Биыл – Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойы. Әйгілі жыраудың өз заманындағы өзекті деген мәселенің бәрін назардан тыс қалдырмай, олардың шешімін табуға ұмтылған қайраткер тұлға екендігі белгілі. Қарағандылық суретші Айбек Бегалин болса, өзінің туындысында жырауды осы қырынан танытуға күш салған.
Жалпы, көрмеде портреттік жанр жұрт назарына кеңінен ұсынылды. Қазыбек би, Құрманғазы, Абай Құнанбаев, Шашубай Қошқарбаев, Күләш Байсейітова, Қаныш Сәтбаев және Олжас Сүлейменов сынды алаш асылдарының кенептегі кескіндері жұрт назарын өзіне аудармай қоймады.
Көрмеге келушілер қылқаламның айтулы шеберлері Әбілхан Қастеевтің, Қанафия Телжановтың, Гүлфайрус Исмаилованың, Хамза Кикимовтің және басқа да суретшілердің туындыларымен жақынырақ танысты.
Бұл мәдени шарада Мингиш Әбілқасов, Мұрат Қалқабаев, Жүрсін Балкенов сияқты шеберлердің адам баласының ұғымын әлемді тану философиясымен ұшырастыратын метафора және символ тіліне сүйенген туындылары төрден орын тапты.
Сондай-ақ елімізді индустрияландыру тақырыбын қылқаламның көмегімен ашқан Мәжит Байтенов, Михаил Подлесный, Владимир Ким сынды суретшілердің еңбектері де талғамы биік келушілер тарапынан лайықты бағасын алды.
Сонымен қатар көрме аясында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары: Қазыбек би және Бұқар жырау» атты музей сабағы өтті. Оған мектеп оқушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