26 Қараша, 2011

Ескерткіш

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігі мерейтойы қарасаңында Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінде айтулы оқиға болып өтті. Мұнда салтанатты жағдайда ведомство басшылығы мен ардагер-зейнеткерлердің қатысуымен өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде Отаны мен халқы үшін өмірлерін құрбан еткен қызметкерлерге арналып ескерткіш ашылды. Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Исабеков салтанатты жиынды ашқан кезінде сөйлеген сөзінде атап өткендей, ішкі істер органдарының қызметкерлері ел азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында елеулі жұмыстар атқаруда. Өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың бастарын қауіп-қатерге тігіп жататыны да ақиқат. Бүгін ашылып отырған ескерткіш осы қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым іспеттес болып отыр. Ескерткіштің биіктігі шамамен 4 метрді құрайды. Оның екі қанатында қызметтік міндеттерін атқару кезінде опат болған көліктегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің аты-жөндері алтын әріптермен қашалып жазылып, ұшар басында ішкі істер органдарының арнайы таңбасы бейнеленген. ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Борис Корошкевич айтып өткендей, көліктегі ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін атқаруға әрқашан зор жауапкершілікпен қарайды. Сонау жылдары да, қазіргі күні де көліктегі полицейлер халық алдында берген антын берік ұстанып, полиция атына дақ түсірмеуге тырысып келеді. Көліктегі ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, «Solutio» заңгерлік фирмасының басқарушы директоры Евгений Сейпульник өз сөзінде бұл секілді ескерткішті ашу идеясы ерте туындағанын,  қаржы проблемасына орай, оны шешуге мүмкіндік болмағанын атап өтті. Осы істі назарға алған ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Тоқсейітовтің ұсынысымен, ескерткішті ашуға қажетті қаржыны республика аумағындағы көлік полицейлері жинап береді. Жетпеген ақшаны департамент басшылығы бөлген. Осының арқасында ескерткіш бой көтеріп отыр, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.