Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

Б.Еламанов: Қуаныш сыйлаған жаңалық

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының Үндеуі Қазақстанның экономикалық әлеуетінің зор екенін көрсетіп,  халықты кезекті рет серпілтіп тастады.

Б.Еламанов: Қуаныш сыйлаған жаңалық

Жеңілдетілген өсіммен ауыл тұрғын­дарына берілетін несиені алатындар саны 14 мыңға жететіні, студенттерге ар­налған жатақханалар салынатыны, қосымша гранттар берілетіні және т.б. халықты Наурыз мерекесінің алдында үлкен қуанышқа бөлегені сөзсіз. Сонымен қатар Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытымен газ құбырын тарту туралы тапсырма бергені де қуанышты хабар болды. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-қуаты артады деген сөз. Сонымен қатар елорданың экологиясы жақсарып, таза отынды пайдалануға мүмкіндік береді. Көптен бері Астана тұрғыны болып келе жатқан біздер де елорда аспанына қысты күндері зиянды қалдықтардың шығып, ауыр иістің тарап жататынын көріп жүрміз. Сондықтан тұрғындар осы мәселені жиі көтеретін еді. Енді сол мәселе шешіліп, жылына 35 мың тоннадай зиянды қалдықтар тарамайтын болды. Елбасы бұл жоба кемінде 2,7 млн адамды экологиялық таза отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деді. Осының өзі үлкен жетістік, толағай табыс қой. Сонымен қатар бұл мәселе көп дегенде 1-1,5 жылдың ішінде шешілетін болды. Барлық елордалықтар бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алғаны даусыз.

Сонымен бірге Президенттің еңбек­ақысы төмен адамдар үшін салықтық жүктемені 1 пайызға дейін төмендету туралы тапсырмасы да өте қуанышты жаңалық болды. Шынында аз табыстан алынған көп салықтан бюджеттің бүйірі шықпайды, есесіне аз да болса еңбекақы иелеріне пайда келтіріп, жағдайын жақсартуына жәрдем береді. Мұның өзі еңбекақының нақты көбеюіне жәрдем жасайтын пайдалы шешім болғалы тұр. Осының арқасында 2 миллиондай адам еңбекақысын арттыра алады екен. Қорыта айтқанда, бүгінгі Үндеу халықты айрықша қуанышқа бөлеген ұмытылмас жаңалық болды.

 

Бекмырза ЕЛАМАНОВ,

Сенат депутаты