Студент кезінде тәжірибелік сабаққа барғанда құрбы-құрдастарымен шулап жүріп, бір айда істейтін жұмысты бір-екі күнде қағып тастайтын. Ол кезде ештеңе ойламайтын еді, жұмыс тез бітіп қалатындай көрінетін. Қазір ойласа жеке өзіне артылған жауапкершіліктің жоқтығынан екен ғой. Студенттерге ешкім жауапкершілік жүктемейтін, қайта оларға шеберлер қолынан келгенше жұмыстың қыр-сырын үйретіп әлек болатын. Ол лентамен ағып жатқан тастардан көз алмай тұрған. Көзінің қиығы байқап қалды, ауысымда бірге істейтін Виктор Михайлович Махачюк деген егде кісі бұған қолын сілтеп, бірнәрселерді айтып жатыр екен. Цехтың шуынан, құлағына киіп алған қорғаныштан оның дауысы естілмейді. Тәжірибелі жұмысшы оған «қолыңды байқа, ұрып алма!» деп тұр екен. Кеше алғаш келгенде не істерін білмей, ерсілі-қарсылы жүре берген қызға осындағы Люба деген әйел дауыс көтеріп ұрсып тастаған болатын. Жас қыз көзі жасаурап жылап қалған. Шу мен шаң кімнің де болса жүйкесін тоздырады, Люба да шаршап жүреді, лентада тұрып қалған тасты итеріп жібер деп нұсқағанды түсінбеген жас қызға айқай салғаны рас еді.
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі учаскелердің қайсысының да жұмысы жеңіл емес. Әсіресе соның ішінде тас майдалау учаскесінің жұмысы ауыр. Машина майдалап жатқан тастың шықырлап, шуылдаған дыбысы миыңнан өтеді. «Кетсе кетсін, менің айқайыма ғана емес, мына шаңға өзі де шыдамас. Жап-жас қызға басқа жерде орын жетпей қалды ма, мектепке, ауруханаға неге бармайды? Қайта осы арадан кетіп жолын тапсын» деп ойлап қойды Люба тәтей жыламсырап тұрған қызға бір қарап қойып. Бейнеттен жауыр торыдай болған қарапайым еңбек адамы емес пе, Любаның тыз етпе мінезі болғанымен, қайтымы тез әйел болатын. Ләззатты ішінен аяп тұрды, мына шаңнан кетсе кетіп қалсын деп ойлады. Ал Виктор Михайлович талдырмаш қара қыздың бойынан өжеттік байқаған. Үндемей, жұмсаған іске шауып кететін елгезектігін қайтерсің. Жұмыстың қыр-сырын тезірек үйренуі үшін ол Ләззатты «ана жерде тас кетті, мына жердің лентасын қара», деп жиі жұмсай береді. Орысшасы нашар қыздың қазақ ауылынан екенін цехтағы орыстілділер шамалады. «Ұяңдығына қарағанда көп балалы отбасынан болар. Ата-анасы мұнда неге жіберді екен?» деп ойлады Виктор Михайлович. Осы цехқа жұмысқа келген талай жас шаң мен шуға шыдамай, бір ай өтер-өтпестен қарасын көрсетпей кететін. Цехтағылар алғашқы күні-ақ жылаған Ләззатты кетіп қалады деп ойлады. Олар қателескен екен, қара қыз келесі ауысымда бәрінен бұрын келіп, жұмыс киімін киіп алып, оларды күтіп тұрған еді.
