26 Қараша, 2011

Ұлы жеңістерге халықпен бірге жетеміз

464 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

БӘРІМІЗДЕ БІР ОТАН, БАСТА БІЗДІ, «НҰР ОТАН»!

Мен ел болашағын айқындауға мүмкіндік беретін осы сындарлы сынақта Қазақстан халқы қолдау көрсетіп, «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алады деп  кәміл сенемін.

Н.НАЗАРБАЕВ.

(«Нұр Отан» партиясының  ХІV съезінде сөйлеген сөзінен).

ҰЛЫ ЖЕҢІСТЕРГЕ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕТЕМІЗ

Қазақстан Республикасының Президенті,  «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның  ХІV съезінде сөйлеген сөзі

Құрметті съезд делегаттары!

Қадірлі қонақтар!

Менің партиялас серіктерім!

«Нұр Отан» партиясының ХІV съезі біз үшін мерейлі меже – ел Тәуелсіз­ді­гі­нің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында өтуде. Біз жасампаз жиырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды ба­сып өттік. Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұраттас серіктерім топ­тасқан партия тәуелсіздік жылдарында қо­ғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді. Шын мәнінде халықтық ұйымға ай­налған «Нұр Отан» менің бастамалары­ма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйыт­қысы болуда. Осылайша біз биік белестерді бірге бағындырдық. Тәуелсіздіктің жасампаз жиырма жыл­дығы – елдігімізді орнықтыру жо­лын­дағы алғашқы кезеңнің мерейлі қо­рытындысы. Біз мыңжылдықтың үшінші онжыл­дығына қадам басу арқылы ел да­муы­ның жаңа кезеңінде тұрмыз. Бүгінде дамудың 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық Страте­гия­сын жүзеге асыра бастадық. Ғасырлық мәні бар бұл жоба бізге жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүк­тейді. Оның үстіне, болашақтың не ұсы­нарын болжап білу қиын. Көптеген елдер дағдарыс дауылына шыдас бермей, шайқалуда. Сондықтан бұл кезеңді біз биік рухпен, кең тыныспен, тың серпінмен бастағанымыз абзал. Ол солай болғалы да тұр. Баршаңыз білесіздер, жаңа жылдан кейін елімізде Мәжіліс сайлауы өтеді. Бұл жолы Мәжіліс сайлауымен бірге жергілікті мәслихаттардың да  сайлауы қатар өтетіні белгілі. Сайлау қорытындысы бойынша, Конс­титуцияға сәйкес, Мәжіліс кем дегенде екі партиядан тұруы керек. Елімізде саяси партияларға алғаш рет осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – сайлаудың жауапкершілігі мен жүгін арттырып, партиялар арасында шынайы бәсекелестікті қыздыра түсе­тіні анық. Мен ел болашағын айқындауға мүмкіндік беретін осы сындарлы сынақта Қазақстан халқы қолдау көрсетіп, «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алады деп  кәміл сенемін.

Құрметті делегаттар!

Менің қымбатты серіктерім!

