Руханият • 06 Наурыз, 2018

Ержан хазіреттің елге хаты

1471 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлттық болмысымызға тән дәстүрлі қалыптан жеріп, бабадан жеткен құндылықтарға «бидғат» деп байбалам салатын дүбәралар діңі мықты діннің өзін даңғазаға айналдырып жіберді. Бүгінде онсыз да аз қазақ көп діннің тарауына бытырай түсіп, түсінісе алмай әлек.

Ержан хазіреттің елге хаты

Дін, сенім атаулыға қырғидай тиген кешегі кезге дейін байтақ даланың төрт тарабындағы қазақ қалай сүттей ұйып, қалай тұтаса тірлік етті? Барлығын бір бағытқа қаратып, бір арнаға тоғыстырған ұлағатты ұстаным, селкеу түспеген сенім болатын. Ол – ислам дінінің асыл қағидаттары мен шариғат шарттарының қазақтың ұлттық бол­мы­сымен біте қабысып, ұлт­қа, ұрпаққа тәрбие құралы бола алуы еді. Бұл тәрбиенің басында ұлтқа ұстаз болып, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты айырып, тұтас қазақты шашау шығармай имандылықтың сара жолына бастаған көрнекті дін өкілдері жүрді. Елі соларға иланды, айтқан бір ауыз сөзіне имандай сеніп, илікті, ұйыды, ұйысты. Маңғыстау өңіріндегі ислам ілімін терең меңгерген және оны бала оқытуға, халықты тәрбиелеуге қалтқысыз жұмсаған рухани абыздардың бірі Ермұхаммед (Ержан) Төлегенұлы болатын. Ауылдағы Айдар ишан­ның дәрісін алған шәкірт Ержан Бұқарадағы медресені 1924 жылы ұстаздық мамандығы бойынша бітіреді де, туған өлкесінде ағарту­шы­лық қызметті бастайды. «Ержан хазірет дегенде әуелі адамның ойына сопылық келеді. Бейне бір көңіл сарайларында жаңғырған, жүректен-жүрекке жол тапқан, көмілген иман-бұлақтарының көзін ашқан зікір естілгендей болады. Һәм Ержан хазірет дегенде әз Пайғамбар ғалайкім саламның «Кімде-кім, қай үмбетім ел басына күн туып, нәубет келген заманда, бүліктер селдей ағып, ел ішіне құйын тұрған кезеңде менің сүннетімді қаққан қазықтай берік ұстанатын болса онда жүз шейіттің сауабы бар» деген асыл сөзі ойымызға оралады.

Ержан хазірет дегенде көз алдымызға үстіне әз Пайғамбардан қалған сүннет шапаны мен басына ақ сәлдесін киіп, жүзінен иман нұры үзіліп тұрған әулие ақсақал елестейді. Оның дініне, Пайғамбарға деген опашылдығы мен адалдығы сол, өмір бақи басынан ақ сәлдесін шешпей өтті. Ол басына ақ сәлдесін орап, ел ішіне иман нұрын таратып жүргенде қызылдардың қылышы қынынан қан тамып, талай молда мен ишандар, ахундар мен молда қожалар итжеккенге айдалып кетіп жатқан еді. Ол еліміздегі сопылық ұстанымда тек жергілікті жерде емес жалпы елдегі мұсылманның те­мірқазығы еді. Ержан хазіретті ке­ңестер бір емес үш рет абақтыға жау­ып, масқараламақ болды. Дінді, имандылықты және сопылықты ел ішіне жаюына кедергі келтірмекке бекінді. Әйтсе де, бір Алланың қалауы болды. Ол абақтыда жатса да хазіреті Жүсіп пайғамбардың жолын ұстанып, зынданды медресеге айналдыра білді. Жүсіп пайғамбар Мысыр елінің шартарабынан және түрлі орындардан, сатылардан түскен тұтқындарға Алла тағаладан келген дінді жет­кізіп, олар да абақтыдан шық­қанда еліне имандылықты, көркем мінезділікті жеткізген еді. Міне, Ержан хазірет те абақтыда жатып, қараң­ғы қапастағы чешен, түрік­мен, тәжік, т.б мұсылмандарға со­пылықты дәріптеп, өзіне қол тап­сырта білді», дейді хазірет тура­лы Исламтану (Құран-тәпсір) ғы­лымдарының PhD докторы, Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы Ғұламалар кеңесінің мү­шесі, Нұр-Мүбәрак Египет ис­лам мәдениеті университеті рек­торының ғылыми кеңесшісі Мұхитдин Паттеев.

