Еліміздің өнеркәсіп орталықтарын энергиямен қамтамасыз етудегі сенімділік пен сапаның артуы – «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» акционерлік қоғамының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында жеткен жетістіктеріне қосқан өзіндік үлесі саналады.
Ел тарихындағы осы мерейлі мерекені мыңдаған қызметкері бар ұжым – электр энергетикасы инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жобаларды табысты жүзеге асырумен қарсы алып отыр. Бүгінгі күні мемлекетіміздің энергетикалық жүйесі әлемнің озық елдерімен терезесі тең әрі технологиялық тұрғыдан да табысты жұмыс істеуде. Жаңадан іске қосылған аймақаралық электр жеткізу желілері өндірісті аймақтардың тұрақты дамуына жол ашып, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып отыр. Осы орайда біз электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық компанияның құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңдері туралы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан ҚАЖИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, алдымен өзіңіз жетекшілік етіп отырған жүйелік оператордың алғаш құрылған сәті мен Тәуелсіз Қазақстанның электр энергетикасы саласын қалыптастыру кезеңінің өзіндік ерекшеліктері туралы айтып өтсеңіз.
– 1991 жылы Қазақстан еншісіне тиген Ұлттық электр торабының құрылымы (бұдан әрі – ҰЭТ) КСРО-ның біртұтас энергия жүйесінің бір бөлігі ғана болатын. Осы бір аумалы-төкпелі заман одақтың бұрынғы тұрғындары мен қазақстандықтар үшін электр жарығының жиі сөнуімен және қараңғылыққа оранған қала көшелерімен есте қалары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі – ҚР БЭЖ) оқшауланған тәртіпте жұмыс істеуі әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық жағынан да біршама қиындықтар туғызды.
Еліміз егемендігін алған уақыттағы саяси өзгерістер энергетика саласына толықтай әсерін тигізді. Бұған мынадай мәліметтер дәлел бола алады: Мәселен, 1996 жылы елімізде электр энергиясын тұтыну 1990 жылмен салыстырғанда екі есеге азайып, 100-ден 50 млрд. кВт сағатқа дейін кеміді. Қиындықтың күрделене түсуіне көптеген кәсіпорындардың өздері тұтынған электр қуатына дер кезінде ақы төлей алмауы да себеп болды.
Сөйтіп, қуат көзін өндіруден бастап жеткізіп, таратуға дейін бір орталықтан басқарылатын салада түбегейлі өзгерістер басталды. Өтпелі кезең он жылдай уақытқа созылды, ал 2000 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық саласы қарым-қатынастардың нарықтық жүйесіне көше бастады. Электр энергиясы нарықтық баға бойынша ақы төленетін тауарға айналды.
1996-97-жылдары электр энергиясын өндіру, беру және жеткізу секторларына да құрылымдық өзгерістер енгізіле бастады. Жеке электр стансалары, өңірлік электр желілері мен электр энергиясын сатып алып, өткізетін компаниялар құрыла бастады. «Қазақстанэнерго» ҰЭТ-тың қалған активтері негізінде мемлекетаралық және аймақаралық электр жеткізу желілері мен диспетчерлік қызметті мемлекет өз қарамағында қалдырды. Міне, осылайша 1997 жылы «KEGOC» АҚ Ұлттық компаниясы құрылып, оған 2004 жылы ҚР БЭЖ Жүйелік операторының жұмысын атқару жүктелді.
– «KEGOC» АҚ электр қуаты нарығының барлық қатысушылары үшін төреші ретінде олардың Ұлттық электр торабына тең жағдайдағы қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл торапқа қандай құрылымдар кіреді және компания өзі қызмет атқарған кезеңде қандай жобаларды жүзеге асырды?
– Ұлттық электр торабы (бұдан әрі – ҰЭТ), бұл – 74 қосалқы стансадан, сондай-ақ, жалпы ұзындығы 24 мың шақырымнан асатын кернеуі 220 кВ-тық әрі, одан да жоғары аймақаралық және мемлекетаралық электр жеткізу желілерінен тұрады.