Бұл жолғы съездің Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өтуінің нышандық мәні бар. Біріншіден, біз елімізді қалыптасты­ру жолындағы  екі онжылдыққа созыл­ған ерен еңбегіміздің қорытындысын шығарып, оны лайықты аяқтаудамыз. Оның соңғы бес жылы табысты Қазақстан жолы үшін шешуші болды. Олар қазіргі Парламенттің жұмысымен тұспа-тұс келді. Дәл осы жылдар біздің халқымыз­дың ұлы берік бірлігін, оның мызғымас топтасқандығын айғақтап берді. Біздің ашық экономикамыз планета­мыз­дың барлық тарихындағы қаржы-экономикалық дағдарыстың қатал емтиханына төтеп бере алды. Біздің саяси және әлеуметтік жүйе­міз нақты, тұрақты және тиімді жұмыс істеді. Мұнда «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тиялық партиясының орасан еңбегі бар. Екіншіден, біз бүгін іс-қимылдың «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары» деп аталатын Ұлттық жоспарын партияның алдағы Мәжіліс сайлауындағы жос­пары ретінде бекітетін боламыз. «Нұр Отан» қашанда нақты істердің партиясы болды және болып қала береді. Біздің сайлауалды тұғырнамамыз – бұл Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен «Қа­зақ­стан-2030» Стратегиясының өз кезе­ңіне нақты белгіленген құрамдас бөлігі. Және біздің ортақ міндетіміз – сай­лауалды күресте біздің партиялық мін­дет­теріміздің  түбегейлі мазмұнын әр сай­лаушыға, әр қазақстандыққа жеткізу! Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы­ның тарихы бүгін басталады. Сондықтан 15 қаңтардағы парламенттік сайлау – бұл болашақтың ақиқат сәті деуге болады. Мен біздің «Нұр Отан» партиясын қазақстандықтардың бүкілхалықтық қолдайтынына сенімдімін. Бізге, нұротандықтарға тек жеңіс керек! Ол белгіленген бағдарламаларды орындауды жалғастыру және барлық азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қажет.

Құрметті делегаттар!

