Әсіресе, тұрғын халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуына байланысты орындалатын міндеттер мен ынталы адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету облыс, аудан әкімдерінің ендігі жердегі негізгі жұмыс бағытына айналмақ.
Елбасының әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп, аймақта атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындаған жиын Алматы облысында да өтті. Жиында баяндама жасаған облыс әкімі Амандық Баталов: «Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды. Президентіміз оны іске асыру үшін ел экономикасының толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Енді сол бастамаларға нақты тоқталып, атқаратын жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын нақтылап алуымыз қажет», деді.
Аймақта Президент ұсынған 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға толықтай негіз бар. Елбасының әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасына орай жаңа міндеттер айқындалып, бұған дейін де қарқынмен жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысына жаңаша серпін берілмек. Облыс тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары нәтижелі. Әсіресе «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен былтыр облыс өз міндетін 5,7 пайызға артығымен орындап, аумағы 646 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қарқынмен салынып жатқан 184 үйдің 94-інде қоныс тойы тойланып, 494 шақырымды құрайтын инженерлік желі іске қосылған.
– Елбасының 5 бастамасының бірінші бағыты бойынша жасалатын жұмыстар аймақтағы құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкеледі. Қазір облыста пәтер кезегінде тұрған 40 мыңға жуық адам бар. Жеңілдетілген несие тетіктері іске қосылғаннан кейін бұл адамдардың баспаналы болуға деген мүмкіндіктері артады. Үй салу қарқынды жүргізілгенімен, оның бағасының тұрғындарға қолжетімді болуына қатысты үнемі мәселе туындайтын. Өйткені адамдардың ипотека мен несиеге қол жеткізуі қиын болғаны жасырын емес. Ал Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы жерлестеріміздің арманына қол жеткізуге жол ашады, – деді Амандық Баталов.
Елбасы ұсынған бағыттар ішіндегі жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасауды қарастыруға орай берілген тапсырма аймақтардағы өзекті мәселе болатын. Өйткені негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы да төмен екендігі анық. Өңірлердегі орташа айлық жалақының айырмасы да әлеуметтік жағдайдың теңгеріміне әсер ететін-ді. Ендігі жерде Президент ұсынған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік бермек. Алматы облысы да аграрлық салаға арқа сүйеп отырған аймақ болғандықтан, сала еңбеккерлерінің табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасын қуана қабылдағаны анық. Сол сияқты, өңірдегі өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың қарасы әжептәуір. Айлық табысы орташа көрсеткіштен аспайтын олар үшін де үміт оты тұтанды.
Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы да өңірдегі бірқатар өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көңілін бір демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуға қатысты мәселесінің шешімін табуы да оларды қанаттандырады. Қазір облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – Жетісу мемлекеттік университетінің күндізгі бөлімінде 3 мыңнан астам студент білім алуда. Өкінішке қарай, олардың көбі жатақханамен қамтылмаған. Университетке қарасты екі жатақхана да 524 орынға лайықталған.
– Осы жиынға дайындық барысында облыстағы студенттердің жатақханамен қамтылуына қатысты мәліметтерді қарадым. Өкініштісі, бізде жатақхана жетіспеушілігі жоқ деген жалған ақпар берілген. Студенттерді жатын орынмен қамту дегеніміз тек университетке ғана қатысты болмауы керек. Аудандардағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының жағдайы мәз емес. Талғардағы, Талдықорғандағы колледждердің студенттері жатақханаға сыймай, пәтер жалдауға мәжбүр. Елбасы ұсынған бастама осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді жиында облыс әкімі салаға жауапты басшыларға қаратып.
«Шағын несие беруді көбейту» бастамасы да ел ішінен қолдау тауып, нәтиже беретіні анық. Мемлекет басшысы бұл шара, әсіресе ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде Амандық Баталов: «Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік болып табылады. 2017 жылы жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын 840 шағын несие берілді. Қаражаттың жетіспеуінен 3148 адам шағын несие ала алмады. Елбасының бастамасында қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді. Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамти аламыз», деді.
Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстары Жетісу жерінде толыққанды жүзеге асып жатыр деуге әбден болады. Қазір облыстың 11 ауданында көгілдір отынмен қамту жұмыстарының үлесі 50 пайызға аяқталуға жақын. 2020 жылы 10 пайыз табиғи отынға қосылуды мақсат еткен облысқа Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма одан әрі тың серпін бермек. Биылғы жылы Талдықорған қаласы толықтай қосылатын газ құбыры желісін оңтүстік-шығыс бағытқа қарай жалғастырып, орталықтан шеткері жатқан Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына да көгілдір отын жеткізу жұмыстары зерделенбек. Облыс әкімдігі тарапынан Үкіметке тиісті ұсыныс енгізіледі. Осылайша табиғи газ желісіне аймақтағы әр ауылдың қосылуына қол жеткізу таяу болашақтағы міндет болып қала бермек.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы