09 Ақпан, 2010

МҰНАЙ ҚҰЮ ЭСТАКАДАСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

1631 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жыл сайын мұнай тасымалының көлемін ұлғайтуға қол жеткізген компания аса маңызды инвестициялық жобаларды да іске асыруға кірісті. Өткен жыл аяғына таман дәл сондай маңызды жобалардың бірі – Атырау мұнай айдау стансасының (МАС) №1 мұнай қотару-құю эстакадасын қайта жаңғыртуды аяқтады. Бір жыл ішінде іске асырылған жаңғырту жобасының нәтижесінде компания заманауи әрі соны техникамен жарақтан­дырылған өндірістік нысанға ие болды. Бұл Атырау қотару-құю эстакадасы терминалы жұмысының технологиялық үдерісін жақсартуға және оның өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұндағы қайта жаңғырту жұмыстарын бас мердігер болып таңдалған отандық “УС-99” басқармасы атқарып, оған жергілікті жерден 120 адам жұмысқа тартылды. – Мұнай қотару-құю эстакадасын жаңғырту – біздің компанияның ең басты жобаларының бірі, – деді “ҚазТрансОйл” АҚ бас директоры Нұрбол Сұлтан Атырау мұнай айдау стансасында өткен салтанатта. – Бұл жоба көп жылдан бері өзара серік­тестік байланысымыз орныққан “Теңізшевр­ойл” компаниясымен бірлесіп іске асырыл­ды. Автоматтандырылған басқару жүйесі бар жаңа қотару-құю эстакадасы технологиялық үдерістердің сапасын жақсартуға, сонымен бірге, мұнай құю қөлемін арттыруға, жүк жөнелтушілер мұнайының сапасын сақтауға жол ашады. Компания алдағы уақытта да осындай инвестициялық жобаларды барлық бағыттағы магистралды мұнай құбырлары желісінде қолға алады. Мұнай айдау стансаларында мұнай құю қуатын арттыруды көздегендіктен, кең көлемдегі жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Эстакада – мұнай тасымалдаудың кез келген ықшам үлгідегі бағдарының бастапқы буыны. Ол темір жол бойына тартылған төрт метрдей биікте орналасқан пайдалану алаңшалары бар эстакада құрылғыларының шоғырын құрайды. “ҚазТрансОйл” АҚ бүгінгі күні “Атырау” МАС-та (екі эстакада), “Шағыр” МҚБ-да, “Атасу” БМАС-та, “Ақтау” БМАС-та орналасқан бес темір жол эстакадасы терминалын пайдаланады. Бұл нысандардың әрқайсысын салу және жаңғырту мұнай тасымалдаудағы сұраныстың артуынан туындап отыр. Мәселен, 2000 жылы қытайлық жүк жөнелтушілердің ҚХР бағытына мұнай жеткізу көлемін арттыруға мүдделі болуына байланысты “Атасу” БМАС темір жол эстакадасы пайдалануға берілді. “Құмкөл” мұнайын жеткізу бағытын әр­тараптандыру мақсатында 2002 жылы қуаты жылына 3 млн. тоннаны құрайтын “Шағыр” мұнай құю бекеті салынып, бұл күндері оның өміршеңдігі дәлелденді. Мұнайды Каспий теңізі арқылы тасымал­дауда да сұраныстың ұдайы өсіп келе жатқаны назарға алынып, “Ақтау” БМАС қосымша эстакадасы кейінгі онжылдықта екі рет қайта жаңғыртудан өткізілді. 2001 жылы іске асырылған бірінші жаңғыртудың нәтижесінде қатып қалу температурасы жоғары “Құмкөл” мұнайын темір жол шандарынан құйып алуды жыл бойы жүргізуге мүмкіндік туды. Ал 2003 – 2005 жылдары жүргізілген эстакаданың өткізу қуатын кеңейту және арттыру мақсатындағы кең ауқымды жұмыстардан кейін темір жол шандарынан құйып алып, одан әрі танкерлерге құйылатын мұнай көлемін екі есеге ұлғайту мүмкін болды. 1969 жылы салынған “Атырау” МАС №1 эстакадасында алғаш рет Маңғыстау түбегі­нен өндірілген мұнай құйылған еді. Содан бері мұнай құю жұмыстары үздіксіз атқа­рылып келеді. Бұл эстакаданы алғашқы қайта жаңғырту “Құмкөл” мұнайын құю үшін 2001 жылы жүргізілген еді. 2009 жылы жаңғыр­тыл­ған мұнай құю эсткадасы жүйесін жаң­ғырту “Теңізшевройл” ЖШС-ның осы тер­минал арқылы “Теңіз” мұнайын ауыстырып құю көлемін көбейтуімен байланысты іске асырылды. “Атырау мұнай құбырлары” бас­қар­­масының бастығы Саркис Снхчянның ай­туынша, енді бір мезгілде 60 темір жол шанына қызмет көрсетуге арналған терми­налда жаңғырту үдерісінде бұрынғы мұнай құю қондырғылары озық халықаралық стан­дарттарға сай келетін замануи қондырғы­лармен ауыстырылды. Енді мұнай құюды SCADA жүйесі арқылы бақылап отыруға, қа­жетті өлшеу және есептеу жүргізуге, жөнелту құжаттарын ресімдеуге мүмкіндік беретін үдерісті автоматты басқару жүйесі енгізілді. Автоматтандырылған бағдарлама­лық-техникалық кешен мұнай құюды, жабдықтың өнім­ділігін сатылап реттеуді, апаттық өл­шемдерді бақылауды, өнім массасын өлшеуді және басқа да көптеген істерді автоматты түрде жүзеге асырады. Нысанда өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту үшін эстакадалық қорғаныш іс-шараларын өздігінен орындауды көздейтін автоматты өрт сөндіру қондыр­ғысымен, сондай-ақ, басқару мен дабылдың қа­шықтан және жергілікті басқару түрле­рімен жарақталған. “Атырау” мұнай айдау стансасындағы №1 эстакада, сұйыққойма паркі және паркішілік қосалқы құрылымдары жүк жөнелтуші мұнайының сапасын сақтауға мүмкіндік беретіндігі атап айтуға лайық. “ҚазТрансОйл” АҚ магистралды мұнай құбырлары жүйесін жүк жөнелтушілер қажеттіліктеріне сәйкес жан-жақты дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып келеді. “ҚазТрансОйл” АҚ бұл жетістіктерімен шектеліп қалмақ емес. Таяу болашақта тағы бірнеше ірі жобаны іске асыруды көздейді. Оның ішінде “Атырау” мұнай айдау стансасындағы №2 эстакаданы жаңғыртуды жүргізбек. Бұл №1 эстакаданы жетілдірумен бірге, МАС-тағы мұнай құю торабына толық қайта жаңғырту жүргізуді жалғастыруға және оның өткізу қуатын едәу­ір арттыруға мүмкіндік береді. “ҚазТранс­Ойл” АҚ басымдық мақсаттағы осындай жобаларды іске асырумен қатар, жыл сайын мұнайды барлық бағыттағы тұтынушыға іркіліссіз әрі уақтылы тасымалдауды қам­тамасыз ететін сенімді де серіктес екендігін дәлелдейді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.