Бес жылға жуық уақыт бұрын, ал­ғаш рет партиялық тізімдер негізінде өткізілген Мәжіліс сайлауында біздің партия сайлаушылардың абсолютті көп­шілігінің қолдауына ие болды. Бүгін осы съездің мінберінен біз мақ­танышпен мәлімдейміз: «Нұр Отан» партиясы 2007 жылғы сайлауға барған Халықтық тұғырнама мерзімінен бұрын орындалды. Және бұл біздің ортақ жеңісіміз! Бұл біздің халқымыздың жеңісі! Өйткені, біз оны әлемдік дағдарыс­тың аса ауыр жағдайында жүзеге асыр­дық. Себебі, тұғырнама түзілген кезде біз осындай дауылмен бетпе-бет келеміз деп ойлаған жоқпыз. Ол, әрине, қан­дай да бір түзетулер енгізді, бірақ біз жолымыздан адаспай, белгілеген және уәде берген міндеттердің үдесінен шықтық. Толық емес бес жыл ішінде Қазақ­стан экономикасының көлемі 2 есе ұл­ғайды. Тек осы жылы ғана инновациялық үлгідегі 350 жаңа кәсіпорын салынды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылында біздің ауылдықтар рекордтық 30 миллион тонна астық жинады. Біз әлемде ұн экспорты жөнінен бірінші орынды төртінші жыл қатарынан ұстап келеміз. Қазақстан шет ел инвестициясын әлемде ең көп тартқан көшбасшы 20 ел қатарына енді. Тіпті құрылыс саласы үшін  күрделі кезеңнің өзінде 19 миллион  шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Жарты миллионнан астам қазақ­стан­дық өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жұмыссыздық деңгейі 7-ден 5,4 пай­ызға дейін төмендеді. Біз халық әл-ауқатының жаһандық рейтингінде әлемдегі алғашқы 50 мем­лекеттің қатарына ендік. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көле­мі биылғы жылы 10 мың доллардан  астамды құрайды, ал 2015 жылға қа­рай 15 мың долларға жетеді. Біз кезінде бұл туралы тіпті армандай алдық па? Бүгінде осы көрсеткіш бойынша біз, басқа көршілерімізді айтпағанның өзін­де, Украинадан 2 еседен астамға  асып түстік. Біз Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің алдында тұрмыз. Төрт жарым жылда тұрғындардың ақшалай табыстары, бюджет саласын­дағылардың еңбекақылары, студент­тердің стипендиялары 2 есе өсті. Зейнетақы төлемдері мен бір жасқа толмаған сәбиді күтіп-баққаны үшін жәрдемақылар 2,6 есе өсті. Білім беруге, ғылым мен денсаулық сақтауға шығындар 2 есе ұлғайды. Бүкіл еліміз бойынша шамамен 4 мың жаңа балалар бақшасы ашылса, бұл туралы мен өзімнің Жолдауымда тапсырма берген болатынмын, 350 мектеп, 50 шақты колледж салынды. Жаңа Назарбаев университеті, бола­шақтың Интеллектуалдық мектептер желісі құрылды. Біз ғылыми-инновациялық сала ре­формасына кірістік. Қажетті заңдар қа­былданып жатыр, ғылымды қаржылан­дыру ұлғайды, тиісті заң қабылданды. Қазақстанда 150-дей жаңа емхана, аурухана мен медицина орталықтары тұрғызылды. Астанада біздің денсаулық сақтау саламыздың флагманы – Болашақтың госпиталі құрылу үстінде. Қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығы   2 жылға артып, ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды. Халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде Қазақстанды ең жедел өсіп отыр­ған әлем экономикасының үштігі­не қосты. Біздің алдымызда тек Катар мен Қытай ғана тұр. Әлемдік дағдарыстың қиын жыл­дарында біз өзіміздің әлеуметтік  міндеттерімізден бас тартпай, Халықтық тұғырнаманың міндеттеріне  адалдық таныттық! Мен айтқан осы сандардың барлы­ғының артында бүкіл  халықтың және, әрине, біздің «Нұр Отан» партиясының ауқымды жұмысы тұр. «Нұр Отан» партиясының парламенттік көпшілігінің негізінде жасақ­тал­ған біздің Үкіметіміздің дағдарыс жағ­дайында кәсібилікпен жемісті жұ­мыс істегенін атап өту керек. Парламенттік фракция қажетті заң­дарды, оның ішінде дағдарысқа қарсы заңдарды да қабылдауды қамтамасыз етті. Мен съезд мінберінен Мәжілістің барлық депутаттарына олардың қыз­меті кезеңіндегі жауапты, нәтижелі жұ­мыстары үшін шынайы ризашы­лығым­ды білдіргім келеді. Партия олардың орасан тәжірибесін пайдалануы тиіс екеніне сенімдімін. Мен депутаттардың көпшілігі қайта сайланады, ал кімнің мандаты аяқталса – партия бұл адамдар өздерінің тәжіри­белерін атқарушы билік органдары мен біздің партияның органдарында пайда­ланулары үшін қамқорлық танытады ғой деп ойлаймын. Біздің мәслихаттардағы депутаттық топтарымыз, партияның өңірлік фи­лиал­дары өңірлерде Жол картасының, Тұрғындарды еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясының орындалуы үшін адал еңбектенді. Барлық өңірлерде тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық кешенін жаңғыр­ту, жол жөндеу мен салу, қалалар мен ауылдарды абаттандыру бойынша біз­дің тарихымызда бұрын-соңды болма­ған жұмыстар жүргізілді. «Нұр Отан» партиясы  Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Қазақстанның кәсіподақтарымен, қоғамдық бірлестіктерімен барлық бағыттар бойынша тығыз жұмыс істеді. Күрделі кезеңде біз тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді көзіміздің қа­рашығындай сақтадық. Бұл Қазақстан бүкіл әлемде  айтса сенгісіз  бедел мен құрметке қол жеткізген нәтиженің берік негізі болып табылады. Біздің әлемдік аренадағы табыс­тарымыз – барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер үшін бірегей және теңдессіз. Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ягланд мырза таяудағы біздің әңгімеміз барысында «әлемдегі кез келген адам Қазақстанның өңірде ғана емес, сон­дай-ақ әлемдік аренада үлкен табысқа жеткенін айта алатынын» айрықша атап көрсеткен еді. Бұл – сыртқы бақылаушының біздің жұмысымыз бен табыстарымызға берген шынайы бағасы. Мен біз үшін бұл ерекше жағымды ғой деп ойлаймын. 2010 жылы Қазақстан аса ірі халық­аралық ұйым – ЕҚЫҰ-ны лайықты басқарды. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті біздің және бүкіл әлемдік тарихтың алтын парағының бірі болды. Қазір, өте күрделі уақытта, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалық миссияны атқарудамыз. Біздің еліміз жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық позиция­сын айтарлықтай нығайтты. Біздің ядролық қарусыздану мен таратпау үдерісіне дәйекті қатысушы ретіндегі үлгіміз қазіргі әлемде ешқандай талас туғызбайды. Біз, өздеріңіз білетіндей, идеясын 17 жыл бұрын мен ілгерілеткен еуразия­лық интеграция саласында сапалық сер­пінділікке қол жеткіздік. Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден одағы жұмыс істей бастады. Бір апта бұрын Мәскеуде 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономи­калық кеңістік қалыптастыру туралы үш жақты уағдаластыққа қол қойылды. Бұл қадам біздің Тәуелсіздігіміздің тағы бір кепілі болып табылады және біздің сыртқы экономикалық қауіпсіз­дігіміз бен өңірлік тұрақтылығымызды айтарлықтай нығайтады. Айтылғандардың барлығы – біз 5 жыл бұрын жариялаған партия тұғыр­на­масын іс жүзінде орындаудың нақты нәтижесі. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы халық бірлігінің, елді тек қана алға – жаңа жеңістер мен асуларға шешімділікпен жетелейтін мұқалмас ерік-жігердің партиясы болды және болып қала береді!

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті съезд делегаттары!

Біздің еліміз ауқымды модернизация дәуіріне аяқ басып келеді. Біз жаһандық дамумен ортақ ырғақ­қа ендік. Елді дамытудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері тұтас он­даған жылдарға бұрын жасалған. 2017 жылға қарай экономиканың шикізаттық емес секторына инвести­ция­лар 15 пайызға өседі. ІЖӨ құрылымында өңдеуші өнді­ріс­тің үлесі айтарлықтай артып, дайын өнім экспорты 40 пайызға ұлғаятын болады. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі бір жарым есе артады. Металлургия және химия сала­ларындағы өндіріс көлемі екі еселенеді. Біздің жеңіл өнеркәсіп өнімдеріміз ішкі рынок сұранысының үштен бірін қамтамасыз ететін болады. Тұтастай алғанда, біз болаша­ғы­мызды ХХІ ғасырдың басты сынақта­рын қаперге ала отырып елестетеміз. Бүгінде біз әлемдік дағдарыстың тіпті көптеген жылдар бойы даму мен тұрақтылықтың үлгісі саналған мемле­кеттердің өзін қалай коррозияға ұшы­ратқанын көріп отырмыз. 2009 жылы-ақ мен әлемдік қаржы жүйе­сін реформалау бастамасын көтерген болатынмын. «Дағдарыстан шығудың кілті» атты ма­қа­ламда мен дағдарысқа қарсы опа­лан­ған шаралар әлемді жаһандық дағ­да­рыстың жаңа толқындарында опа бермейтінін жазған едім. Және қазірде оқиғалардың дамуы мұн­дай бағамның әділдігін көрсетіп отыр. Мен өзімді оптимистердің де, пес­симистердің де қатарына қоспаймын. Бүгінде жаһандық катаклизмдерге дағдарыс әлсіреткен экономикаларға мемлекеттік берешектің өсімі алып келуі ықтимал екені айқын. Қаржы дағдарысы мен оған ере келген рецессиялар осал орта қалып­тас­тыр­са, назар аударусыз қалдырылған тәуе­келдер ертеңгі дағдарысқа айналады. Еуропада не болып жатқанына қа­раңыздар. Дефолт қатері Грекияның, Испания­ның, Италияның, Португалияның ал­дында тұр. Домино әсерінен қауіптенген Еуро­одақ елдерінің басым бөлігі бүгінде белгілі бір деңгейде көмек сұрауға мәжбүр. Әлеуметтік проблемалар Америка Құрама Штаттарында, Австралияда өткір көрінуде. Барлығына ауыр тиіп тұр. Әлемдік дағдарыс,  әрине, бізге де әсерін тигізетін болады. Және ол өткен кезеңдегідей біздің жоспарларымызға да түзету енгізуі ықтимал. Сондықтан, барлық табыстары­мызға қарамастан, біз кез келген күт­пе­ген жағдайларға дайын болуға тиіспіз. Қазіргі заманғы саясаттың басты мәселесі – мемлекеттің нақты бағ­дары туралы мәселе. Ондаған елдердегі қазіргі мазасыз оқиғаларды, жалпылай алғанда, мемлекеттік құндылықтар дағдарысы деп атау­ға болады. Әлем қоғамның басты игілігі құдды бір ақша болып табылатындай, айырбас пен жинақтау құралынан жалған «жо­ға­ры құндылықтарға» айналып, монетаризм идеясын елеусіз ғана «жұтып қойды». Сондықтан, қазіргі мемлекеттерді сауықтыру – өлшеуге болмайтын арқау­лық құндылықтарға қайта оралу. Әділеттіліктен ауытқудың өзі әлем­дік дағдарыстың түбегейлі себебі бо­лып табылады. Әділеттілікті қалпына келтіру дағ­дарыстан кейінгі әлемнің негізі болады. Әділетті халықаралық қатынастар қажет. Әділ әлемдік валютадағы әділ ха­лық­аралық қаржы жүйесі қажет. Бай және кедей елдер арасындағы айырмашылық өсе түсуде. Бүгінгі әлемде көптеген адамдар экономикаға толыққанды қатысу, әлем­дік экономикалық өсудің барлық игіліктерін алу мүмкіндіктерінен айырылған. Бұл тепе-теңсіздіктерге, әлеуметтік шиеленістер мен дау-жанжалдарға апарып соқтыруда. Мен осыған дейін де айтып келгендей, Қазақстан ел азаматтарының эко­но­микалық өсуге кеңінен қатысуына жол ашатын меншіктің ең жаңа құры­лы­мын қалыптастыруға кірісті. Халықтық ІРО жүйесі арқылы қа­зақ­стандықтар елдің стратегиялық ак­тивтерінің меншік иелері бола алады. Оның не екенін халыққа түсіндіру қажет. Әлемдік деңгейде танылған ірі ұлттық компаниялар акцияларының бір бөлігін алу арқылы біздің азаматтары­мыз еліміз байлығына иелік етіп, дивиденттер мен табыстар тауып тұра алады. Келесі жылдың өзінде-ақ халықтық ІРО-ға алғашқы болып «ҚазТрансОйл», «KEGOK» және «Эйр Астана» шығады. Олардан соң қалған ірі ұлттық компа­ния­лар да қосылады. Ал 2014-2015 жыл­дары «ҚазМұнайГаз» шығатын болады. Халықтық ІРО бағдарламасы – ән­шейін жаңа бұқаралық жекешелендіру емес. Ол лайықты өмір сүріп жатқан жаңа меншік иелерінің бұқаралық табын құру үдерісі. Халықтық ІРО үшін сенімді құқық­тық негіз қалыптастыру және дамыту Мәжілістің келесі құрамының бірінші кезекті міндеті болып табылады. Мұның сыртында барлық құқық қорғау органдарындағы реформаларды тереңдетіп, жұмысты жалғастыру қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейте түсу керек. «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жем­қорлықпен күрес жөніндегі үш жүз­ден астам қоғамдық кеңестердің жалпыұлттық желісін құрып, оған басшылық жасап отыр. Азаматтардың бір мыңнан астам өтініштері қаралып, олардың көпшілігі бойынша қылмыстық істер қозғалды, нақты шенеуніктер жазаланды. Біз сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде ымырасыз болуға тиіспіз. Партия сыбайлас жемқорлыққа қар­сы кең көлемді қозғалыстың басында болуға тиіс және болады да. Білім беру мен денсаулық сақтаудың әділ жүйесі, әділ әлеуметтік қорғау, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – бұлар біздің дамуымыздың жаңа күн тәртібіндегі мәселелер. Олар «Ұлттық іс-қимылдар жоспа­ры. Қазақстан. 2017-нің мақсаттарын­да» көрініс тапқан. Біріншіден, білім беру саласында біз ата-аналар балаларының оқуына қар­жы жинау үшін дер кезінде аша ала­тындай оқыту депозиттері жүйесін енгізуіміз керек. Келесі бес жылда 3 мыңнан астам балабақшалар мен мектеп жасына дейін­гілер үшін дамыту орталықтары ашы­лып, кемінде 400 жаңа мектеп салынады, әлемдік деңгейдегі кәсіптік колледждер желісін құру жөніндегі жоба жүзеге асырылады. Барлық білім беру ұйымдарының 90 пайыздан астамын кең жолақты интер­нет­ке қосу, 60 пайызында электронды оқы­ту жүйесін енгізу міндетін алға қоямын. Педагогтардың еңбекақылары олар­дың біліктілігіне байланысты 30 пайыздан 100 пайызға дейін өседі. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі үш жаңа дәрігерлік амбулаториялармен, елу емханалармен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен толығатын бо­лады. Әр облыста авиацияны қолдану ар­қылы шұғыл көлік медицинасы енгізі­леді. «Денсаулық» медициналық пой­ыз­дарының саны артады. Сапалы медициналық қызметтер қол­жетімді болу үшін барлық қазақ­стан­дықтарға бірдей жағдайлар туғызылады. 2017 жылға қарай ана мен бала өлімі көрсеткіші бір жарым есе төмендетіледі. Үшіншіден, әділ әлеуметтік жүйе – бұл ең алдымен лайықты зейнетақылар мен әлеуметтік әлжуаз халыққа төле­нетін өтемақылар. 2017 жылға қарай арқаулық зейнет­ақы төлемдері мен атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 60 пайызын құрайтын болады. Сонымен бірге, мүгедектер мен мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақы­лар­ды ықтимал алушылардың өзге топ­тары­ның өз әлеуеттерін жүзеге асыру­ла­ры үшін мүмкіндіктерді кеңейту жө­нінен нақтылы жұмыс жүргізу қажет. Таяудағы бес жылда несие сомасы 3 миллион теңгеге дейін жететін селолық кәсіпкерлерді шағын несиелеу бағдар­ламасы жүзеге асырылатын болады. Сіздер «Жұмыспен қамту – 2020» бағ­дарламасының жүзеге асырылып жат­қанын білесіздер. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Бұл біз­дің негізгі көмегіміз. Мемлекет бүгінде көмек көрсетіп отыр. Ауылдық жерде іспен айналысқысы келетіндер үшін – ол 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелер. Онда жұмыс істей алмай­тын­дарды біз мемлекет есебінен қалаларда оқуға шақырамыз, оларды тұрғын үй­мен қамтамасыз етіп, жұмысқа орна­лас­тырамыз. Мұны түсіндіру керек. Бұл біздің жағдайымызда өте маңызды бағдарлама. Бізде өте көп мигранттар жұмыс істеуде. Қазақстанда жұмыс­сыз­дар саны мейлінше аз болуы тиіс. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Бірақ, ең алдымен, адамның өзінің ең­бек етіп, өзінің және өз отбасының тұр­мы­сын жақсартуға деген ниеті болуы қажет. 2018 жылы Қазақстан тұрғындары­ның табыс деңгейі жоғары елдер то­бына енуі тиіс. Төртіншіден, алдағы бес жылда 24 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету қажет. Жергілікті әкімдіктерге азаматтар­дың, әсіресе, жас отбасылардың тұр­ғын  үй жинақ салымдарына қымбат емес тұрғын үй құрылысын жүргізуіне қолдау көрсетілетін болады. Біз қалаймыз ба, әлде қаламаймыз ба, ауылдан қалаға көшу жүріп жатыр. Ол жалғаса беретін болады. Негізінен олар орнықты жағдайы, ешқандай ма­ман­дықтары жоқ жастар. Біздің міндетіміз барлық жерлерде, барлық қала­лар­да, облыстарда, өңірлерде олардың белгілі бір жерлерде өмір сүріп, осы бағ­дарлама бойынша мамандықтарға оқып және іске араласуына жағдайлар жасау. Тұрғын үй тақырыбын жалғастыра отырып, аз қамтамасыз етілген азамат­тар­дың жөндеу жұмыстарына атаулы кө­мек және құрылыс жүргізуге мақсат­ты жарналар алатындығын айтқым келеді. 2017 жылға қарай қалалардың бәрі орталық сумен жабдықтаумен 90 пайыз қамтамасыз етіледі, 30 мыңнан астам коммуналдық желілер қайта жаңғыр­тылады. Біздің елімізде коммуналдық істер бойынша ешқашан мұндай көлемде жұмыс жүргізілген емес. Бесіншіден, әділ жастар саясаты жас қазақстандықтардың индустрия­лан­дыру бағдарламаларына белсенді атсалысуына негізделетін болады. Біз жас мамандарға, жас отбасы­ларға қолдау көрсету бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Қарулы Күштерде, полицияда және өзге де құқық қорғау органдарында қызмет арқылы Отанға қызмет ету мамандығын таңдаған жастарға тұрақ­ты қамқорлық жасау – айрықша мәселе. Біз бұл жерде әскери қызметшілер отбасылары үшін орын алған тұрғын үй проблемаларын толық жабуға тиіспіз. Бұл аспектілердің бәрі біздің сай­лауалды бағдарламамызға енгізілген. Оларды нақтыландыру менің келесі жылғы Жолдауымда одан әрі дамы­ты­латын болады. «Нұр Отан» партиясының «Халық дауысы» акциясына атсалысқан бір миллионнан астам қазақстандықтар Ұлттық іс-қимылдар жоспарының тең авторларына айналды. Біздің партиямыз – халықтық-де­мо­кратиялық, сондықтан ол барлық қа­зақ­стандықтардың мүдделерін бейнелейді. Біздің ендігі борышымыз – барлық кезде де әділдік партиясы болып қалу. Өйткені, ол «Нұр Отан» партиясы­ның ұзақ мерзімді саяси көшбасшы­лы­ғының, қазақстандық сайлаушылар се­нім­дерінің жоғары деңгейін бүтіндей он­даған жылдар алға оза отырып ұстап тұрудың басты кезеңі және негізгі шарты.

Құрметті делегаттар!

Алда тұрған Мәжіліс сайлауы – саяси жүйені модернизациялаудағы маңыз­ды қадам. Орталық мемлекеттік билік орган­дарын жаңарту үдерісі Мәжіліс пен мәслихаттардан басталады. Сондықтан парламентшілердің мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасы терең құрметке лайық. Сайлаушылардың ерік білдіруі ар­қы­лы 2007 жылғы конституциялық ре­форманың маңызды нормасы мерзімінен бұрын жүзеге асырылатын болады. Дауыс беру қорытындысы бойынша алғаш рет кемінде 2 партиялық фрак­ция­ның қатысуымен, көп партиялы негізде жұмыс істейтін Парламент қалып­тастырылады. Одан соң жаңа Үкімет жасақталып, министрліктер мен ведомстволар са­палық тұрғыда жаңарады. Осылардың бәрі барлық саяси партиялардың жауапкершілік деңгейін арттыра түседі. Бүгінде жаңа жағдайлардағы саяси бәсекелестік мағынасының неде екенін айқын түсінудің маңызы зор. Егер әлемге көз салар болсақ, ХХІ ғасырда табысты партияның күші оның әккілікпен сынай білуінде емес. Партияның күші – оның жұрт­шылықты сынақтар соқпағынан алып өту, тұрақтылық пен халық бірлігін нығайта білу қабілетінде. «Нұр Отан» – осындай партия. Біз оны өз тарихымызбен, өзіміздің Қазақстан үшін және қазақстандық­тардың игілігі үшін тынымсыз атқарған жұмысымызбен дәлелдедік. Сонымен бірге Саяси кеңес Бюросынан бастап, бастауыш ұйымға дейін – бәрінің де саяси жұмыстардың жаңа формаларын меңгерулері керек. Бірінші. Біздің партияда кадр саясатының айқын жүйесі болуы тиіс. Аудан мен облыс департаменті бас­шысынан бастап министрге дейінгі мем­лекеттік менеджерлердің жауапты қызметтеріне кадрлар іріктеудегі пар­тияның рөлін күшейту қажет. Екінші. «Нұр Отан» партиясы стра­тегиялық мемлекеттік бастамалар жа­сау­дың орталығы болуға тиіс. Маңызды заңдар мен бағдарламалар жобаларының партия алаңдарында – съездер мен конференцияларда, Саяси кеңестің кеңейтілген отырыстарында алдын-ала талқылануының маңызы зор деп есептеймін.                                                            Үшінші. Партия басшылығы мен оның Парламенттегі фракциясы қыз­меті­нің біртұтас алгоритмі қажет. Барлық мәслихаттардағы нұротан­дық депутаттар жұмыстарын үйлестіру­дің айқын жүйесі болу керек. Төртінші. Жаңа тұғырнаманың орын­далуы партия басшылығының қатаң бақылауында болуы тиіс. Орталық аппаратта индустриялан­дыру­дың, әлеуметтік модернизация­лау­дың, тұрғын үй саясатының, жастар­мен, ардагерлермен, ҮЕҰ-лар және басқалармен жұмыстардың маңызды бағыттары мен жобалары бойынша кураторлар институтын құру қажет. Бесінші. Электораттық кезеңде «Нұр Отан» партиясы өзге саяси пар­тиялармен, кәсіподақтармен және ҮЕҰ-лармен ынтымақтастық туралы сай­лауал­ды меморандумы сияқты құрал­дарды пайдалануы керек. Мен осы сайлауға қатысатын бар­лық саяси партиялар халық алдындағы, ел алдындағы, әлемдік тарихтың күр­делі кезеңі алдындағы және дағдарыс алдындағы жоғары жауапкершілікті бас­шылыққа алып, біздің қоғамы­мыз­дағы тұрақтылықты, тыныштықты сақтау үшін ынтымақтастық танытып, саяси күресте нақтылы және әдепті болады деген сенім білдіргім келеді. Президент ретінде мен жаңа Пар­ламентте де және біздің елімізде де өкілдікке ие барлық саяси күштермен жұмыс істейтін боламын. Барлық парламенттік партиялардың жемісті жұмыс істейтініне, тек қана біздің Отанымыздың ұлттық мүдде­ле­рін басшылыққа алатынына сенімдімін. Біздің халқымызға, біздің ырғақты дамып келе жатқан елімізге керегі де дәл осы.