ҰЭТ-қа кіруді ұйымдастыру қызметінен басқа KEGOC компаниясы торап жұмысының сенімді де сапалы болуына, іргелес мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен жүргізілетін өзара іс-қимыл шараларына жауап береді. Компания осы мақсатта электр энергетикасы инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған бірқатар серпінді жобаларды қолға алды. 2000-2010 жылдар аралығын қамтитын қалыптасу кезеңінде «KEGOC» АҚ Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің тікелей қолдау көрсетуімен бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырды.
2009 жылдың қыркүйек айында Елбасының қатысуымен «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік» транзитінің 500 кВт-тық екінші электр жеткізу желісі іске қосылды. Осы ауқымды жобаны жүзеге асыру Қазақстанның оңтүстік өңірін қуат көзімен қамтамасыз етудегі сенімділікті арттырып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түсті.
2009 жылдың ақпанында 500 кВт-тық «Жітіқара – Өлке» әуе желісі іске қосылды, ол Ақтөбе энергия торабын ҚР БЭЖ-мен қосып, өнеркәсіпті өңірдің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Ұзындығы 500 шақырым болатын аймақаралық бұл желі билік пен бизнестің серіктестік шарт талаптарына сай салынды. Құны 20 млрд. теңгеге жуық жобаны «БатысТранзит» акционерлік қоғамы (акцияларының 20% «KEGOC» АҚ-ға тиесілі) біздің компаниямен бірлесе отырып, қазынаның қаржысын шығындамай-ақ іске асырды. Жоба ойдағыдай жүзеге асқандықтан, Ақтөбе облысының тұтынушылары 2009 жылдан бастап Екібастұздан арзан электр қуатын алып, әрі шетелдік жеткізушілерге де тәуелділіктен арылды.
Компания еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған салалық ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келе жатқанын атап өту қажет. Сондықтан мемлекетіміз, Үкімет пен Жалғыз акционеріміз саналатын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» компанияның қажетті өтімділік деңгейін қолдап, жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік кепілдікпен қаржы бөліп келеді.
Осындай қолдау көрсету компаниямызға өткен жылдың желтоқсан айында «Ұлттық электр торабын жаңғырту, 1-кезең» жобасын ойдағыдай аяқтап, жобаның 2-кезеңін бастауға, «Қазақстанның ҰЭТ-қа кернеуі 500 және 220 кВт-тық электр желілерімен қосылатын 500/220 кВт Алма ҚС салу» және «Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру» жобаларын іске асыруды бастауға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Қазақстан энергетиктерінің электр желілерін салудағы қол жеткізген жетістіктері ТМД бойынша өз әріптестері арасында ешқандай күмән тудырмайтын толағай табыстармен ерекшеленеді. Соңғы жылдары жоғары вольтті электр жеткізу желілерінің ұзындығы 1700 шақырымға ұлғайды – жаңа желілер тартудағы мұндай қарқын тек қана дамыған елдерге тән. Осы аталған жобаларды іске асырудың арқасында қызмет көрсету кәсіпорындары құрылды, мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылып, электр энергетикасы саласына қажетті өнімдердің жаңа түрлерін шығару жұмысы жолға қойылды.
– Компания жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – көршілес мемлекеттердің энергия жүйелерімен өзара іс-қимыл жасау, осы саладағы халықаралық ынтымақтастық неден басталған еді?
– 1997 жылы, «KEGOC» АҚ құрылған кезеңнен бастап Ресей БЭЖ-і, Қырғызстан БЭЖ-і және Орталық Азия БЭЖ-інің қатарлас жұмыс істеуін қалпына келтіру үдерісі басталған болатын. Елдің электр энергетикасы саласында жүргізілген қайта құрулар электр энергиясының ашық бәсекелестік нарығын құруға, ақы төлемеу мәселелерін шешуге және шекаралас елдердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қалпына келтірудің алғышарттарын жасауға мүмкіндік берді. Тараптардың ТМД Электр энергетикалық кеңесі аясында өзара іс-қимыл жасауы маңызды рөл атқарды. Осы сала төңірегінде түрлі мәселелер бойынша ортақ қорытындыға келіп, бірлесіп атқарған жұмыстарымызға қатысты бірыңғай шешім қабылдаймыз.