Терең білімді, қазақ, орыс, араб, шағатай, өзбек, қарақалпақ, татар тілдерінде еркін сөйлеп, математика, тригонометрия және астрономия, жаратылыстану ғылымдарын меңгерген Ержан кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, 1932, 1936 және 1937 жылдары сотталады, татар дәмі таусылмай айдаудан аман оралғанымен, өмірінің соңына дейін арнаулы ұйымдардың астыртын және жартылай жария қадағалауында болады. Сөйте жү­ріп, елдің темірқазықтан көз жа­зып қалмауы, ақ жолдан адаспауы жолында имандылық, ұстаздық бағытындағы жұмыстарын тоқтат­пай­ды. Ол туралы жергілікті халық арасында «қаза болғандарды мұ­сыл­ман шариғатына сай о дүниеге ару­лап аттандыру ісімен айналысты. Өмір бойына өз білімін өсірумен болды, көп жерлерден өзі жетік білетін араб, парсы, ­шағатай тілдеріндегі діни кі­тап­­тарды алдырды. Айналасына а­стыртын түрде білімге ұмтылған аза­маттарды жинады, олармен кез­десу жақын-жуықтық сылтауы­мен немесе +тасасында ұйым­дас­тырылды, көбінесе жасырын жағдайда, түн мезгілдерінде өтті. Діни ғұрыптарды атқаруға, білімді кө­теруге арналған нұсқауларды, кө­мекші құралдарды үнемі дайындап, қолжазба күйінде жасырын таратты» делінеді.

Сөзге сараң, есесіне көкірек көм­бесі жауһарға бай, барынша мейірімді, керісінше әділетсіздікке, қиянатқа жаны қас хазірет адам бетіне тура көз салмай, тіке айтып жанды ауыртпай-ақ өте сыпайы әрі тұспалмен сөйлеп тепсінген мен кісімсінгендерді тәубесіне тү­сі­ретін шешендік, көсемдік мі­нез­ге ие болған. Ол айтқан бір ауыз сөз лезде ел арасына тарап, үлкен-кіші, ауыл-аймақ сол сөз­ге тоқтаған. Оның ел арасының ға­на емес, көрші елдермен де тұ­тас­тықты, татулықты басты орын­ға қойғандығын жұрт нақты мы­сал­­дармен дәлелдей жеткізеді. Бұл қасиеттер, адамгершілік мәсе­лесін бас­ты орынға қоятын көр­кем мінез ха­зіреттің өмір бойғы із­де­ні­сінің, ді­ни сауаттылығының, тақуа­л­ы­ғының көрінісі.

Телі-тентекті, жағымсыз мінез-құлықты аз сөзге көп мағына сый­ғызып, салмақты мысалмен-ақ тәртіпке салатын хазіреттің ер­ніне насыбай салуын «тісіме түс­кен құртты қашыру үшін» деп тү­сін­дірген замандасын «Құрт қа­ша­тын жаман нәрседен сен неге қаш­пайсың?» деп тоқтатуы, «Бал ұс­таған бармағын жалайды» деп ара­сында аздап қоғам мүлкін пайдаланып қоятынымыз бар, бұған не дейсіз?» деген колхоз бастығына «қатты шөл қысып келе жатқанда алдыңнан теңіз шықты делік. Сонда бір ұрттайсың, шөлің сәл басылғандай болады, тағы екінші ұрттайсың, сәл жан шақырасың, ал үшінші ұрттағанда бәрін де құсасың. Қоғам мүлкі де сондай, енді қалғанын өзің ақылға салып көрші» деуі шешендіктің, адалдық пен ақылмандықтың айғағы.

