Солардың ішінде ең бастысы – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы екендігі даусыз. Елімізде тұрғын үй салу қарқыны жылдан-жылға үдетіліп, өткен жылы 11,2 миллион шаршы метрді құраған рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгенімен, халқымыздың демографиялық өсімі де айтарлықтай болғандықтан, баспана кезегінде тұрғандар саны әлі де көп. Осыған орай Президент «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынып отыр. Яғни тұрғын үй немесе пәтер сатып алушыларға ипотекалық несие жылдық мөлшерлемесі 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен асырылмай 25 жылға берілетін болады. Елбасы ұсынған жаңа бағдарлама баспанадан мұқтаждық көріп жүрген миллиондаған азаматтарға елеулі жеңілдік туғызары хақ.
Екінші бастама – «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтудың» да әлеуметтік маңызы зор. Жалақысы төмен адамдарға салынатын табыс салығының мөлшерін келесі жылдан бастап, 10 проценттен 1 процентке дейін азайту 2 миллионнан астам адамның жағдайын жақсартпақ.
Елбасының үшінші бастамасы – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» да қоғамымызда да, Парламентте де жиі көтеріліп жүрген проблемаларды оңынан шешуге бағытталған.
Төртінші бастама – «Шағын несие беруді көбейту» қажеттігі туралы біз өңірлерде болып, әсіресе, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізгенде үнемі естіп жүрміз. Сондықтан да үстіміздегі жылы осы мақсатқа қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несие алатындардың саны 14 мың адамға жететіндігі – Елбасының, ең алдымен, ауылға деген айрықша қамқорлығы деп санаймын.
Бесінші бастама – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» да – бізге, депутаттарға, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің тұрғындарымен кездескен сайын айтылып, күн тәртібінен түспей тұрған маңызды мәселе.
Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімдерін нығайтып, қанаттандыра түсетін қуатты қамқорлық деп білемін.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты