Шұлық
Таңертең жұмысқа бару үшін шұлығын іздеп жүрген 25 жастағы ерлі-зайыптылардың әңгімесі:
– Жаным, шұлығымды көрдің бе?
– Көрдім, үтіктеп қойғам, тартпаның оң жағында тұр. Қазір алып берейін.
Тура сол жағдай 30 жастарында ерлі-зайыптылар ортасында тағы айтылады. «Жаным» деген сөз жоқ, ұмытыла бастаған.
– Шұлығымды көрдің бе?
– Бәтеңкеңнің ішінде шығар, іздесей!
Қырық 40 жастағы кездеріндегі әңгіме:
– Шұлығым қайда екен?
– Көзің соқыр ма, жатыр ғой ана бұрышта!
Елуді еңсергендегі дегендері:
– Мына бұрышта жатқан шұлығым қайда екен?
– Мен киіп алды дейсің бе, қара дұрыстап!
Алпыста:
– Кемпір, шұлық көрген жоқсың ба?
– Шұлығыңмен бірге өзің неге жоғалып кетпейсің осы!
Жетпісте:
– Мына шұлықтың біреуі тесік, сыңары жоқ, қалай кием?
– Сен қақпасқа біреу қарар дейсің бе, жүре бер солай.
...Сөйтіп 80 жастағы жесір кемпір жылап отыр дейді:
– Сыңарымнан айырылдым-ау, байғұс шалым-ай, өмір бойы шұлық іздеп өтіп едің, енді мен сені іздейтін болдым-ау!
Ағама жеңгем сай
Менің ағам қызық. Жеңгем екеуінің басы пісе бермейді. Қалай жиырма жылдан астам уақыт бірге тұрып жатқандарына таңым бар. Бес баласы бар, төрт ұл, бір қыз. «Екеу болуы керек еді» дейді жеңгем. «Неге екеу?». «Қалалық стандарт емес пе, бір ұл, бір қыз болсын дегенбіз. Ағаң ұл керек деді, мен қыз дедім. Тұңғышымыз ұл болып, ағаларың бөркін аспанға атып қуанды. Көр де тұр, екіншісі қыз болады» дедім. Жаратқан бізден сұрай ма, екіншісі де ұл болды, үшінші, төртінші... Мен де бәлемін ғой, қыз болғанша тоқтамадым» дейді жеңгем.
Екеуінің күнделікті тірліктері былай басталады. «Күн жауатын сияқты, күрткеңді киіп шықсай» дейді жеңгем. «Қайдағы жаңбыр, жаумайды» дейді ағам. Жауатынын ол да біледі, бірақ жеңгеме қырсыққан түрі ғой. Біліп тұрған нәрсесін неге айтты дегені. Сөйтіп, күрткесіз кетеді. Содан кешке су-су боп үйге қайтады. Басқа біреу болса, шу шығарар еді. Ағам үндемейді, тоңып-жаурап жүре береді.
Тағы бірде «осы жеңгелеріңе өмірде гүл мен қораптағы кәмпит сыйлап көрмеппін» деп, бір күні 8 наурызда алып келмей ме. Ағамның қолындағы гүл мен кәмпитті көрген жеңгем «не, қонаққа барамыз ба?» депті. «Жоқ, саған ғой, сегізінші наурызбен» дейді ағам. «Түу, соған бола ақша шығарып, одан да сүт ала салмадың ба, үйде сүт жоқ еді» депті жеңгем.
Тағы бірде жеңгем екеуі троллейбуста келе жатады. Жеңгем ағамыз билет алады деп отыра берсе керек, ал ағам өзіне ғана алған көрінеді. Бір кезде билет тексеруші келіп қалады. «Билетім күйеуімде шығар» деп, жеңгем ағам жаққа қараса, ол жылыстап троллейбустан шығып бара жатыр дейді. Троллейбустағы оқиғаның қалай аяқталғанын білмейміз, жеңгем біраз кешігіп үйге келсе, ағамыз қаннен қаперсіз теледидар көріп отырыпты. Басқа әйел болса, сол сәтте күйеуін теледидардың ішіне кіргізіп жіберер еді. Ал біздің жеңгей мықты ғой, мықты, ештеңе демепті.
Бәрін айт та бірін айт, ағам жеңгеме, жо-жоқ, жеңгем ағама сай...
Сәдуақас ЖҰБАТ
Астана
Əйелдер «əлдиі»
– Менің күйеуім бір өзі бір қойдың етін жеп қояды.