Ержан хазіреттің дін жолына адал, қандай қиын кезге тап кел­се де Аллаға берген антынан ауытқ­ымағандығы айыпталып отыр­ған сот отырысындағы жауа­бы­нан да аңғарылады. Сот тәр­­тібіне сай сәлдесін шешуді та­лап еткендерге «Сіздер больше­вик партиясына мүшесіздер, жанқалталарыңызда партиялық билеттеріңіз бар. Бастарыңызға қиын іс түсіп, тығырыққа тірел­ген кезде партбилеттеріңізді суы­рып беруге уәде бермеген шығар­сыз­дар. Мен ислам дінін ұстанатын жанмын, басымдағы сәлде дін­дар­лығымның көрінісі. мен де бұл сәл­дені ұлы Жаратушыға және ұстаз­дарыма уәде беріп, басыма ораған болатынмын, басыма қи­ын­дық үйірілгенде шешемін деген жоқпын. Сол себепті сәлдені басымнан ала алмаймын» деп жауап бергендігі мызғымас иманы мен кәміл адам дәрежесіне, яғни әулиелік мәртебесіне жеткендігінің белгісі дер едік.

Көзінің тірісінде Орталық Азия елдерінің дін өкілдерімен терең бай­ланыста болған және олардың зор құрметіне бөленген Ержан Төлеген­ұлын небір білімді ахун, ишандардың өзі ұстаз санап, Өзбек­стан, Түрікменстан, Әзер­бай­жан, шешенстан, Дағыс­тан елдерінен арнайы қол беріп, пірлену үшін келетін болған. Тіпті көз көріп куә болғандар Ержан хазірет өмірден өткен күні ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды адамдар жан-жақ­тан қаптап келіп, жаназасына қа­тыс­қандығын, олардың қайдан кел­генін, жаманат хабарды қашан, қа­лай естіп үлгергенін ешкім де анық біле алмағандығын айтады.

Хазірет пен оның шәкірттерінің өзара қарым-қатынасына қарап отырсақ, Ержан хазірет ұстанған сопылықтың нақшбанди тарихатында, хазірет ұстанған силсилада ұстаз ретінде алдын көріп, сабағын алып, сауатын ашып, дінді күнделікті тұтынған адамның бәрін шәкірті деп есептей бермей, ұстазының ілімін, жолын, сопылық жолдың талаптарын бұлжытпай орындағандарды ғана шәкірт деп есептегендігі аңғарылады. Молда­ның, дін өкілінің дәрежесіне қарай оралатын сәлденің де үш кез, жеті кез, тоғыз кез деген өлшемдері бол­ған. Қазіргі таңда дінтанушылар «қол беру» жағдайын, «пірлену» ұғы­мын, сондай-ақ сәлдеге қатыс­ты мәселелерді терең зерттеп, ха­лық­­қа түсіндіруі қажет. Өйткені бұл қарапайым жайттар емес, әр­қай­сысының астарында сіз бен біз аңсап жүрген алып сыр, дін мә­селесінде сан тараудың сөзін сө­й­леп салғыласқан бүгінгі ұрпақ үшін қажетті құндылықтар жатқан бо­лар...

