың қатарында болғаны абзал және алдағы уақытта да мемлекеттік тілді меңгеруге атсалысады деп сенім білдіремін, – деді Бақытбек Смағұлов.
Бетті дайындаған Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»