Еліміздегі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 104-бабы бойынша әйелдерге түсік жасатуға рұқсат берілген. Онда түсік жасаудың заңдық нормалары да көрсетіліпті. Ешқандай себепсіз, әйелдің өз қалауымен жүктіліктің он екінші аптасына дейін аборт жасауға болады. Әлеуметтік көрсетілімдер бойынша жиырма екінші аптаға дейін, ал жүкті әйел мен шарананың өміріне қауіп төндіретін медициналық көрсетілімдер болса жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасанды түсік жасалады.
Жүктілікті жасанды түрде үзуге рұқсат беретін медициналық көрсетілімдер мен әлеуметтік айғақтар 104-бапқа сәйкес Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қазандағы №626 бұйрығымен бекітілген «Жүктілікті жасанды түрде үзуді жүргізу ережесінде» көрсетілген. Медициналық айғақтар дегеніміз – әртүрлі аурулар, инфекциялар, тағысын тағы... Мұндай жағдайда жасанды түсікті ана да, дәрігер де шарасыздықтан жасайды. Алайда, ережеде көрсетілген түсік жасауға рұқсат беретін әлеуметтік айғақтарды көргенде адам еріксіз ойға қалады. Әлеуметтік айғақтар: осы жүктілік кезінде зайыбының қайтыс болуы, әйелдің немесе оның ерінің еркінен айыру орнында болуы, әйел немесе оның жолдасы бекітілген тәртіппен жұмыссыз деп танылса, некеде тұрмайтын әйел, ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу туралы сот шешімі, зорлаудан кейінгі жүктілік, әйел босқын мәртебесінде болса немесе көшіп келуге мәжбүр болған жағдайда, отбасында мүгедек баланың болуы, жүктілік кезінде некенің бұзылуы, көп балалылық, кәмелет жасқа толмаған шақ.
Жоғарыда айтылған жағдайлардың бірі басында болса, кез келген әйел акушерлік есеп бойынша 22 апталық баласын емін-еркін өлтіре беруіне болады. Бұған біздің заңнама осы 104-баппен рұқсатын берген. Мәселен, некеде тұрмайтын әйел қалағанынша ойнап-күліп, жүкті болып қалып, ә дегеннен алдырмай жүріп қалды делік. Мейлі, баланың барлық мүшелері жетіліп, жан еніп, қимылдағаннан кейін-ақ алдыра салады. Біраз уақыттан соң баяғы әдетіне басып, қайтадан көтеріп қойса, тағы түсік жасатады. Бұған да ешқандай шектеу жоқ.
Жұмыссыз болсаң да ішіндегі дені сау балаңды өлтіре беруіңе болады. Отбасылы әйел күйеуімен тату-тәтті кезінде үлкен үмітпен бала көтерсе, бірақ, содан кейін шаңырақ шайқалса, баяғы өзі қалап, өзі тілеп көтерген баласын, бұл уаққа дейін өсіп, жарық дүниеге келуге дайындалып жатқан шаранасын өлтіріп тастай салса оған ешкім «қой» демейді. Өйткені мемлекет әйелге некесі бұзылған жағдайда іштегі шаранасын өлтіруге заңмен рұқсат берген. Нәресте неке бұзылмай тұрып өмірге келіп үлгерсе үлгергені, онда сот әке-шешенің біріне алимент жүктейді. Үлгермей қалса, ол бала мүлде тумауы да мүмкін.
«Еліміз жасанды түсік жасату бойынша қалайша әлемде алдыңғы қатарда?» деген сауалға жауап іздегенде оны осы 104-баптан, ондағы әлеуметтік айғақтардан көруімізге болады. Сондықтан әлеуметтік айғақтар халықтың, депутаттардың талқысына салынып, қайта қаралуы тиіс деген ойдамыз. Абортқа мүлде тыйым салынбаса да, тым болмағанда оған рұқсат беретін әлеуметтік айғақтарды азайтып, әйелдердің заң алдындағы жауап-
кершілігін арттыру қажет. Сонда ғана жүгенсіз кеткен нәпсіқұмарлар арсыз әрекеттерін азайтып, іште үнсіз жылаған шарананың көз жасы тыйылар, бәлкім.
Нұрбану КАМАЛ,
журналист