Осыдан 28 жыл бұрынғы осы көріністер Ләззат Бақтиярова үшін қазір ертегі іспетті. Расында, Ләззаттың осы тас майдалау учаскесіне келгені бір тағдырдың ісі болды. Ол сонау Амангелді ауданындағы Иманов кеңшарында туды. Ол кезде Амангелді ауданы Торғай облысына қарайтын. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары шұбартаулықтар бастамасымен қой өсіретін комсомол-жастар бригадалары құрылып жатты. Мектепті бітірген жастар кемінде екі жыл комсомол жастар бригадасында қалып, қой бағуы керек. Заманы адамын қалай билемеді, қалай илемеді десеңші, мектепті жақсы оқып бітірген талай дарынды, талантты жастарды қойдың соңына салды, күл-күмелеш болып ауылда қалды ғой. Ләззаттың әкесі Әбдіғұл да мал бақты, бірақ ол балаларының оқығанын қалайтын. «Қыздарыма қой бақтырмаймын» деп бұлқынса да, өзі коммунист болған соң, қатаң жүйеге қарсы сөз айта алмай іштен тынды. Бір жиналыста ауылдың мектеп бітіріп жатқан балаларына қой бақтыру мәселесі тағы қаралды. «Оқитын балаға обал жасамайық» деген оның сөзін естір құлақ болмады. Ол малдың бәрін тастап, бір түнде Қостанай қаласына көшіп кетті. Әбдіғұлдың алты қыз, екі ұлы болатын, Қостанайға келген соң, тағы да екі қызды болды. Ләззат Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқыды. Мектепті бітірген соң Рудный қаласында тұратын апасын жағалап келіп, педагогика училищесіне құжат тапсырды. Емтиханда қазақ тілі мен әдебиеттен жақсы өтті де, математикадан «құлады». Есіктің сыртында жылап тұрған қыздың қасына екі әйел келіп, «жылама, училищеге түсе алмасаң, техникумға түс. Химиядан қалайсың?» дейді. «Жақсымын, училищеге түсе алмай тұрғанда техникумға қалай түсемін?» дейді өксігін баса алмай тұрған Ләззат. Екі әйел оны қолынан жетектеп әкеліп, Индустриялық техникумның пайдалы қазбаларды байыту факультетіне «түсіріп жібереді». Кейін ойласа, техникумға бала жетпейді екен ғой.
Оны қолынан жетектеп оқуға түсірген екі әйелдің бірі ұстазы Любовь Николаевна Данилова екен. Орыс тілінде бір ауыз сөзді дұрыс айта алмайтын Ләззатқа оқуды бітіргенше көмектесті. «Сенің талпынысыңа риза боламын» дейтін. Факультетте өзі секілді өрімдей жас қыздар аз болған жоқ. Барлығымен достасып кетті. Орыстілді ортада бұл да «шүлдірлей» бастады. Студенттік көңілді күндер зулап өте шықты. Міне, содан бері Ләззаттың бар өмірі табан аудармай осы шаңы бұрқыраған цехта өтіп келеді. Өмірдің ащы-тұщысын да татты. Тұрмыс құрды, бала сүйді. Қазір Болаты азамат болып өсті. Тәртіп сақшысы. Бір ауысымдағы ұжымы Ләззатқа өзінің туғандарынан кем емес. Бірақ ұстазы Люба да, Любовь Николаевна да, Виктор Михайлович те емес, өмірдің өзі болды. Осы шаңы бұрқыраған цехқа жеткенше асығады, ұжымдастарымен айтар, бөлісер сыры бар. Біріне-бірі қажығанда сүйеу, қуанышына да ортақтасады. Өмір деген ұстазы оған адамдарды ұлты, діні, тілі емес, адамгершілігі, адал ниеті жақындастырады деп үйретті.
Қазір өзі де шәкірт тәрбиелейтін кәнігі маман болып алды. Құлақты тұндырған шудың арасынан қандай көлемдегі тастың келе жатқанын, қандай көлемдегі тастың лентадан өтпей қалғанын, қандай тетікке тастың тығылып қалғанын көзін жұмып тұрып айтып береді. Шәкірттері таңғалады. Тастың өзі де тазалықты сүйеді, шаңды жаз айында сумен жуып тұрады, қыста сыпырып, тастың жолын ашады. Осы цехтағы шаңнан өкпесі қабынып ауруханада жатқан күндері болды. Түнде ұйықтамайды. Медбике келіп: «Неге ұйықтамайсыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма?» деп сұрайды. «Еш жерім ауырмайды, бүгін менің түнгі ауысымға шығатын күнім ғой, әдеттеніп қалғанмын, түнде ұйықтай алмаймын» деп жауап берді. Бір цехта, бір фабрикада табаны күректей 31 жыл жұмыс істеген Ләззат Бақтиярованы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің бүкіл ұжымы біледі десек болар. Дөңгелек жүзді әйелдің есімі құрметке лайық кеншілер қатарында аталады. Мерекелерде «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахуновтың өзі талай рет қолын қысып, алғыс хатын ұсынды. Кен алыбының 60 жылдық тойында да Ләззат кәсіпорын жетекшісінің алғыс хатына ие болды. Ол өзін бақытты сезінеді.
Тас майдалау учаскесінде өндіріліп жатқан қиыршық тастарды еліміздің жол, үй құрылыстарына пайдаланады. Жолсыз да, үйсіз де даму жоқ. Ал ол тастардың нәп-нәзік әйел қолынан шыққаны ешкімнің ойына келе қоймайды. Расында, кереғарлыққа пара-пар көрініс емес пе?!.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы