Үкіжанға айналған Мүмина
– Апа, өзіңіз жайлы айтыңызшы.
– Азан шақырылып қойғандағы есімім Мүмина, бірақ бұл ат аталмай кетті. Оның себебі 1928 жылы біздің үй кәмпескеге ілікті де, ауылдан 9 адам болып Ақмолаға қоныс аудардық. Сол келген күні әкем ұсталды да, қолымыздағы ауылдан әкелген бар тамағымызды мілиса алып кетті. Әке түрмеде жатыр, ал анам байғұсты қалада ешкім танымайды. Аштыққа ұрынып, үш сәби, әжем төртеуі Ақмолада аштан өлді. Тірі қалған Қамат деген жалғыз бауырым екеумізді әкемнің бір шәкірті аман қалсын деп Жаңарқаға алып кетті.
Түрмеде отырған әкемді құтқарғысы келген мілисалар қалай шығарамыз деп басы қатқанда абақтыдағы тұтқын Әбдікәрім Мүсимов деген кісі қайтыс болады. Сол адамның құжатын әкеме беріп, Ғылманиұлы өлді деп, әкемді Мүсимов қылып шығарып жібереді. Түрмеден босап отбасын іздесе, 9 жаннан жалғыз әйелі ғана қалған. Екі бала Жаңарқада, түгендеп жүрер заман емес, әкем әйелін алып Омбы жаққа тартып кетеді. Содан бастап әкем Садуақас Ғылмани емес, Әбдікәрім Мүсимов, мен Мүмина атымды тастап Үкіжан Мүсимова болдым. Тек 1999 жылы алғаш ұмра қажылыққа барарда жаңадан құжат тапсырарда қабылдап отырған азаматқа: – Ботам, осы уақытқа дейін қашқынның қызы болып келдім. Енді ажал жақындаған сияқты, енді өзімнің әкемнің атын жазуға бола ма? – деп дұрыс тегімді қайтып алдым.
Мүсимова болып кешкен ғұмыр
Үкіжан апаның жасы 95-те. Ішкі әлемінен нұр төгілген, құлыным, балам, қарағым деп отырып әңгімесін айтқан ананың сыры тек бір отбасының ғана емес, тұтас халықтың зары іспетті.
– Апа, әкеңіз Омбыға кетті, сіздер болса Жаңарқада жүрсіздер, содан қалай қайта табыстыңыздар?–деймін ойға шомып кеткен апаны сөзге тартып. – Құлыным-ау, ол да ұзын сонар әңгіме дейді – қиын кезеңдер болса да балалығы еске түскен Үкіжан-Мүмина апа.
Біз барғаннан кейін Жаңарқада да аштық біліне бастады. Ол кезде сиырды бұзаумен сауады ғой, сонда інім ананың-мынаның бұзауын ұстап тұрып сиырын саууға көмектеседі де, бір күріжке сүтті өзі сол жерде ішіп, біреуін маған әкеліп беріп жүрді. Ол сүт ішке тұрмайды. Содан ие болып әкелген кісіге бізді Ақмолада тұратын нағашы апамызға апарып салыңыз деп жалындым. Ол кісі Ленин көшесінде тұратын нағашы апамызға әкеліп тастады.
Апам бізді жуындырып, қолындағы бар тамағын беріп болған соң, «Ел жақтан аштықтан қашқандар Омбы асып жатыр екен, мен вокзалға барып, біліп келейін», деп кеткен. Балам-ау, мен Алланың талай рет үйірілтіп әкеліп көмектескенін көзіммен көрдім ғой. Барса, вокзалда атам мен әкемнің інісі Кәкен Омбыға кетпекші болып Ақмолаға келіпті. Екеуміздің арықтығымыз сондай тек сүлде, сүйекке жабысқан тері ғанамыз, жүретін әл жоқтығынан Кәкен ағам екеумізді көтеріп вокзалға әкеледі. Сонда атаммен көрісіп жылағаным есімде.