Ұзақ уақыт бойы жүргізілген келіссөздер мен 2000 жылдың 15 маусымында «KEGOC» АҚ пен «Ресей БЭЖ» РАҚ арасында жасалған шарт нәтижесінде Қазақстан БЭЖ мен Ресей БЭЖ арасындағы қатарлас жұмыс қалпына келді, ал 2000 жылы қыркүйекте Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның энергия жүйелері бірікті.
«KEGOC» АҚ-тың 2010 жылғы мамырда ресейлік энергия субъектілерімен: «ФСК ЕЭС» ААҚ-пен, «СО ЕЭС» ААҚ-пен, «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ-пен жасаған жаңа келісім-шарттар топтамасы жұмысымызды жаңа бір сапалы кезеңге көтерді. Бұл келісімдер Ресей мен Қазақстан энергия жүйелерінің үйлесімді жұмысын реттеп, әрі энергетиктерге қос елдің тұтынушылары үшін бірлескен жұмыс артықшылықтарын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге, екі мемлекет басшылары жария еткен бірыңғай экономикалық кеңістік – біртұтас энергетикалық кеңістікті құру жөніндегі интеграциялық үдерістерге жол ашты.
Халықаралық қатынастарға келетін болсақ, ЕВРОЭЛЕКТРИК қауымдастығымен ынтымақтастықта көп тәжірибе алдық, АҚШ Энергетикалық қауымдастығымен байланыс жолға қойылды. 2009 жылдан бастап компанияның өкілдері «KazEnergy» Қазақстан мұнай газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының» құрамында Дүниежүзілік энергетикалық кеңес жұмысына қатысып келеді.
– Бақытжан Төлеуқажыұлы, жалпы KEGOC бренді және акционерлік қоғамы туралы әңгіме бола қалса, көпшілік оған өздерінің оң бағасын беріп жатады. Компанияның жүріп өткен жолы мен алған бағыты қаншалықты табысты болды, осы табыс көзі неде деп ойлайсыз?
– ҚР БЭЖ Жүйелік операторының қалыптасқан және қазіргі таңда қолданылып отырған жұмыс тәсілі уақыт сынынан өткен сәтті жоба. Оның тиімділігіне «KEGOC» АҚ тарапынан Қазақстан ҰЭТ-ты жаңғыртуға тартылған 1 миллиардтан астам АҚШ доллары нақты дәлел. Осы қаражаттың 55 пайызы Еуропа Қайта құру және даму банкінің 2008-2011 жылдар аралығында кепілсіз берген қарыз қаражаты.
2010 жылы «KEGOC» АҚ-тың 2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы бекітілді. Онда Қазақстан БЭЖ жұмысының сенімділігі мен оның тиімді дамуын заманауи талаптарға сай қамтамасыз етуге қатысты Үкімет пен Жалғыз акционердің алдына қойып отырған міндеттерін жүзеге асыру жолындағы компания қызметінің негізгі бағыттары айқындалды.
«KEGOC» АҚ-тың негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті компанияға айналу. Бұл Қазақстан БЭЖ жұмысының сапасы мен сенімділігін, әлемнің үздік электр желілік компаниялары деңгейіне жетуді, акционерлік жарнаның тұрақты өсуін, Қазақстан мен ТМД-да корпоративтік даму деңгейі бойынша көшбасшы болу дегенді білдіреді.
Компанияның теңгерімді, бірақ мақсаты зор инвестициялық бағдарламасы бар. Таяу жылдарда алға қойылып отырған басты міндет – Астана және Алматы энергия тораптарының энергиямен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету. Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік транзитін шығыс өңірлері арқылы одан әрі күшейту және жаңа желілер, оның ішінде мемлекетаралық электр жеткізу желілерін салу.
Ауқымды жобаларды іске асыруға байланысты жинақталған мол тәжірибе, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың электр энергетикасы саласын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі, Үкіметіміз бен Жалғыз акционер тарапынан қажетті қолдау көрсетілуі – «KEGOC» компаниясының болашаққа зор сеніммен қарап, алға қойылған күрделі міндеттерді шешуіне мүмкіндік беруде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ.