Бүкіл әлем бойынша мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар кейінге шегеріліп, үкіметтер бұрынғы міндеттерінен бас тартып жатқан аумалы-төкпелі шақта Мемлекет басшысы осындай батыл бастамаларды қолға алып отыр.
Осылайша Елбасымыз кезекті рет Қазақстан үшін халқының әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып саналатынын іс жүзінде дәлелдеп берді. Тіпті экономикалық жағдайдың еңсе түсірген кезінде де халықтың мүддесі жалпыұлттық күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала берді.
Осы ретте жаңа бағдарламаны шын мәнінде бірегей етіп, маңызын арттыра түсетін бірнеше бөлімдерді атап өткім келеді.
Ең алдымен, бұл бастамалардың дер кезінде қолға алынып отырғанына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, әлі күнге дейін жүз мыңдаған қазақстандық отбасылар үшін баспана мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Енді жаңа «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы көптеген отандастарымыз үшін айтарлықтай тиімді ипотекалық займ алуға нақты мүмкіндік тумақ. Бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыра білсек, әлеуметтік ахуал ғана жақсарып қоймай, тұрғын-үй құрылысының дамуына, экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының ашылуына және жеке кәсіппен айналысудың жаңа мүмкіндіктеріне де тың серпін беріледі.
Салық жүктемесін төмендету бастамасы да халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді тетігі. Мемлекеттің салықты көтермей, керісінше салыстырмалы түрде жалақысы төмен азаматтардың жағдайына түсіністікпен қарауы да үлгі боларлық жайттардың бірі.
Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасы – стратегиялық қадам. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елімізге жоғары білікті инженерлер мен ақпараттық технология және робот техникасы саласының мамандары қажет. Бұл – адам ресурстарына қосылған үлес және жарқын болашаққа салынған инвестиция.
Шағын несие беруді көбейту де кәсіпкерлікті қолдау мақсатында уақтылы қолға алынған шара. Осы бастаманың арқасында тек қалалық қана емес, сондай-ақ, ауылдық жерлердегі мыңдаған қазақстандықтар өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайыздан кем қылмауға бағытталған стратегиялық мақсатымызға тағы бір табан жақындай түсеміз.
«Көгілдір отын» мәселесіне келер болсақ, елді газбен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жоба қуатты экономика жағынан айрықша мәнге ие. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау ісіне де бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры ретінде қарауға болады. Елбасы атап өткендей, егер Астанаға «көгілдір отын» жеткізілсе, тек елордамыздың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге дейін төмендейді. Бұл, әрине, өз кезегінде халқымыздың денсаулығына игі әсерін тигізеді.
Президенттің барлық бастамасы жан-жақты сарапталып, зерделенгенін және оларды жүзеге асыруға нақты қаржылай негіз бар екенін атап өткен жөн. Соның арқасында қазақстандықтар Елбасы тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижелерін таяу жылдарда сезіне алады.
Мемлекет басшысы бұл маңызды бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына жүктеді. Осыған орай Елбасы тапсырмасы партия жұмысының алдағы уақыттағы негізгі міндеті болатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл бастамалар әлеуметтік мемлекет және ұлттық әл-ауқаттың қазақстандық үлгісін қалыптастыру аясындағы маңызды қадам болып табылады. Сондықтан Президенттің стратегиялық бастамаларының орындалуына сапалы бақылауды қамтамасыз ету үшін барлық күшімізді жұмылдырамыз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары