06 Ақпан, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1168 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Б.Ізмұхамбетов өз есебінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өңірде шешімін тапқан мәселелерді байыппен баяндап берді. Жылдағыдай емес, есептің Елбасының дәстүрлі Жолдауынан кейін өткізіліп отырғаны өткенді жан-жақты саралап, алдағы міндеттерді батыл әрі айқын түрде іске асыруға алғышарт қалай­тынын атап көрсетті. Алдымен айтарымыз, өңір экономикасын дамытудағы басым бағыттарды белгілей білген облыс басшысының мерейі қашанда биік болмақ. Ақжайық өңірі үшін ол машина жасау өнеркәсібі болып табылады. ІС ПЕН СӨЗДІҢ БІРЛІГІ Атап айтарлық мәселе, оралдық машина жасаушылардың әлемдік дағдарыс туғызған қуатты толқынға төтеп бере білгендігі. Сөйтіп, осы сыни кезеңнің өзінде еңбек өнімділігі төмендеген жоқ. Керісінше, пайыздық өсіммен алғанда оның өсу көрсеткіші орын алды. Мұндағы кәсіпорындар Елбасы қойған индустрияландыру талабына сәйкес сыртқы және ішкі нарықтағы сұранысқа ие, сонымен бірге бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін игере бастады. Мұндағы техникалық қондыр­ғылар жаңа инновациялық талаптарға сәйкес жабдықталған. Бұл Елбасының биылғы Жол­дауындағы басты талаптардың бірі екені белгілі. Сондай-ақ, Ақжайық – кеме жасау өндірісі дамыған өлке. Осы мүмкіндікті тиімді пайда­лана білуіміз керек. Облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орын­дары­ның көптеп ашылуына мүмкіндіктер туғызды, деп түйін жасады облыс басшысы. Облыстағы инвестициялық жобалар тізбегінде ауыл шаруашылығындағы шикізаттық емес секторды дамытуға тікелей облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тарапынан нақты іс-шаралар белгіленді. Әрі бұл жобалар өткен жылы іске асты. Соның нәтижесінде аталған уақыт аралығында әлемдік стандарттарға сай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіп­орындары іске қосылды. Өз кезегінде олар өсімдік майын шығара­тын зауыт, диірмен кешендері, дәнді-дақылдар өңдейтін цехтар, мал сою комбинаттары, жылыжайлар, көкөніс қоймалары болып табы­ла­ды. Осы арқылы өңір экономикасын әртарап­тандыру бағытында соңғы екі жылдың ішінде айтралықтай іс тындырылды. Бұл республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде белгіленгені мәлім. – Биылғы жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Кедендік одағы құрыл­ды, – деді бұдан әрі Бақтықожа Салахатдин­ұлы. – Бұл бізге экспортқа бейімделген сапалы өнім шығаруды міндеттейді. Сондықтан биылғы іске асырылатын жобаларға осы талап биігінен қарап отырмыз. Осы мақсатта таяуда Орал өңірінде Қазақстандағы ең ірі мал бордақылау кешені құрылысы аяқталмақ. Сонымен бірге, Қазақстанда тұңғыш рет ешкі сүтін өңдейтін өндіріс орны іске қосылмақ. Соңғы екі жылда Ақжайық өңірінде елді мекендерді газбен қамту ісінде тындырылған қомақты істерді де облыс әкімінің тікелей іс-қимылымен байланыстыруға әбден болады. Б.Ізмұхамбетов өз есебінде алдағы жылдары облыс аумағын толық газдандыру бағдарламасы жүзеге асатынын мәлімдеді. Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған екі жыл алты ай уақыттың ішінде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болып көрмеген басшы­ның бұл уәдесі де толық орындалатыны­на күмән жоқ. Егер 2007 жылы облыстағы ауыл тұрғындарын газбен қамту деңгейі небәрі 27 пайыз құраған болса, атқарылған жұмыстардың ауқымдылығын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Бұдан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет және бұқаралық спортты дамыту сала­ларында атқарылаған істерге тоқталып, алда тұрған міндеттерді атап көсретті. Бұл – озық оқу технологияларын қолдану, халықара­лық білім стандарттарын жедел түрде енгізу, деді ол. Сонымен бірге, халықты әлеуметтік тұрғыдан қамту ісіндегі мәселелерге жан-жақты тоқтал­ған әкім жұмыссыз ретіндегі тіркелген­дердің 60 пайыздан астамы әйелдер, 12 пайызы жастар екеніне айрықша назар аударып, бұл жұмыс­тарды жүйелірек жүргізу қажеттігін мәлімдеді. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттілігін атап көрсеткені белгілі. Осы міндеттерге орай өз есебінде облыс әкімі нақты көрсеткіштер мен салыстырмалы цифрларды алға тартты. Дерек­терге сүйенсек, облыс аумағындағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Бірақ мұның өзі бізге арқаны кеңге салу дегенді білдірмейді. Өйткені, Елбасы атап көрсеткендей, “Құқық қорғау органыны қыз­меті­­нің басты өлшемі сандық көрсеткіштер емес, жұмыс сапасы болуға тиіс”. Бұл істе бізге ойластырып шешетін мәселелер жеткілікті. Сон­дықтан мен осы ақпан айында облыстағы құқық қорғау органдары басшыларының қаты­суы­мен қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде арнайы кеңес өткізуді ойластырып отырмын, деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Облыс басшысы өз есебінде биылғы Жолдауда Елбасы белгілеп берген қағидаттарды іске асыруға бәріміз бірдей жұмыла кірісуіміз керек деген тұжырым жасады. Сонымен, кеше Батыс Қазақстан облысы­ның әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңір тұр­ғындарына өз есебін берді. Осы есеп жөнінде ел не деді? Валентина Лилекова, Бөрлі ауданындағы №5 орта мектептің директоры: – Мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетовті осы өңірге, оның тұрғындарына жаны ашитын, оның мұң-мұқтаждарына ортақтаса білетін басшы деп есептеймін. Бұл пікіріме оның тұрғындар мүддесі үшін бюджеттен тыс қаражат көздерін тартуға әркез назар аудараты­ны дәлел. Нақтырақ айтқанда, назар аударып қана қоймайды. Бұл мәселеде табандылық көрсетіп бастаған ісінің нәтижелі болуына қол жеткізіп жүр. Менің ойымша, республикадағы облыс басшылары қызметін бағалаудың бір критерийі олардың өңірге қаншалықты мөлшерде инвес­ти­ция тарта білгені болуы керек. Осындай өл­шем дұрыс болады деп ойлаймын. Бұл мәселе­де Бақтықожа Салахатдинұлының еңбегі мол деп санаймын. Сонымен бірге, ол кісінің тіке­лей араласуымен Қарашығанақ жобасына қатысушы компаниялардың өңірдегі әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражатының мөлшері екі есеге ұлғайды. Қайдар Қощанов, Орал қаласындағы “Болашақ” ЖШС-нің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты. –  Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруда үлкен тындырымдылық танытты. Осы бағдар­лама бойынша облыстың түкпір-түкпірінде жүздеген, мыңдаған қосымша жұмыс орындары ашылды. Аудандар мен елді мекендер абаттан­дырылды. Ондағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Осы ұлан-ғайыр істердің басты ұйымдастырушысы да, басты үйлестірушісі де Бақтықожа Салахатдинұлы болды деп сеніммен айта аламын. Сонымен бірге, облыс басшысының жеке басының қарапайымдылығы да өзгелер үшін үлгі-өнеге боларлықтай. “Ұлық болсаң, кішік бол” демей ме халқымыз. Сергей Погодин, Орал қаласындағы №1 музыка мектебінің директоры, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі: – Облыс басшысы көпэтносты Ақжайық өңірінде ауызбіршілік пен татулықтың және өзара түсіністіктің одан әрі тереңдеуіне әркез бастамашы болып келеді. Сонымен бірге ол этномәдени орталықтардың қызметіне де жан-жақты қолдау көрсетіп жүр. Мен осы сәтті пайдаланып, Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тілі – қазақ тілі жөнінде айтқым келеді. Менің ойымша, қазақ тілін дамыту қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеудің басты бір жолы ретінде қарас­тырылуы керек. Жаңа менің алдымда әкімнің есебі жөнінде пікір білдірген Қайдар Қощанов мырза облыс басшысының мемле­кет­тік тілді дамытуға қосқан жеке үлгісі жөнінде айтты. Бұл – құптауға тұрарлық пікір. Мемлекеттік тілді білу, оны үйрену – бәрімізге ортақ іс. Айдынғали Сағитов, зейнеткер: – Жаңа шалғайдағы Жәнібек ауданынан шаруа қожалығының жетекшісі сөйледі. Ол біздерде мынандай бар, мынандай бар деп біраз жәйттерді тізбелеп шықты. Сонда ол ауданда ұсыныс, пікір, проблема ретінде көтеретін бірде-бір мәселе болмағаны ма? Одан кейін сөз алған “Жайықмұнай” серіктестігінің басшысы Дружинин де әкім баяндамасында айтылған деректерді қайталудан әрі аса алмады. Екеуі де қағаздан бас алмай оқып шықты. Мұндай бос сөздердің пайдасы шамалы. Ашық айтылған сындарлы пікірге не жетсін. Бақтығұл Тасмағамбетов, Тасқала ауданын­дағы “Сәулет” мектеп-гимназиясының директоры: – Мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетовті айтқан сөзінде тұратын басшы деп есептеймін. Мұның өзі кез келген басшының мерейін өсіретін, елдің алдындағы абыройын көтеретін биік адамгершілік қасиет. Осы пікіріме бір мысал келтіре кеткім келеді. Тасқала ауданына сапарында Бақтықожа Салахатдинұлы біздің мектеп-гимназияға да келіп, мұндағы оқу-тәрбие ісінің жай-күйімен танысты. Жасыра­тыны жоқ, гимназия ғимараты өте тар еді. Оны кеңейту жөніндегі ұсынысымызды облыс басшысына айтпақ болып оқталып тұрғанбыз. Осы ойымызды оқып қойғандай ол жаңа ғимарат салу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. Біз аяқ астынан айтылғандай болған осынау сөзге қапелімде сеніңкіремей: шын ба деп қалыппыз. Қыс­қасы, Бақтықожа Салахат­динұлы өз сөзінде тұр­ды. Қазір 300 орындық мектеп-гимназия ғимараты мен 100 орындық жатақхана құры­лысы басталып кетті. Батыс Қазақстан облысының әкімі өз есебі кезінде оған қатысушылардың санаулан сұрақтарына егжей-тегжейлі жауаптар қай­тарды. Соның ішінде кейбір маңызды сұрақ­тар мен жауаптардың жөн-жобасы төмен­дегідей: –  Бақтықожа Салахатдинұлы, облыс орталығындағы онкология диспансерінің құрылысы қашан аяқталады? – Биыл. – Облыстағы ауыл әкімдеріне қызмет көлігі берілмегеніне тоғыз жыл өтіпті. Бұл техникалар ескірген. Олардың көпшілігі істен шыққан. Осы мәселеге байланысты не айтар едіңіз? – Орынды сұрақ. Елбасы саясатын ауыл­дарда іске асыратын – ауыл әкімдері. Олар сол ауылдағы Елбасының өкілдері іспеттес. Біз бұл мәселені шешу жолдарын ойластырып отыр­мыз. Өткен жылы оны шешіп тастайтындай да ыңғайымыз болған еді. Алайда, бұған әлемдік дағдарыс өз әсерін тигізбей қалмады. Дегенмен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл мәселені шешеміз, ауыл әкімдеріне қызмет көлігін беруде бір ұйғарымға келеміз ғой деп ойлаймын. Қазір бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттарының назарына беру жолдары қарастырылуда. – Облыс аумағында қызмет жасайтын шетелдік компанияларға жергілікті кадрлардың көбірек тартылуы үшін облыс басшысы ретінде қандай шаралар белгілеп отырсыз? –Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік альянс жетекшілері мен облыстағы тұрғын­дарды әлеуметтік тұрғыдан қамту департаменті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұжымы меморандумдар мен келісімдер жасады. Соған сәйкес жоғары оқу орындарының студенттері шетелдік компанияларда тәжірибеден өтуге жіберілді. Тиісті келісімдерге сәйкес шетелдік компанияларда 2008 жылы 16821 қазақстандық азамат қызметке орналасты. Ал 2009 жылы аталмыш компанияларда қызмет жасайтын шетелдік жұмысшылар саны 2 пайызға азайып, оның есесіне қазақстандық жұмысшылар саны 16 пайызға көтерілді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұдан басқа да залдан қойылған көптеген сұрақтарға толымды жауаптар қайтарды. Кездесуге қатысушылар облыс басшысының бір жыл ішінде атқарған қызметіне оң баға берді. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУ ЖЫЛЫ Өткен сиыр жылы Қостанайға ауырлап кірген болатын. Дүние жүзін қусыра келген қаржы дағдарысы Қостанай өңіріне де оңай жүк артпайтынын әп дегеннен-ақ меңзеген еді. Оған мысал. Облыс экономикасының негізгі діңгегі өндіріс өнеркәсібінің өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткіші республиканың өзге өңірлері арасында он бесінші орынға сырғып бір-ақ түскен еді. Алдыңғы жылғы қаңтар айымен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 70 пайызды ғана құраған болатын. Ал жыл соңындағы көрсеткішке назар салыңыз: 2009 жылғы өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімі көлемінің индексі 101,8 пайызды құрады. Бұл – республикадағы алтыншы орын! Облыс әкімі есебін тыңдауға келген жұртшылыққа Сергей Кулагиннің өзі “Жылды жақсы аяқтадық. Мұндай нәтижені менің өзім күтпеп едім. Өйткені, жыл өте ауыр басталды”, деді. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен республика Үкіметінің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының кемесі қайырлаған кен алыбының қозғалуына шапағаты тиді. Кен шикізаты Ресей мен Қытайға артыла бастағаннан-ақ өндіріс арбасының жүрісі дұрысталды. Оның сыртында облыста қаулай бас көтеріп, дағдарыс кейпін ертегідегі дәудей зорайта түскен, түйінін шиелей байлаған өткір мәселелер қатары да баршылық еді. Әлбетте, дағдарыс ширығудан шегінеді екен. Еліміздегі сияқты облыста да экономикалық және әлеу­меттік саланы көтеруге арнал­ған егжей-тегжейлі жоспарлар пысықталды. Алдымен қай салада болсын өндірілген өнім азайған жоқ. Былтыр республикалық көлем­дегі темір рудасының 83 пайы­зын, темір жентегі мен бок­сит­тің 100 пайызын, кондитер тағамдарының – 30, ұнның төрт­тен бірін, астықтың 24 пайызын, еттің – 14, сүттің – 12, жұмырт­қаның 13,4 пайызын Қостанай облысы өндіріпті. Бірақ бұл қанағат деген сөз емес, облыс экономикасы дамуының басты бағыты және бюджет құраудың негізгі көзі болып табылатын өнеркәсіп кәсіпорын­дарының қатарын көбейтпесе, шабандықтан арылу неғайбыл еді. Сондықтан инвестициялық серпін­ді жобаларға көп мән беріліп, олардың саны 56-ға жеткізілді. Оларды жүзеге асыру облыс эконо­микасына 500 миллиард теңгеден астам қаржы тартып, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкін­дік береді. Бұлардың 22 жобасы индустрия саласына, 34 жобасы агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Нақ өткен жылы өнеркәсіпте – 5, ауыл шаруашылығында 8 инвес­тициялық жоба жүзеге асты. ­Облыс экономикасының ны­ғаюы­на сан бұлақтардай шапқылап келіп үлес қосатын шағын және орта бизнестің даму қадамы жылдамдай түсті. Бүгінге дейін өңірде кәсіпкерлік кәсіпорындар­дың саны 45 мыңға жетіп жығы­лады. Мұның өзі бұрнағы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Ал олар жыл бойы 191 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қазынаға 12 миллиард теңгеден астам түсім түсірді. Орта және шағын бизнес кәсіпорындарының ашылуы дітте­ген жерден шығып жатты. Бір жыл­да облыста үш май сығу зауыты­ның іске қосылуы соның айғағы. Олар жылына 40 мың тонна майлы дақылды өңдеп, 14 мың тонна өсімдік майын өндіреді. Бұл осы саладағы көп істің, көп мысалдың бірі ғана. Өңірдің серпінді дамуында ауыл шаруашылығының үлесі мол десек, оның табыстарында өткен жылдың да еншісі қомақты. Былтыр осы салада өндірілген өнім көлемі 241,6 миллиард теңгені құрады. Егіс көлемі тағы да ұлғайтылып, ол 4,5 миллион гектарға жеткізілген болатын. Күзде гектар айналымы 12,2 центнерден келді, барлығы 5,4 миллион тонна алтын дән жинал­ды. Бұл үлкен көлемдегі астықты өңірдің бірінші жылғы табысы емес, диқандар қатарынан төрт жыл бес миллиондық көкжиектен көрінді. Соңғы кездері Қостанай-Торғай өңірінде ауа райы аса жаңбырлы бола қойған жоқ. Бұрын құрғақшылық жылдары бес мил­лион тонна астық жинау диқан­­дардың түсіне де кірмес еді. Облыс­тағы егін алқаптарында ылғал сақтау интенсивті технологиясын енгізудің арқасында егін шаруа­шылығында осындай толағай табыс­қа жету мүмкін болды. Мем­ле­кет тарапынан бөлінген қаржыға облыста техника паркін жаңалау жалғасуда. Қамысты ауданындағы Алтынсарин атындағы жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің директоры Борис Князев: “Біздің механизаторлар “Енисей” комбай­нын ұмытты”, деді облыс әкімі баяндамасынан кейін сөз алғанда. Еліміз бойынша астық экспорт­таудың көш басында Қостанай облысы келеді. Қазақстаннан cырт­қа сатылған астықтың 39 пайызы, ұнның 32 пайызы Тобыл өңірінде өндірілген. Сырт жерлерге ұн сату алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 20 пайыз өсті. Мал шаруашылығының дамуы да аз да болса алға жылжы­ды. Ауыл шаруашылығында табыс өнім көлемімен ғана емес, ашылған жұмыс орнымен де өлшенгені абзал. Өткен жылы облыс агро­өнеркәсібінде жүзеге асқан 8 жоба ауылдағыларды 200-ден артық жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Облыстағы әлеуметтік саладағы жұмыстар “дәудің”–дағдарыстың өзін дағдартқандай еді. Қалалар мен аудандарда 4 орта мектеп пайдалануға берілді. Құрылыс мамандарының айтуынша, Рудный қаласындағы мерзімінен ерте салынып біткен 900 орындық қазақ орта мектебіндей білім ғимараты республиканың өзінде некен-саяқ. Оның сыртында 88 мектеп жөндеу­ден өткізілді. Мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшалар мен шағын орталықтарға қамтылуы 90 пайызды құрап отыр. Былтыр ғана тағы да бес балабақша, үш шағын орталық балақайларға есігін айқара ашты. Облыстағы мектеп оқушыларының 83 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы облыста “Қамқор” бағдар­ламасы мәреге жетті, яғни төрт жылдың ішінде өңірдегі барлық жетім балалар үйлері түгел жөндеуден өткізілді. Былтыр бірыңғай ұлттық тест қорытындысы бойынша мектеп түлектері ең жоғары балл жинап, Қостанай облысы республикада бірінші орынды иеленді. – Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың, біз жүргізген жұмыстардың нәти­жесі деп осыны айтады. Білім жарысында тамаша жетістікке жеткені үшін біздің ұстаздар мен оқушыларға рахмет