– Бозкілемді жұмсақ креслоға айырбастау қиынға соқпады ма?
– Жо-ға, бұған дейін бас бапкерлік қызметте болдым ғой. Бұл лауазымның бапкерліктен айырмашылығы ауқымдылығында. Бас бапкер негізінен құрамаға жауап береді, оның өңірлерді аралап, жас спортшыларды іздеуге, жергілікті басшылықпен, мамандармен кездесіп, келіссөздер жүргізуге уақыты жоқ. Одан қалды толтыруға тиіс баянаттар мен күнтізбелік жоспарлар секілді құжаттары да көп. Сондықтан бас бапкерлікпен өзімнің бозкілемдегі даярлығымды қатар алып жүру маған қиынға соқты. Ал жаңа қызметімде жүріп-ақ, күресті жалғастырамын десем, жаттығу жасауыма уақыт та, мүмкіндік те табылады.
– Бұл енді сізді жанкүйерлер әлі де жарысқа қатысушы ретінде көріп қалуы мүмкін деген сөз ғой?
– Бүгінге дейін өмірімнің саналы бөлігін спортқа арнағандықтан, спорт залдарына баруды доғармайтыным анық. Қыздардың жаттығуларына да қатысып тұрамын. Өздеріңіз білетіндей, аңыз спортшы Дәулет Болатұлы да уақытының тығыздығына қарамастан балуандардың дайындық жұмыстарына арнайы келіп, өз тәжірибесін бөлісіп отырады.
Әлемдік күрестің Азиядағы дамуына жауап беретін Дәулет ағаның арқасында ережелердің қолайлы болуына атсалысып жатырмыз. Мен де әйелдер күресі бойынша комиссия мүшесімін. Бапкерлер, мамандардың барлығы жан-жақтан өтініш жазуда. Осының бәрін халықаралық ұйымға жеткізіп, олар өз кезегінде дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Ойымыз жүзеге асып жатса, Токиода қыздарға неге көмектеспеске?!
– Қай салмақта күресуіңіз мүмкін?
– Лондонда 72 келіде бақ сынасам, Риода 75 келіде өнер көрсеттім. 76 келі Олимпиялық салмақ саналады. Маған ыңғайлысы осы.
– Жұбайыңыз әрі бапкеріңіз бұл шешімді қалай қабылдады?
– Ол мені қай кезде де қолдап келеді. Спортшыға жеке өмір мен спортты қатар алып жүру оңай емес. Ойың сан-саққа бөлініп, не анда, не мұнда жоқ болып жүруің мүмкін. Ана атанып, спортқа оралатын қыздар бар. Әркім өз мүмкіндігіне қарайды ғой. Бірақ бұл өте қиын. Әзірге баламыз жоқ. Бұдан былай жеке өмірге, отбасыма көңіл бөлуге уақыт табылатын болады. Жарақат та көп. Ал жұбайым өзге спортшыларды жаттықтырып жүр. Мен де күрестен кеткен жоқпын, көмек қолын созуға қашан да дайынмын.
Вице-президент ретінде ірі, маңызды жарыстарға қатысуға міндеттімін, бірақ спортшы секілді тоғыз ай бойы жаттығу залында жүрмеймін. Рио Олимпиадасынан соң туған-туыстарды көріп, қонаққа бардық, біраз дем алып, күш жинап алдым. Енді Токио олимпиадасына дейін көп шаруа күтіп тұр.
– Өзгерістерге қатысты жоспарыңыз да бар шығар. Енді солар туралы айтсаңыз...