Екінші бір Алланың көмегін көргенімді айтайын. Заман кішкене дұрысталды ғой, қой Омбыда жүре бергеніміз жарамас деп елге қайттық. Әкем колхозда жұмыс істейді. Біздерді балалар демейді, таң атысымен колхоздың жұмысына әкетеді. Бір күні арамшөп отап жүрсем, алдыма қағаз ұшып келді. Қарасам газет. Оқып отыратын шама бар ма, қалтама салып алып жұмысымды істей бердім. Кешке үйге келіп шам жарығымен оқысам, «Олжабай, Барлыбайдың молдасы болған Сәкен қалпенің тамырына балта шабылсын. Ол түсін өзгертіп, Әбдікәрім Мүсимов болып жүр», деген мазмұнда газетке мақала басылыпты. Қайтадан жылап-сықтап, әкемнің Әшірбек деген досы бір ат тауып беріп, әкем сол түні маған хат жазып қалдырғандай «Әйел алып келуге кеттім» деп бой жасыруына тура келді. Әкем түн ортасында ізін суытып үлгерді, ал таң ата үйге мілиса келді.
– Әкең қайда?
– Жоқ білмеймін, кеше арамшөп жұлып жұмыстан келсем мынадай хат жатыр, – деп көрсеттім.
– Әйдә жүр, – деп мені алып Ерейментаудың Павловка деген жеріне әкеліп қамап тастады. Екі көзім бұлаудай жылап отыр едім, терезе шынысын тесіп, тасқа оралған хат түсті. «Ертең сені маған алып келеді, сонда ештеңе білмеймін, әкесі үшін баласы жауап бермейді деген Сталиннің сөзін айта бер. Ал мына хаттың көзін құрт» деген жазу бар екен. Әлгі хатты жыртқанның үстіне шайнап жеп қойдым. Ертеңіне жауапқа алып келді. Қабағы түксиген біреу зекіп сөйлеп, әкемді сұрады. «Шөп жұлып келсем, әкем жоқ, әйел алуға кеттім деп хат қалдырыпты дегеннен танбай, әке үшін бала жауап бермейді», деген қаулы шыққан дедім.
Ауылға жетсем, қолымыздағы барымыз – бір сиыр мен бір жылқыны колхоз алып қойыпты. Енді қайтемін, Торғай деген жерде әкемнің інісі тұрады, таңертең ерте тұрып алып Торғай қайдасың деп жүгіріп келемін. Артымнан бір бала қуып жетіп, жолда қасқыр жеп қояды, серік болайын деді. Екеуміз жедел-жедел басып, күн батқан соң Торғайға жеттік. Әкем әлі сол ауылда жүр екен. Болған оқиғаны естіген соң, «қой, қарамды батыру керек екен» деп елден кетті. Ал мен сол үйде қалдым. Бірақ тамыздың аяғы болып қалған, ойым мектепке бару. Содан жолға шығып, қалаға баратын бір жүк машинасына отырып, Ақмолаға жеттім. Бөлке апамның қолына тағы да келіп, қазіргі №4 мектепке Үкіжан Мүсимова болып сабаққа бардым. 1937 жыл ғой, егер әлгі текке жазылмасам, мектепте де оқи алмайтын едім.
«Дініңді дүниеге сатпа»
Әңгіме Мүмина апаның аузынан шыққанымен, бұл тек жеке бір адамның ғана емес, сол кездегі көзі ашық әрбір азаматтың, құдай жолын хақ деген әрбір дін өкілінің басынан кешкен зар еді.
Үкіжан-Мүмина апа әкесі туралы айтудан жалықпайды. Жасы келіп қалса да әкесі молдалық еткен мешітке атын алып беруде талай емен есікті қаққанын, Иманғали Тасмағамбетовтің Астана қаласының әкімі болғанда қолдау көрсеткенін, әкесінің еңбектерін зерттеп жарыққа шығаруда тер төккен Дихан Қамзабектің мешітке құжат туралаймын дегенде сол кездегі қалалық тіл департаментінің басшысы болған Қонысбай Әбілдің жанашырлық танытқанын айтудан жалықпайды.
– Апа-ау, әкеңіз қудаланып жүріп Омбы асып, сол жерде колхозда жұмыс істеді дейсіз, ал молдалыққа қашан оралды? – деймін. – Ойбуй шырағым-ай, аты-жөнін жасырып, басқа адаммын деген адамда қандай күй болады? Бірақ әкем еңбектен еш қашқан жоқ. Ол кезде тұқымды қолмен шашады ғой, сонда әкемнің бір күні 7 гектар жерге тұқым сеуіп әбден қалжырағаны туралы өзі жайындағы естелігінде жазғаны да бар. Осындай діңкелеткен ауыр жұмысқа әкемді қимағандар, Сейполла Ақажан қалпе бастаған жақындары жандарына көшіріп алады. Сол жерде екі жыл отырған соң 1946 жылы Ақмоладан арнайы нағашымыз Омар баласы Садуақас пен Ахмет баласы Мұстапа іздеп келіп, Ақмолаға діни уәкіл болуға шақырады. Барғысы келмесе де ел атынан қиылып отырған жақындарын қимай әкем Ақмолаға көшеді. Қазіргі Ғылмани атындағы мешіттің орнында ол кезде Құсайын деген кісінің екі бөлмелі үйі болған. Сол үй мешітке айналып, жыл сайын үлкейтіліп, Ақмоладағы ислам дінінің орталығына айналды.
1953 жылға дейін Ақмолада тұрдық. Ол кезде Қазақстанда діни басқарма жоқ, дінбасы Тәшкенде. 1953 жылы әкемді бүкіл Қазақстанның қазиы етіп бекітті де, біз Алматыға көштік. Кім-кімнің де өз әкесін керемет көрері анық, әй бірақ, менің әкемдей жан сирек. Алдына қойған асын өмірі өзі жемейтін, жанында отырғандарға бөліп салып беріп, Алла берген ризықты бөле-жара жеген дұрыс, берекесі артады дейтін. Үнемі оқып, жазып жүретін, зердесіне тоқыған дүниені аямай бөлісетін дархан жан еді. Бұрын әкемнің сонысын ұға бермейтін едім, енді қазір өзім асты жалғыз іше алмаймын. Балам-ау, әкем Алматыда Қонаевтың қасында жатыр, өз өсиеті бойынша мазар тұрғызбай белге дейін бекітіп, басына мұқалақ тас қойдық. Өзі мен кеткенде жетісі, қырқы, жылы дегенді бермей, ол қаражатты жетім-жесірге бер деген соң солай жасадық. Ертең мен өлсем де белге дейін бекітеді.
Әкемді мешіттен шығарды. Сондағы балам халықтың құрметін айтайын, Кеңсайға дейінгі 25 шақырым жерге мүрдесін иыққа салып көтеріп апарды. Көшеде көліктер дыбыстап шығарып салды. Әкем «дініңді дүниеге сатпа» дейтін сол қалыбынан жазбай кетті жарықтық.
Өмірден жақсылықты да, жамандықты да көрдім. Азамат болған ұлым Таразға жұмыспен кеттім деп, сол күйі оралмады. Қатты күйзелдім. Бірақ тәубеме келдім. Алматыда мамыр айы қандай, уылжып тұрған, жаз емес пе, сонда мен үстіме қалың күпәйке, басыма түбіт бөкебай тартып арық жағалап ұлымды іздейді екенмін. Бір күні арық жағасында есімді жидым. Құдай-ау, мен Аллаға қарсылық жасап, қайтпасқа кеткен ұлымды іздеймін деп мына түскен күйім не деп, өзімді сөктім. Содан ес жидым. 95-ке жасым келді, әкемнің аты өлген жоқ, мешіті мен музейі бар, артында қалған мұралары кітап болып шығып жатыр, Аллаға шүкір, өрен-жараным айтқанымды екі етпейді. Балиғатқа толғаннан бастап намаз оқыдым, қаза қылмадым. Қанша ғұмыр қалғанын бір Алла біледі, бірақ ана дүниеге кетуден қорықпаймын. Жақсы көретін жақындарым сонда, мына дүниеге бәріміз қонақпыз, тек қандай қонақ бола алдық? Тобамнан жаңылмадым, құлыным, соны дәтке қуат етемін, мен де жұмырбасты пендемін, жаза басып, қиянат жасаған жерім жоқ сияқты көрінеді, бірақ қатесіз емес шығармын.
Мүмина апам ойланып отырып қалды. Тыныштығын бұзбай тарам-тарам болған апаның қолына бір, мейірім тұнған жүзіне бір қараймын. Сол сәт үнсіздікті апаның өзі бұзды. Ауыз үйде жүрген немересіне дыбыстап: – Қарғам-ай, атаңның бір кітабын алып келші, мына тәтеңе жазып берейін, – деп Садуақас Ғылманидің «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» деген кітабын сыйға тартты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»