айтамын,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин жұртшылық алдында. Қостанай облысында ана мен бала өлімі республикадағы ең төмен көрсеткішке ие. Мұның өзін осы саладағы жан-жақты жұмыс­тар­дың нәтижесі деген орынды болар. Облыстағы аудандық ауруханалардың барлығы түгелдей жөнделіп болды. Өткен жылы Қостанай қаласындағы перзент­хана, наркологиялық диспансер, Лисаков қалалық ауруханасы сияқ­ты ірі нысандар қайта жөн­делді. Ауруханаларға заманауи медицина­лық жабдықтар алынды, аудандық ауруханаларға жас мамандар тарту ісі үздіксіз жалғасып келеді. Облыста жыл ауырлығын біл­дір­­меген және игілікті істерге мұрындық болған шараның бас­тысы – “Жол картасы” бағдарламасы үдесінен шықты. Осы бағдарлама үшін республикалық және облыстық бюджет­тен бөлінген 6 миллиард 452 миллион теңге жөні­не жарады. Облыста инвестициялық жобалар жүзеге асты. Мәдениет мекемелері қайта жөн­делді. Қолға алынған жұмыстың барлығы да жұмыссыздыққа қарсы бағытталды. Облыс кә­сіп­орындары басшы­лары­мен 783 меморан­дум­ға қол қойылды. Дағ­дардық деген жылдың өзінде айлық жалақы 11,6 пайызға өсті. Өткен жылы тұрғын үй құры­лысы бәсеңдемеді. 1524 қостанай­лық қоныс тойын тойлады. Облыс орталығында 245 пәтерлік аренда­лық бір үй және 145 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қостанайда тоғыз қабатты екі тұрғын үйдің қабырғасы биіктеп барады. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға бөлінген 15 миллиард теңге инженерлік-коммуника­циялық инфрақұрылымы, сумен және газ, жылумен жабдықтау, білім салаларындағы нысандармен қатар, арендалық-коммуналдық, ипотекалық тұрғын үй салуға игерілді. Сергей Кулагин өткен жылы атқарылған жұмыстардың барлы­ғын тәптіштеп баяндап өтті. Әкімнің айтуынша, облыс дағ­дарыс­қа қарсы тұра білді. Эконо­ми­калық және әлеуметтік деңгейі­міз бұрнағы жылдардан аспаса, төмендеген жоқ. Ал биыл атқары­лар жұмыстар былтырдан да ерек болар түрі бар. Тек ауыл шаруа­шылығының өзінде 11 жоба жүзеге асып, 551 жұмыс орны ашылмақ. Жобалар шеңберінде 3 сауын фермасы, 2 бордақылау алаңы, 4 құс фабрика­сы, көкөніс сақтау қоймасы, өңдеу цехтары салынады. Жалғасатын “Жол карта­сы” бағдар­ламасы жақсы істердің сүрлеуін ұзартатын болады. Соны­мен қатар, әкім облыс орталығынан бой көтеретін қазақ драма театры­ның жаңа ғимараты, мешіт, орыс драма театрының үйін қайта жаң­ғырту құрылыстарын осы жыл енші­лейтінін ескертті. Өндіріс, шаруа­шылық пен әлеуметтік саланың барлығында да маңызды жобалар басталмақ. – Өткен жылы өте көп шаруа тындырылды. Бірақ босаңсуға негіз жоқ, өйткені, шешімін күткен істер де жетерлік, – деді Сергей Кулагин. Бұрнағы жылдары облыс әкімі есебінен кейін оны сұрақтың асты­на алатындар қатары көп болушы еді. Сұрақтардың мазмұны көбіне қадасы қисайған қорадай әлеумет­тік мәселелерді қозғайтын. Бұл жолы ­залдан сауал көп түскен жоқ, тек Сергей Кулагин сауал берген­нің тілегіне орай ауылдарды газдан­дыру жұмыстары барысының ег­жей-тегжейін айтып берді. Ауыл­дар­ды газдандыру мәселесінің өзі дағдарысқа қарсы жасалған доқ емес пе?.. Облыс әкімі есеп берген мәжі­ліс­ке Қазақстан Президенті Әкім­шілігінің Қостанай облысы бойынша мемлекеттік инспекторы А.Мұсаханов қатысты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. КЕҢЕСКЕН ЕЛ КЕМ БОЛМАС Талдықорған қаласының 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2010 жылға арналған міндеттері жайлы қала әкімі Сәкен Жылқайдаров ел алдында есеп берді. Ол есепті сөзін қазақстан­дық­тар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауымен жігерленген сәтте бас қосып отырғандарынан бастады. Шаһар Астанаға қарап бой түзеп, жыл өткен сайын сәнді құрылыстар мен ғимараттар, көп қабат­ты тұрғын үйлермен толы­ғуда. Бұл экономи­каның өсуімен өлшенетінін ескерсек, өткен жылы қала бюджеті 6,9 млрд. теңгеге жетіп, экономи­ка­ның ай­на­сы болған өнеркәсіп саласында 6 есе артық өнім шы­ғарылды. Бұл – қаланың қарқынды дамуына негіз қалаған “Қазақстан-2030” ұзақ мерзімді Страте­гия­лық бағдарламаның өміршеңді­гі­нің айғағы. Шаһардың экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы мен көрікті сәулеті облыс әкімі Серік Үмбетовтің қам­қорлығы, қалаға қатысты мәселелерді байыпты шешуі, оң ықпалы екеніне де қала басшысы екпін түсірді. “Кеңескен ел кем болмас” демекші, жиын­да барды бағалап, жоққа қол жет­кізуге ұмтылыс байқалды. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту нәти­жесінде өткен жылы 14,5 мың адам жұмыс­­пен қамтылыпты. Халық тұтына­тын тауар­лар мен көрсетілген қызметтен 12,8 млрд. теңге түссе, қала бюджеті 1,2 млрд. теңгемен толыққан. Еліміздегі бағдарлама бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына екінші дәрежелі банктердің қатысуымен 18 жоба қаржы­лан­­дырылып, 958,1 млн. теңге тартылған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 10,2 млрд. теңгені құрап, қалалықтардың өмір сүру деңгейі жаңа сатыға көтерілген. Осылайша қаржы дағдарысы­ның алдын алуға мүмкіндік жасалып, қаладағы 9 шағын базарда халық тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру сапасына қол жеткізу мақсатындағы жұмыс жандана түскен. “Жол картасын” жүзеге асыру бары­сында 4460 адам жұмыспен қамтылса, 1785 адам 29 маман­дық бойын­ша қайта даярланып, 1144 адам әлеумет­тік жұмыс орындарына жіберілген. Сондай-ақ, 372 жас маман тәжірибеден өткен. Былтыр аталған бағдарлама­­мен сегіз мыңға жуық қала тұрғыны еңбекпен қамтыл­ғанын да баяндамашы нақты деректермен дәйектеді. Өткен мерзімде белгіленген санаттар бойынша 22,1 млн. теңге мемлекеттік атау­лы әлеу­меттік көмек, 31 млн. теңге тұрғын үй көмегі, 35,4 млн. теңге балалардың жәрдемақысы төленіп, тұрмысы төмен отбасыларының жағдайын көтеру мәселелері оң шешілген. Елбасы қай кезде де жастар тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлуді тапсырып келеді. Осы орайда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласына инвестиция салу арқылы оның деңгейін көтеруге назар аударылғаны қуанышты. Дегенмен, балабақша кезегінде тұрған сәбилер бес мыңнан асады. Кезін­де жеке меншікке өтіп кеткен бала бақшаларды қайтару, бұл іске кәсіп­керлерді тарту, шағын орталық жұмыс­тарын жетіл­діру бағытында ауқымды шаралар атқарылуы тиіс. 2009 жылы 3002 бала өмірге келген және олар­дың шетінеуі төмендесе, қала­лықтарға 79,7 млн. теңгенің дәрі-дәрмек­тері тегін беріліпті. “Жол карта­сы” аясын­да тері-венерология және жүйке-невро­логия диспансерлеріне күрделі жөн­деу жүр­гізіл­ген. Халықтың саламатты өмір салтын қалып­тастыруы мақсатында өткен мерзімде 165 іс-шара ұйымдастырылып, ­бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріліпті. Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдар­ламасын іске асыруда ауқымды істер ұйымдастырылып, жастарды қазақстан­дық патриотизм рухында тәр­бие­леу, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерт­теп, салт-дәстүрді насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізілсе, қалада тұрғызылған бірнеше тарихи ескерткіштер осы мақсатты көздеген деуге болады. – Облыс әкімі бастап, жұрт қоштап, құрылыс­тары жүргізілген мешіт пен шіркеудің біре­гей сәулеттік шеші­мін айтпағанның өзін­де, олардың ел бірлігіне, жо­ғары иман­ды­лық деңгейіне қызмет ететіндері анық. “Тамшыдан – теңіз” дегендей, бұған қала халқы­ның үлесі, қолғабысы бар – деді қала әкімі. – Бүгін­де қала аума­ғын­да 7 қоғамдық құрылым жұ­мыс істейді. Әсіресе, Жетісу мемле­кет­тік уни­вер­­си­теті студенттерінен жасақталған “Жас қыран” ерікті жасағы, күзет агент­тіктері қызмет­керлерінен жасақталған қоғамдық көмек­шілер жұмысы кри­миногендік жағдайды жақсартуға ықпал етіп отыр. Қала басшылары мың жарымға жуық адамды жеке қабылдап, 440 өтініш оң шешілсе, басқа мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріліп, азаматтардың құқықтарының қорғалуына назар аударылған. Қоғамдық оң пікір қалыптастыру мақсатында қала әкімдігі жанындағы 10 ақпараттық-насихат тобының Елбасының “Қазақстан-2030” ұзақ мерзімді Стра­тегиясын, биылғы халыққа Жолдауын түсіндіріп, насихаттау бағытындағы жұмыстары басталып, Ұлы Жеңістің 65 жыл­дығын лайықты қарсы алуға дайын­дық, әрбір ардагерге ерекше құрмет, ілтипат көрсету мәселелері бойынша да дәйекті істер жалғасатыны жеткізілді. Әкімнің есебінен кейін жарыссөзге шыққан “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі, Жетісу мемлекеттік универ­ситетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жүрген Әсем Өскенбаеваның сөзі жиналғандарға ой салғандай болды. – Ұлы істер бірден істелінбейді, адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса жемісті болмай­ды, – деді ол. – “Пейіліне қарай – пейіші” демек­ші, жанды басшылықпен қаламыз пейішке айналды. Жастар қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүрсе, 276 студент облыс әкімінің гранты­мен дәрігер, ұстаз, заңгер, энергетик, экономист, тағы басқа мамандықтарда білім алуда. Мұндай қам­қорлық қанаттандырып, өңірдегі белсенді жастар “Ауыл шаруашы­лығы жастар отрядын” құру жөнінде бастама көтердік. Жастарды жұмыспен қамту үшін өндірістік коопера­тив­тер мен шаруа қожалықтарына көктемгі, күзгі науқан кезінде алтын дәнді егіп, өсіріп, жинауға қолұшын беру арқылы ауылшаруа­шылық жұмыс­тарына белсене қатысу, бейімделу міндетіміз. Бастама “Нұр Отан” ХДП-ның респуб­­ликалық, облыстық филиалдары­нан қолдау тапса, осы көктемнен бастап жастардың қажыр-қайраты мен ерік-жігері дала жұ­мыс­тарына бағытталмақ. Баяндаманы тал­қылаған №2 орта мектеп дирек­торы Ләззат Есботанова, “Механо­мон­таж” серік­тес­­­ті­гінің директоры Лео­нид Михайлов­ский, қала­лық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Тыныс­баев, қалалық футбол федерация­сының вице-президенті Алек­сандр Никулин, “Ажар ТФ” дирек­торы Лилия Тигай және басқалары ұсы­ныс-тілектерін айтты. Қала әкімінің жыл ішін­дегі атқарған жұмысына оң бағаларын берді. Есеп беру жиынына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, Жетісу жұртшылы­ғының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудағы шешімін тапқан мәселе­лерге тоқталды. Елбасының биылғы Жолдауының маңызына назар аударды. Алдағы уақытта қала әкімдігіне өнеркәсіп саласын дамыту мен инвестиция тарту­дағы белсенділіктерін арт­тыруды міндет­те­ді. Есепті кезеңдегі қала әкімінің жұмысын бағалаумен қатар, әлі де атқарылуға тиісті міндеттерді алға қойды. Күмісжан БАЙЖАН, Талдықорған.