Әдебиеттанушы ғалым, марқұм Қабиболла Сыдиықовтың үйінен, артында қалған бай мұрағатының ара­сынан Ержан хазіреттің көне қолжазбалары табылды. Бұл Қаби­б­оллаға ғалым ретінде тір­нектеп жүріп дерек жиғанда кез­дей­соқ тап келген дүние емес, әке­ден қалған қымбат мұра болатын. Әкесі Сыдиық молда Ержан ха­зі­реттің тәлімін көріп, оның ді­ни әңгімесін көп тыңдаған, оған қол берген сырлас жан болған. Сол себепті Ержекең өзінің «Өсиет­нама» және «Иманшарт» қол­жазбаларын Сыдиық досына сый­л­айды. Бұл екі қолжазба дін өкіл­дерін қудалап, халықты діни наным-сенімнен айырып, құдайсыз қоғамға жетелеуді мақсат еткен кезеңнің сыңайын байқаған және ұрпақ үшін, ел үшін уайым еткен Ержан хазіреттің болашаққа хаты деуге болады. Қолжазбалардағы мәліметтер дәстүрлі діннің өзіне үрке қарап, әртүрлі көзқарас пен пікірлер тоғысында тоқырап қалған бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет. Яғни хазірет ұрпағының діни мәсе­ле­д­е әралуандылыққа ұрынып, са­на­лық-рухани дағдарысқа ұшы­­райтынын сезіп, алмағайып шақта қарлығаштың қанатымен су сепкендей жәрдемім тисін деп әдейі жазып қалдырғандай әсер­де боласың. Дінтанушылар, ға­лым­дар хазіреттің қазақ тілін жақ­сы біле тұра, шағатай тілінде жа­зуын кеңестік қадағалаудың әсе­рі деп түсіндіреді. Профессор Д.Кенжетай «Өсиетнамасында» жер­­леу, дұға, мінәжат, зікір, дәу­ір айналдыру, тасбих, тахлил, ке­бін­д­еу, көр қазу шарттары мен ерек­шеліктеріне дейін тәп­тіш­теп жазып мұра қалдырған екен. Онд­ағы на­қышбандия зікір ерек­ше­ліктерін де түсіндіріп кеткен. «Даст би кар, дил би Йар», яғни «Қол істе, көңіл Жарда» ұстанымына қоса, Алланы еске алудың артықшылықтарын талдап беріпті. Әйгілі сопылық жол­дағы төрт зарб, яғни «ла илаха илла Алла» зікірінің салу тәртібін де өсиет еткен.

Ол кісінің соңында қалған бір­шама кітаптарына қарай отырып, ол кісі өз замандастарына қазақтың дәс­түрлі діні аясында насихат жүр­гізгенін, діни білімнің алғашқы сатыларын үйреткенін көруге болады. Ержан хазірет халыққа діни білім бергенде «Иманшарт» кітабын пайдаланған. «Бұл кітап – әрбір мұсылманға қажет, білуі тиіс қағидалар жинағы. Одан әрі тереңдеп баруға мүмкіндігі бол­маса да, басқан әр қадамы ба­қы­лауда тұрса да халықтың жүре­гіне иманды өзінің іс-әреке­ті­мен ұялатуға күш салғанына куә боламыз» десе, өлкетанушы А.Еділхан «Ержекең жайлы естіп жүргендеріміз енді абызымыздың өз қолымен жазылған еңбектері арқы­лы расталып, әрі қарай те­рең­дей түсті. Дінбасымыз қа­сиетті Құран Кәрімнің жалпы ба­ғыттары мен шариғаттың, сүн­нет­тің нақты талаптарына өте ж­о­ғары мән бергендігіне, ол қа­ғи­даттарды қастерлеу дәре­же­сіне көтергендігіне көз жеткізіп отыр­мыз. Намаз оқудың тәртібіне көп көңіл бөліпті. Жаназа әдебін басынан соңына дейін әрбір жоралғысына жеке-жеке тоқталып, қаза бар жерде кездесетін жағдай­лар­дың әрқайсысына бөлек-бөлек түсініктеме беріп, әрбіріне арнайы нұсқау көрсетіпті. Осы ба­ғыттардағы бүгінге дейін бір шешімге келе алмай жүрген мәсе­лелеріміз ендігі жерде өз орын­дарына келетін сияқты. «Иман­шарт» – бұрын-соңды бізге кез­деспеген, көріп жүргенімізден әлде­қайда терең дүние. Мұнда сұраққа жауап кезінде силсилаңды да көрсетуді міндеттепті, әрі ислам әле­міндегі ірі-ірі силсилаларды атап көрсетіпті» деп бағалайды.

Хазіреттің «Өсиетнамасы» мен «Иманшартын» аса құштарлықпен қолға алып, қызығушылықпен оқыдық. «Өсиетнамада» өлікті жерлеуге дайындау, кебіндеу, әйел адамды және сәбилерді кебіндеу, дәуір айналдыру мәселелерін қолға ұстатқандай баяндай келіп, «өлікке бірінші түннен қатты түн болмас» деп бұл күні жасалатын шаруалар мен оқылуы тиісті «Қорқыныш
баяны» туралы түсіндіреді. Сондай-ақ өлікті жерлеп келген соң сауабын марқұмға бағыштап «Исқат» намазын оқу жайын жеткізеді. Зікір салуды «тілді таңдайға қат­ты жабыстырып ерінді байлап, жү­рек­ке назар аудару керек, себебі жү­рек барлықтың ұясы, жүрек Алланың назары түсетін жер» деп нақтылайды.

«Иманшартта» азан шақыру, ораза ұстау, ауыз бекіту және
ауызашар дұға-ниеті, жұма намазы, Құрбан айт ниеті, Қадыр намазы, жаназа намазы туралы қолға ұстатқандай айта келіп, шариғат шарттарын баяндайды, сұрақ-жауапқа кеңірек орын береді. Сопылық ілімге терең бойлаған хазірет имам Ағзамның жолына беріктігін танытып және оның үлкен тәлім мектебі екендігін меңзеп, философиялық, ислами тұжырымдарын тілге тиек етеді.

«Мәселе: Хазірет Имам Ағзам­нан риуаят етілген. Ел (өздеріне) имам ұстағанда (тағайындағанда) ол имамнан төрт мәселені сұрасын. Егер ол мәселелерін орындаса, оған ұйы­сын, ал егерде орындамаса аулақ болсын, артына ұйымасын. Ол мәселелердің біріншісі мынау: «әй имам! Бұл намазды өзің үшін өтедің бе, әлде ел үшін өтедің бе?» дегенде, егер «намазды өзім үшін, ниетім ел үшін» десе, онда орындағаны болады. Екінші мәселе мынау: бір жамағат «біз саған ұйыдық, сен кімге ұйыдың» дегенде, егер имам «мен Мұхаммед мұстапаға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйыдым» десе онда орындағаны болады. Үшінші мәселе мынау: «біз жама­ғат имамға сені ұстадық, сен кімді ұста­дың?» дегенде, егер имам «мен Құранды ұстадым» десе, онда орын­дағаны болады. Төртінші мәселе мынау: «жамағаттың намазы сенімен бітті» дегенде, егер имам «ілімдікпен және хазірет Пай­ғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен бітті» десе, онда орындағаны болады, бітті». Бұл – нақты айтқанда, имам тағайындаудағы талап. Жалпы алғанда, дінтанушылар алдында қос қолжазбаны ғылыми тұрғыда талдап, халыққа түсіндіру жұмыстары тұр.

«Иманшарт» пен «Өсиет­на­ма­дан» басқа хазірет пайдаланған «Ша­риғат» және «Намаздағы дұға­лар» атты таза араб тіліндегі екі әдебиет те табылды. Ешқандай бұрмалаусыз, қоспасыз, әсіресіз аударуды мақсат еткен азаматтар шағатай тіліндегі «Өсиетнама» мен «Иманшартты» аударғанмен, араб тіліндегі соңғы екі мұраға «қол ти­гізген» жоқ. Сәтті күні бұл екеуі де қазақ тілінде «сөйлейді» деген үмітті қуаныш бар. Олар арқылы біздің діни танымымыз кеңейіп, жоғымыз түгенделіп, тағылымды мағлұматқа қаныға түсетінімізге сенім мол.

