Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге арналған байқауға және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінім қабылдау басталды. Биыл «Алтын сапа» байқауының ұйымдастырылуында бірқатар өзгерістер бар. Жеңімпаздарға алғаш рет 450 АЕК, яғни 1 млн 82 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталатын болды. Кәсіпкерлер ұтып алған қаражаттан қалауларына қарай халықаралық сапа байқауларына, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өндірушілері арасында өнім мен қызмет көрсету сапасының үздігі байқауына қатысу шығынын өтей алады.
«Алтын сапа» байқауында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге арналған аталым мен «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары бекітілді. Осылайша, биыл отандық 14 компания «Алтын сапа» жеңімпазы атана алады.
– Алматы қаласының өндірушілері әдетте «Алтын сапа» байқауында бірнеше жүлделі орынды иеленеді. Біздің қалада бизнес айтарлықтай дамыған, тиісінше отандық нарықта көшбасшы болып, тіпті үздік экспорттаушы атанған танымал компаниялар да көп, – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Любовь Алексеева.
«Алтын сапа» байқауына заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Байқауды ұйымдастырушылар аталым мен санатты таңдауда шатаспауға кеңес беріп отыр.
– Әр аталымда санат бойынша үш сыйлық бар: шағын, орта және ірі бизнес. «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында шағын бизнес субъектісі мүлдем жоқ. Орта мен шағын арасын таңдай отырып, өзіңді шағын бизнеске жатқызған жөн. Ал халыққа арналған тауарлар секторында шағын бизнес өкілдері өте көп. Мұнда сапа менеджментінің жүйесі болғанына аса мән беріледі, – деді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.
С.Әбдікәрімованың айтуынша, байқауда жеке патентті иелену, түрлі ноу-хау дайындау, халықаралық көрме мен байқауға қатысу әрі жеңімпаз атануға басымдық беріледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