Қымбатты достар!

Ұлы күн – Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына аз ғана күндер қалды. Мен барлық делегаттарды, барлық нұротандықтарды алда келе жатқан мерейтоймен алдын-ала құттықтаймын! ХХІ ғасырда  тек күшті мемлекеттер ғана табысты дами алады. Көшбасшы саяси партия ретінде «Нұр Отан» елдің болашағы, қоғамда­ғы тұрақтылық пен алдағы ондаған жыл­дарға арналған саяси бағыттың са­бақтас­тығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Сіздердің бәріңіз осы жылдар бойы менің командам болдыңыздар. Сіздер­дің көпшілігіңізді мен ұзақ жылдардан бері білемін. Мен сіздерге сендім және сенемін және әрқайсыңызға үлкен міндеттер жүктеймін! Уақыттың өзі бізден бірлікті талап етіп отырған бүгінгі күні командалық рух пен топтасқандық өте маңызды. Тек солай ғана біз болашаққа, жаңа жеңістерге, жаңа табыстарға бара аламыз! Алға, «Нұр Отан»! Алға, Қазақстан!

Құрметті съезд делегаттары!

Қадірлі қанаттастарым!

Біздің алдымызда елімізді асқар асуларға бастайтын тарихи маңызы зор тағдырлы шешімдер қабылдау міндеті тұр. Мен «Нұр Отан» партиясының ХІV съезі жаңа кезеңге бетбұрыс бастауы болады деп үміт артамын. Біздің қуатымыз – бірлікте. Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп, биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенемін. Біздің бағытымыз айқын, бола­ша­ғымыз жарқын. Ендеше, осы жолда баршаңызға толайым табыстар тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Алға, Қазақстан!