– Ал менің күйеуім бір қойды қозысымен қосып тауыса алады.
– Сендердікі түк емес екен. Менің күйеуім колхоз тараған жылы бір отар қойды тұтасымен жеп қойған...
* * *
– Кеше сені бір шошқадай семіз, мыржиған-тыржиған біреумен көрдік дей ме?..
– Ол болашақ күйеуім. Тойымызға деп бір арал, екі кеме тарту етті!
– Не дейді! Сондай сүйкімді де, сүліктей сұлтанды қалай ғана таба қойдың-ей?!
* * *
– Түсінесің бе, мен қаржысы мол еркекті іздеп жүрген жоқпын, менің жан дүниемді түсінетін жан кезіксе ғой!
– Нақтылап айтқанда? – Кəртөшкі тазалайтын, киім-кешек, ыдыстарды жуа қоятын дегендей...
* * *
Құрбы келіншектер əңгімелесіп отыр:
– Өткенде «Ұйқыдағы ару» балетіне бардым.
– Қалай болды?
– Білмеймін, мен де ұйықтап қалыппын.
Шым… шым… шумақтар
Шалқасынан түсірер
Базардан көріп жүрміз неше қызды,
Таразыдан тартып жер есеңізді.
Ойпырмай орысшалап боқтағанда,
Түсірер шалқасынан шешеңізді.
Бүгінгі бикештер
Әдепті кімдер қалай түсінеді,
Бикештер бұл күндері күшіне енді.
Әкесі болсаңдағы жол бермей көр,
Қағып кетіп етпеттен түсіреді.
Қыздардың жаңа ермегі
Арақ пен темекіге басыбайлы,
Қыздарға жаның қалай ашымайды.
«Естімеген елде көп» деген сөз бар,
Ататын қыздар да бар насыбайды.
Тонап кетер
Кей бикеш қулығымен орап кетер,
Қылымсып «ә» дегенде жолың күтер.
Беташар тойынан соң ертеңіне,
Арқалап үй-ішіңді тонап кетер.
Әйелдер бар
Жан жоқ шығар жоқтыққа
жасымайтын,
Азайды еркек басын қасымайтын.
Бақуат, жарайтұғын әйелдер бар,
Бір емес, екі еркекті асырайтын.
Бірге өтті
Демеңіздер күндепті,
Бала босқа жүрмепті.
Заманына қарай қадамы –
Шілдехана тойымен,
Үйлену тойы бірге өтті.
Шайхан ХАМЗАҰЛЫ
Тараз
Отбасындағы «ошаған»
Алматылық бір отбасындағы жағдай. Күйеуі әйеліне:
– Шайды кесеге толтырмай құйсаңшы.
– Не болып қалды тағы?
– Жер сілкінсе, төгіледі ғой.
* * *
– Болды! Мен сенен кетемін! Сендей сараң адаммен тұру мүмкін емес! Мә, маған сыйлаған сақинаңды қайтып ал!!
– Ал, сыртындағы қорабы қайда?..
* * *
Күйеуі ашуланып:
– Мына бала тағы да менің әмиянымнан ақша алыпты ғой!
Әйелі:
– Ақшаны балаң алғанына сенімдісің бе? Бәлкім оны мен алған шығармын?
Күйеуі:
– Ол мүмкін емес, өйткені әмиянның түбінде азын-аулақ ақша қалыпты.
* * *
Әйелі өте салақ біреу қонаққа барғалы жатып зайыбынан:
– Қалай ойлайсың? Жағасы кір көйлекті киейін бе, жоқ анау екі түймесі жоғын ба? – деп сұрапты.
Әйелім «мөңіреді...»
Жылда келетін әйелдер мерекесімен әйелімді құттықтағым-ақ, бағалы сыйлық алғым-ақ келді, бірақ, қу жоқшылық жолыма кесе көлденең тұрып алып, қолымды престің жібімен байлап тастайды... Біздің ауылда мен сияқты қара көже ішіп отырғандар кө-өп, соны әйелім көріп-біліп отырып, кеше: «Жаным, маған әйелдер мерекесі күні не сыйлайсың?» – деп сұрады ғой. «Жантақ сыйлаймын!» деп ыржалақтадым. Бар болса, өзім сүйіп қосылған қосағыма қандай сыйлық әперсем де жарасар еді! Жоқ қой, жоқ... сіңірімізді сорып, алақанымызды жалап...
8 наурыз мерекесіне екі күн қалғанда несиеге 20 мың теңге алып, базардан алтын жүзік сатып алдым. Өмірімде бірінші рет қымбат бағалы сыйлық бермекшімін! Күйген дүние күйіп кетсінші! Мәз болып қалсыншы! Саусағындағы мыс жүзікті лақтырып тастасыншы!
Жүрегім кеудеме сыймаған соң қолыма «ұстап» алып, сарайға кірдім. «Тағы бір қарап алайыншы» деп. Ой, бір қуанатын болды-ау! Ой, бүгін түнде... Алтын жүзікті қорабынан алып қарай бергенім сол, біздің қорада көршінің танасы тұр! Қарасан келгір! Шөбімізді күйсеп... Аңтарылып тұрғанымда, қолымдағы алтын жүзік шөптің үстіне түсіп кетті де, «е-ей-й...» дегенімше, қарасан келгір шөппен бірге жеп қойды... Бас салып, аузын айқара ашқым келген, басын тұқыртып алып, өзімді сүзіп, қорадан қуып шықты. Абырой болғанда, әйелім мектепте еден жуатын, қарасы көрінбейді. Ішім ашып, тананы тепкіліп жатқанымда, көршінің әйелі көріп, «срочно» көгеріп кетті де, алдына салып, айдап әкетті. Сол екен, көршінің танасын аңди бастадым. Алтынымды жұтқан албастыны көрсем, жүрегім айниды... Түнделетіп, көршінің қорасына ұрланып барайын. Қол шам жағып, «жерде жатқан тезектердің арасында жатқан болар» деп ойлап, шыбықпен түрткілеп қарай бастадым. Көрінбейді... Қайран 20 мың! Енді егесіне он пайызбен қайтаратыным есіме түскенде, танамен қоса мөңіреп жібердім. Сосын құйрығын көтеріп, үңіле қарадым. Алтын жүзігім жылтырап тұрғандай! «Құдай-ай, әйелдер мерекесімен әйелімді емес, қайдағы бір көршінің ұрғашы бұзауын құттықтағандай болдым-ау!» деймін ішімнен езіліп. Құйрығын көтеріп тұрып, шыбықпен шұқылап тұрғанымда, бірдеңе гүрс ете қалды. Қарасам, көршім Кездікбай! Мені көріп талып қалса керек. Есіне алып, есін жиып: «Сен... Сен не, мынау жас тана ғой!..» демесі бар ма!
Түсіндірейін десем, тыңдамайды, төмпештеп қуып шықты. «Әй, тыңдасаңшы, тананың ішінде менің алтын жүзігім жатыр!» десем, «біздің бұзау сенің алтыныңа да алданбайды, ары таза!» дейтінін қайтерсің! Әйелім жүр өкпелеп. «Не, маньяксың ба?» деп нағашым келді. Жыным келіп, сол сиырды екі есе бағасына қарызданып жүріп сатып алдым. Сатып алдым да, сойып тастадым. Етін таратып жатқанымда... құдайым-ай, бәсе, аузын аша алмай қойып едім, алтын жүзігім тана тісіне ілініп қалыпты ғой! Әйтеуір әйелім қуанып кетіп, бетімнен сүйді де, неге екені белгісіз: «Мө-ө!» деді. Мен де «мөңіреген» болдым...
Мұхтар ШЕРІМ
ШЫМКЕНТ
Қыз-жігіт қыңқылы
Қыз жүріп жүрген жігітінен:
– Маған дейін біреумен сүйісіп көрдің бе? – дейді.
– Көпшіліктің алдында бірақ рет болды.
– Көпшілік не деді?
– «Ащы, ащы!» деп айқайлаумен болды.
* * *
– Қарындас, кешіріңіз, сағат неше болды екен?
– Тоғыз жарым.
– Рахмет.
– Рахметпен бітті ме?! Бүгінгі жігіттер – жігіт емес мігіт! «Қандай әдемісіз!», «Танысуға болар ма екен?» деген сөздерді естуден қалдық ол антұрғандардан!..
* * *
– Азамат, не істеп тұрсыз?!
– Қарындас, айғайламаңыз! Гимн орындалғанда қолымды кеудеге қою парызым.
– Қарсылық жоқ, тек қолыңызды өз кеудеңізге қойыңыз!..
* * *
Үйі бар қызға үйленетін болып, ол маған:
– Біздің екі ұл, бір қызымыз болады, – деді.
Сөйтіп, үйленіп некеге тұрып үйіне келсек... Бізді «папа-мамалап» екі ұл мен бір қыз қарсы алды...
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»