– «Адамның емес, Алланың айтқаны болады» дейді. Біз тек осылай жасасақ деп жоспар құрып, ниеттенеміз. Бұйыртса, менің бұл қызметке келуім еліміздегі әйелдер күресіне жаңа дем береді деп ойлаймын. Күреспен шұғылдануға, бапкерлікке қыздардың мейлінше көбірек келгенін қалаймын. Өз басым қолдау көрсетемін. Күрес пен боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастаймыз деудің тағы бір себебі Халықаралық олимпиада комитеті гендерлік саясатқа қатты көңіл бөліп жатыр. Сондықтан әйелдерді де төртжылдықтың бас додасына апаруға шешім қабылданды. Ендеше танымал балуандардың жоғары лауазымды қызметке тағайындалуы ХОК алдында да мәртебе. Әзірге күреске келетін қыздар саны көңіл көншітпейді. Ол үшін алдымен балалар бапкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Су түбінде жатқан бағалы тасты көретіндер – осы балалар бапкерлері. Сол кезде ғана сырттан спортшы алдырмай, өз «өнімдерімізбен-ақ» мықтылығымызды мойындата аламыз. Әзірге бұл салаға жақсы деген баға қоя алмайсың.
– Бапкердің біліктілігін арттыру үшін алдымен оны осы қызметке тарту керек шығар. Себебі біздегі мамандар айлықтың төмендігін, жағдайдың жоқтығын айтып, отбасын асырау үшін басқа салаға кетіп жатады. Бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатыр ма?
– Менің ойымдағыны дөп бастыңыз. Күресті дамытуды аймақтардан бастау керек. Себебі ірі қалаларда балалар қатысатын үйірмелер онсыз да көп. Бокс федерациясы кезінде осы үрдіс бойынша жұмыс істеп, қазір қай өңірде болсын бәсеке мықты әрі күреспен шұғылдануға аса көп қаражат кетпейді. Оның үстіне таңнан қара кешке дейін тыным таппайтын ауыл балалары күрес, бокс секілді қиын спорт түріне бейім келеді. Бір бозкілем берсең, сол бозкілемнен-ақ талай дарынның шығатынына куә боласың. Ауылдағы төменгі күнкөріс деңгейі қаладан аз екендігін ескерсек, кететін шығын да төмендеу болады. Басымдықты ауыл-аймақтарға беру керек дейтінім сол.
– Бүгінде АҚШ немесе Еуропа елдерінде спорттың жаңа түрлері шығып жатыр. Күрестің, әсіресе, қыздар үшін тартымдылығы жоқ деп санайтындар бар. Сіз бұған не дейсіз?
– Әр елде адамдардың табиғатына, жергілікті ел, жерге, ата-баба дәстүріне сай спорт түрлері бар. Біздің елде бұлар – күрес пен бокс. Қазақ – қашаннан күресіп келе жатқан халық. Көркем гимнастикамен шұғылданғым келсе де, дене бітімім бұл спортқа арналмаған. Кениялықтар ше, жүгіруде алдарына жан салмайды.
Соңғы кездері қыздарымыздың боксқа деген қызығушылығын байқаймын. Спорттың кез келген түрі күрес, ал күресті кез келген спорттың негізі деп білемін. Өйткені балуандар суда да жүзеді, жүгіреді, футбол ойнайды, өзге жекпе-жек түрлерін де меңгереді. Балалар бапкерінің біліктілігі дейтінім, кез келген маман Олимпиада чемпионын тәрбиелей алмауы мүмкін, бірақ балдырғанның бойында қиындықпен күресуді, алға ұмтылуды қалыптастыра алады.
– Өзіңізді жолым болған жан деп айтасыз. Күреске жиырмадан асқан шағыңызда келдіңіз. Соған қарамастан үш бірдей Олимпия ойындарына қатысып, бәрінен жүлдемен оралдыңыз. Ал қазіргі құрамдағы қыздардың сіздің жолыңызды жүріп өту мүмкіндігі қандай?
– Рас, бұл – маған берілген бақ. Талай әлем чемпионаттарында топ жарып, бір Олимпиадаға қатыса алмаған спортшылар қаншама. Маңдайыма жазылғаны осы шығар. Жұбайым да менің ұмтылысыма түсіністікпен қарап, қолдап келеді. Сондықтан кімнің қандай мүмкіндігі барын айту өте қиын. Бұл адамның тағдырына байланысты деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – қыздарымыздың спорттағы ғұмыры неғұрлым ұзақ болуын, денсаулықтарының сақталуын қамтамасыз ету.