Өзіне дейін небір дін абыздары жү­ріп өткен, әбден қалыптасқан жә­не күмәнсіз, кіршіксіз дәстүрлі дін­нің даңғыл жолымен жүріп, сол жолды ұрпаққа жазып қалдыр­ған Ержан Төлегенұлының қол­жаз­балары ұрпақ үшін, ұлт үшін қа­жетті жазбалар. Тәжірибелі тәр­­жімашы, дінтанушы азамат­тар­дың араласуымен қазақ тіліне ау­да­рылған қолжазбалар кітап ретін­де басылып, халыққа жол тар­туы үшін баспада жатыр. Шет­тен оқып келіп, ел ішін алатайдай бүл­діргендерге емес, қазақ топы­ра­ғында туып, өсіп-өніп, бойына байырғы бабалардың ұлағатын, тағылымын сіңірген және оны ұрпағына ұластырған хазірет баба­ға сеніп, ол сілтеген жолмен жүр­сек қой дейсің. Осы орайда құнды жазбаны басшылыққа алып, бұған дейін кеткен қате мен бүгінге дейін түсініксіз болып келген жайларды жолға тү­сіру үшін құзіретті орындардың бел­сен­ді қаракеті, сондай-ақ Ержан хазі­рет ұстанымы, яғни силсиласы, ұс­таз­дары мен шәкірттері, жалпы ха­зі­рет­ке қатысты мәселелерге, де­ректер­ге теологтар мен ға­лым­дар­дың жет­кілікті назары, зерттеу ең­бек­тері қажет-ақ.

Ержан хазірет тақырыбы – шағын мақалаға сыймайтын, өз алдына зерттеу мен зерделеуді қажет ететін тақырып. 1966 жылы өмірден өткен ол өзіне дейінгі асылдардың тұяғы, бүгінге дейін көне мен кешені жалғастырушы буынның көрнекті өкілі деп келсек, қолжазбалары арқылы көнені кешеге шендестіріп қана қоймай, кеше мен бүгіннің арасына алтын көпір болғандығын мойын­дауға тура келеді. Оның бойынан имандылықтың лебі есіп, тақуалықтың тазалығы аң­қып, жан-жағын білімділікпен, парасат­ты­лықпен баурады және баршаны соған баулыды. Қоршаған ортамен қарым-қатынас, өзін-өзі ұстау, сөйлеу, тәрбие, үлкендік қа­сиет пен кішілік ізет, ақсақалдық даналық, өзге де адамға, соның ішінде мұсылманға тән мәдени асыл қасиеттердің көмбесіндей болған оның өмірі, қасиет-қабілеті, діни ілімі мен үлгі-өнегесі бүгінгі буынға, ертеңгі ұрпаққа тура жолды сілтеген темірқазық бола алары анық.      

P.S. Бет қатталып жатқанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінен орталық директоры, А.Әбдірәсілқызынан Ержан хазіреттің «Иманшарт» және «Өсиетнама» қолжазбаларына қатысты сараптамалық пікір келіп жетті. «Рухани жаңғыру үдерісі жаһандық деңгейде өрістеп отырған, сонымен қатар діни негіздегі шетін құбылыстар мен радикалдану үдерісі белең алған заманауи ахуал жағдайында уақыт сынынан өтіп, бүгінгі қоғамның рухани тірегіне айналған дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды қайта безбендеу, рухани мұраларды жіті сараптай отырып, қазіргі қоғам игілігіне жарату, экстремистік және радикалды идеологияның алдын алу шараларына кеңінен пайдалану – кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда Ержан хазірет Төлегенұлының «Иманшарт» және «Өсиетнама» атты еңбектері қазіргі қоғамның рухани сұраныстарын қанағаттандыруда өзіндік маңызға ие. Хазірет туындылары Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабы, матуриди ақидасы негізінде жазылған дәстүрлі діни танымымыздың төлтума мұраларының қатарынан орын алады.

...Дәстүрлі рухани-діни таным мен мәдени құндылықтарды жаңғыртуда елеулі маңызға ие Ержан хазірет Төлегенұлының «Иманшарт» және «Өсиетнама» еңбектерінің мазмұны Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамаларына, соның ішінде діни қатынастар саласын реттейтін заңнамаларға қайшы келмейді» делінген.

      

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

 Маңғыстау облысы