26 Қараша, 2011

Мерейтой қарсаңында екі әлеуметтік жоба аяқталды

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Республика Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компа­ния­сы Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жалпы құны 6,5 миллион АҚШ долларына жуық екі ірі әлеуметтік жобаны ойда­ғыдай аяқтағандығы туралы жария етті. Жергілікті инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында, жекелей алғанда, ҚПО Ақсай қаласының 10-шағын аудандағы қазандыққа қайта жаңғырту жүр­гізді, сондай-ақ Ақбұлақ жер­асты сулары кен орнынан қала­ны қосымша сумен жабдықтау жобасы да жүзеге асырылды. ҚПО бас директоры Джузеппе Пази бұл орайда «Республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­са­ңында осы екі заманауи әлеу­меттік нысанды аяқтағанымызға қуаныштымыз. Жергілікті ин­фра­­құрылымды жақсартуға ҚПО-ның салған инвестицияларының арқасында, өңірде жаңа мектептер, ауруханалар, спорт имарат­тары салынып, жолдар төселді, сондай-ақ Ақсай қаласында жә­не көптеген елді мекендерде газбен және сумен жабдықтау жүр­гізілді» – дейді мақтанышпен. – «ҚПО-ның әлеуметтік бағдарла­масы Өнімді бөлу туралы түп­кілікті келісімнің іс-әрекеті мерзімі ішінде жарты миллиардтан аса АҚШ доллары көлемінде инвестицияларымен қарасты­рыл­ған, бұл ел игілігі үшін Ба­тыс Қазақстан облысын одан әрі дамытудың кепілі болады». Бұл ретте БҚО, Бөрлі ау­данының әкімі Болат Шәкімов «ауданның әлеуметтік инфрақұ­рылымын жақсарту ҚПО-ның әлеу­меттік жауапкершілігінің көр­­некі үлгісі болып табылады. Жергілікті билік органдары мен ҚПО-ның ынтымақтастығы Қа­ра­шыға­нақ­­тың әлеуетін тиімді пайдалануды көздейді, ол өз кезегінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларына оң­ды өзгерістер әке­лері сөзсіз. Ком­пания Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің 20 жылдығы қар­са­ңында ауданның барлық хал­қы­на тамаша тарту жасады» деп шынайы ризашы­лығын білдірді. Қазандықты іске қосу Ақсай қаласының 10-шағын ауданын жы­лумен және ыстық сумен жаб­дықтауды тұрақты қамта­ма­сыз етуге толық мүмкіндік берді, оның ішінде ҚПО-ның әлеу­мет­тік бағдарламасы аясында 2010 жылы салынған 900 оқушы оқи­тын жаңа мектеп те бар. Жылға жетер-жетпес уақыт ішінде мердігер – жергілікті «Ақсайспец­монтаж» ЖШС компаниясы жұ­мыстардың үлкен көлемін ор­ын­дады. Қазандықтың ескі ғи­ма­ра­тын бөлшектеп жаңа құрылыс тұрғызды, 2 қазандықты монтаж­дап, қазандарды орап, сорғылар­ды орнатты. Бұған қоса су дай­ындау қондырғысын қатарға қо­сып, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика жүйесін монтаж­дады. Электронды жабдықпен жабдықталған заманауи қазан­дық­тар газ тұтынуды екі есеге дейін төмендетуге, жылу шығы­нын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Қосымша сумен жабдықтау жо­басын жүзеге асыру Ақсай қа­ласының және Қызылтал кен­ті­нің тұрғындарын үздіксіз сумен тұрақты қамтамасыз етті. Құ­ры­лыстың мердігері болып отан­дық компания – «Спец­строй­сервис» ЖШС тынды­рым­ды іс атқарды. Бұған дейін қала халқы ауыз суды Бестау су қой­масынан алып келген еді, оның өнімділігі тәулігіне 7300 м3 бо­латын. Ал­ай­да, қаланың шағын аудан­дары мен Бестау кентін да­мыту ауыз сумен қосымша жаб­дық­тауды талап етті. Құрылыс екі кезеңге бөлініп жүргізілді. Ал­дымен сорғы стансасы бар су қоймасы салынды, оның құра­мына екі терең ұңғыма тереңге батыры­латын сорғысымен, суды есепке алатын және бөлетін блок, сон­дай-ақ полиэтиленді құ­быр­лардан тұратын суағар кірді. Екінші кезең барысында Ақ­сай қаласына дейін тартылған суа­ғары бар сорғы стансасы тұр­ғызылды. Ол Ақсай қаласына және іргелес жатқан Ақсу мен Жаңақос елді мекендеріне су құ­быры желісіне су беру үшін ар­налған еді. Жаңа су қоймасы имаратының өнімділігі тәулігіне 1980 м3 болып отыр. Бұл, әсіресе жазғы кезеңде ауыз су тап­шылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Марат АҚҚҰЛ.