Рио олимпадасы алдында Қазақстанның әйелдер құрамасы үш бірдей жүлде алады деп кім ойлаған. Бұл – өз-өзімізге деген сенімнің, қолдаудың арқасында келген жетістік. Рио алдында танымайтын адамдар қасыма келіп, «біз сізді жақсы көреміз, сіздің тілеуіңізді тілейміз» деп жылы лебіздерін білдіріп жатты. Қиын-қыстау уақытта мұның маңызы өте зор. Осындай қолдаушылардың арқасында мен күміс медальға қол жеткіздім. Сондықтан біздің қыздарға да сеніңіздер, қолдаңыздар дегім келеді. Қыздарға «жаттығу, жарыс кезінде аянып қалмаңдар, ең бастысы, жанкүйер алдында арың таза болсын» деймін. Нәтиже міндетті түрде болады.
– Жарты сағат спортпен шұғылдансаң, ақ тер, көк тер болып, өзіңе қарауға шамаң келмей қалады. Ал сіз бозкілемде де, өмірде де сұлу қалпыңызды жоғалтпауға тырысасыз. Мұның бәріне қалай үлгересіз?
– Рақмет. Кәдімгідей көңіл күйімді көтеріп қойдыңыз. Қыздарымыз өз-өздерін күтеді, бет-әлпеті, жүріс-тұрысы мен киім киісіне мән береді. Себебі сыртта біз жеке басымыздың ғана емес, еліміздің атынан өнер көрсетеміз. Бізді Манюрова, Сыздықова деп емес, Қазақстан спортшысы деп таниды. Спорттық киімімізге қызыға қарайтындар да көп. Кейбір қарсыластарың сәнбике сияқты әсер қалдырады. Оның жанында алба-жұлба болып, ұқыпсыз қалыпта шығуға дәтің жібермейді. Оның үстіне кез келген қыз бала әдемі болғанды қалайды емес пе, сондықтан уақыт таппасқа амал жоқ. Өзімнен кейінгілерге үлгі болу үшін де сырт келбетімізге қарауымыз керек.
– Ал сізге Олимпиададан Олимпиадаға, жүлдеден жүлдеге ұмтылдыратын, күш беретін не нәрсе?
– Психологиялық тұрғыда Олимпиадада өнер көрсету ауыр. Бұл қысым әр Олимпиада сайын артып отырады. Мінезсіз спортшы болмайды, бірақ әркімнің күшін сарп ету мүмкіндігі әртүрлі. Бірі жалғыз Олимпиадамен шектелсе, енді бірі бірнеше Олимпиадаға қатысып, жүлде алады.
Әйел заты табиғатынан шыдамды. Әсіресе Қазақстанда қыздар үйдің шаруасын да бітіріп, қонақтың да жайын жасап, еңбекке төзімді болып өседі. Ал еңбексүйгіштік спортта таланттан да маңыздырақ.
– Биыл қыздарымызды Азия чемпионаты мен Азия ойындары күтіп тұр. Қазір көңіл күйлері, дайындықтары қалай?
– Дәл қазір дайындық деңгейі туралы айту қиындау. Жаңа ережелерге байланысты жаттығу жүйесін өзгертуге тура келеді. Азия ойындарына дейін бейімделіп үлгереді деп ойлаймын. Олимпиадалық даярлық орталығының базасында күрес академиясы ашылып жатыр. Енді балуандарымыз жыл бойы сол жерде жаттығу жасай алады. Тіпті, шетелдік спортшыларды шақыруға да мүмкіндік бар. Тек жаттығуды тоқтатпаса болды. Бапкерлерге де жаңа белестер ашылып, халықаралық дәрежеде беделі бар, Олимпиада чемпионы атанған көптеген ардагер спортшылардың, тәжірибелі төрешілердің біліктілікті арттыру бойынша дәрістеріне жібереміз.
Өкінішке қарай, жарақат алған бірнеше спортшымыз бар. Катя Ларионова операциядан кейін енді аяғына тұрып жатса, Эльмира Сыздықова ауырлау салмаққа ауысты, оған бейімделуге уақыт қажет.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист