Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

«Салтанат біздің шамшырағымыз ғой!..»

1256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Осынау көркем сөзді, көрікті де келбетті келген талдырмаш қыздың бет-бей­несін еліміздің көзіқа­рақ­ты кез келген азаматы бір­ден тани қоятыны бар, бір сөзбен айтқанда жақсы біледі... Теледидардан ал­ғаш хабар жүргізгенде Сал­та­наттың иығында ілулі тұр­ған лейтенанттың қос жұл­дызы осы күндері үл­кейе келіп подполковник дә­режесіне жеткен!

«Салтанат біздің шамшырағымыз ғой!..»

Фото: Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Сал­танат Әзірбек автомо­би­ль нөпірі халқының санына тая­ған Алматы шаһарында аса жауапты қызмет атқарады. Әңгімені «көркем сөзді» деп бастауымыздың мәнісі – Салтанатқа жаратылыстың бер­ген сыйы шығар, елде­гі үстем екі тілде де, оның өте көркем де мәнді сөй­лей білетіндігінде. Жасы­ра­­тын несі бар, бүгінде Ал­ма­тыдағы журналис­тер қауымының үлкен ша­һар­дың тыныштығы бей­не осы Салтанат­тың қо­лында тұрғандай сезіне­тіні де бар. Өйткені мегаполистегі қандай да бір тосын немесе төтенше оқиға болсын, алғашқы ақпарат Алматы қа­ласы ІІД ресми өкілі, по­лиция подполковнигі Салтанат Әзірбектің қолы­нан өтеді, БАҚ-қа содан соң жетеді. Салтанаттың сара­бынан өткен қандай да бір деректің шикілігі жоқ, нақты құжат саналады. Бұқаралық ақпарат құралдары 2016 жылғы 18 шілдедегі Алматыда Руслан Күлікбаев жасаған 25 минуттық зұлматта жур­­на­листермен тікелей байл­а­ныста отырып, бірден-бір дерек көзі болғанын әріптестер ұмытқан жоқ...

Ханымдар мерекесі қар­са­ңында «от пен оқтың орта­сында» жүр­ген біздің әріптесіміз Сал­танаттың ерлікке пара-пар әрбір жауынгерлік іс­тері туралы жазу кез келген тілшіге еш қиындық ту­дыр­масы ақиқат. Шыны со­лай! Ол нағыз әмбебап ма­ман, нағыз офицер, құ­ра­лайды көзден атқан мер­ген, департаменттегі нә­зік жандылардың алғы шеп­те­гі жетекшісі... Әйтсе де, өзінің есімін атауды жөн көр­ме­ген онымен қызметтес бір офи­цердің Салтанат туралы таза адам­гершілік қағидаттарына қа­тысты айт­қан бір әңгімесі жадымнан еш шығар емес...

Ұлы Жеңістің 70 жыл­ды­ғының қарсаңы екен. Екі мәрте Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атақты әс­кери ұш­қыш Талғат Бигел­ди­новтің жұбайы қалалық ІІД-не Салтанатты іздеп ке­леді. «Айналайын Сал­танат, (Ол кезде 90-ның тө­рін­дегі Батыр ағамыздың кө­зі тірі, – авт.) ағаларың қа­лада «Нивасымен» арлы-бе­рілі шаруамен шауып жүр­генде жол ережесін байқамай бұзып, бірнеше мәрте бейнекамераға түсіп қалыпты. Үйге 38 мыңдай теңге айыппұл келіп тұр. Соны жеңілдікпен жоюдың жолы болмас па екен?!» Салтанат орнынан атып тұ­рып, апайды орындыққа жай­ғастырады. «Талғат Би­гел­динов ағамыз дейсіз бе? Әрине болады... апай, тү­біртекті маған беріңіз! Бізге бейбіт өмір сыйлаған Батыр ағамызға, тек қана екі мәр­те батыр ағаларымызға, әрине жеңілдік жасаймыз!..» «Компьютерге енген айып­пұл кестесін желіден жою­дың ешқандай да амалы жоқтығын жақсы білетін біз­д­ер бастығымыздың бұл қы­лығына таңданғанымыз да рас,» – дейді офицер. Сөйт­се, қонақ кеткен соң Сал­танат мекемедегі касса­ға барып, батырдың мой­нын­дағы айыппұлын өзі­нің айлық жалақысының есе­бінен төлеп тастапты.

Салтанаттың әріптестері оның кез келген қысылған жанға заңды әрі құқық шең­бе­рінде қолұшын беруге әзір тұра­тындығынан бұрыннан да хабардар-тын. Алайда, тал­дыр­маш жетек­шілерінің қазақ­тың аңыз адамына жасаған таңғаларлық сол бір әрекеті ұмытылмастай естерінде қалыпты... Халқы қаді­рлеген қаһарманға Сал­танаттың көрсеткен бұл құрметі мені де қатты таңғал­дырды. Тілшілік қыз­мет­те бұдан бірнеше жыл бұрын Салтанат Әзірбектен өзім алған жайдары сұхбат есіме түсті. «Балабақшада ұл балалар ұшқыштың киі­мін киіп, қыз балалар қо­л­дарына қуыршақ ұстап су­рет­­ке түсетін дәстүр бо­лған. Мен «қуыршақ ұстамаймын, ұш­қыштың киімін киемін...» деп алғаш рет шу шығарған тәр­биеленуші екенмін. Осы мі­незім менің өмірлік ар­ма­ным­ның бастамасы болған секілді...» деген еді сонда Салтанат ұяң жымиып.

...Өткенде елміздің Бас прокуратурасы Салтанатқа «құда түсіп» Астанаға жо­ғары лауазымды қыз­мет­ке алдыртып жатыр екен-ді естігенде Алматы жур­налистерінің көңілдері жа­быр­қап қалғаны да тегін емес. Әрине, олардың бар­лығы да Салтанаттың қыз­метінің өсуіне тілектес. Бі­рақ, бұл қылмыстық-құ­қық­тық саланың білгірі полиция под­полковнигі Салтанат «Алматыда жүре берсе, біз­дің шамшырағымыз ғой...» де­ген шынайы әріптестік іш­тартқан сезімдері ғана бола­тын...

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»