Бұл ретте бірінші бастамаға тоқталсақ, қазіргі күні өңірде 32 мың адам баспана алу кезегінде тұр. Оның 22 мыңға жуығы – Ақтөбе қаласының тұрғындары. Осы мәселені шешу үшін былтыр облыста тұңғыш рет 793 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы меже ең кем дегенде 850 мың шаршы метр баспана салу болатын. Әйтсе де актив жиналысында Президент Үндеуіне сәйкес қосымша міндеттер белгілеу қажеттілігі айтылды. Алдағы кезде қолға алынатын жұмыс осы мақсатқа арқа сүйеуге тиіс. Ал өңір тұрғындарының несие төлеу мүмкіндігі қандай болады деген мәселеге келсек, бұл үшін бірінші кезекте жаңа бастаманың баспанаға қол жеткізудегі тиімділігі туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстары бірінші кезекке қойылмақ.
Елбасы ұсынған екінші бастамаға келсек, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту жөнінде облыста бұған дейін де іс-шаралар кешені белгіленіп, өткен жылмен салыстырғанда биыл олардың жалақысы 15 пайызға көтерілді. Бұл жөнінде газетімізде өткен апталардың бірінде «Жұмысшы жалақысы жөнінде бірер сөз» деген сараптамалық мақалада жарияланды. Жаңа міндетке орай алдағы уақытта 100 мыңнан астам жұмысшы тиісті жеңілдіктер алмақ. Бұл ретте аймақтағы атқарушы билік пен әділет және салық органдарына жаңа міндеттер жүктелген. Іс нәтижелі болуы үшін әрбір ақтөбелік тұрғынның нақты кірісін мұқият есепке алу көзделген. Актив жиналысында үшінші бастамаға сәйкес Ақтөбедегі жоғары және арнаулы оқу орындары басшыларының қатысуымен облыс әкімдігі кадрларға деген қажеттілік мөлшерін айқындауды ұйғарып отыр. Сонымен бірге өңірдің қанша грант алу керектігі Білім және ғылым министрлігімен бірлескен түрде жүзеге асырылмақ.
Активте атап көрсетілгендей, қазіргі күні аймақтағы білім беру ұйымдарында елу мыңға жуық студент білім алады. Ашығын айтқанда мұнда оқушы-студенттерді жатақханамен қамту деңгейі төмен. Айталық арнаулы орта білім беретін оқу орындарында бұл көрсеткіш шамамен 18 пайыз болса, колледждерде 40 пайыз төңірегінде. Жоғары оқу орындарында шамамен 37-40 пайыз. Сондықтан да бүгінгі таңда облыста бірінші кезекте жатақхананы қажет ететін студенттердің контингентін анықтап алу қажеттілігі туындайды. Бұған пәтер жалдайтын немесе ағайындарының үйінде тұратын студенттер де кіруі тиіс. Алдағы уақытта осының бәрі есепке алынып, соған сәйкес тиісті құжаттар әзірленбек.
Үндеуде айтылған төртінші басымдық – шағын және орта бизнесті қолдау жөнінен Ақтөбе республика облыстары арасында алдыңғы лекте тұр. Бұл көрсеткіш өңірдегі экономикалық белсенді тұрғындардың 31 пайызын құрайды. Былтыр облыста шағын несиелеу бойынша екі жарым миллиард теңге қаражат жұмсалған. Сол секілді «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесе атқарылған «Бастау» жобасы аясында жұмысы жоқтарды оқытуға мүмкіндіктер туғызылған. Бүгінгі күні осы жоба бойынша 1500 адам оқытылуда. Оның 31 пайызға жуығы жұмысқа орналастырылған. Шағын және орта бизнеске берілетін несие қаражаты көлемін көбейту мәселесіне келсек, бұған тағы да қосымша 20 миллиард тенге бөлінбек. Әсіресе бұл істі ауылдық жерде одан әрі жақсарту мен жандандыруға басымдықтар берілген. Бұл істен жұмыспен өзін-өзі қамтитындар да тыс қалмайды.
Президент Үндеуіндегі соңғы бастама елді газбен қамтамасыз ету болса – облыста бұл көрсеткіш 88 пайызды құрайды. Бұл республикалық деңгейден 33 пайызға жоғары. Қазіргі мақсат 2020 жылға дейін облыс халқының 95 пайызын көгілдір отынмен қамтамасыз ету болмақ. Актив жиналысында облыстық мәслихаттың депутаты Аманкелді Есіркепов бес әлеуметтік бастамада қойылған міндеттерді шешу әлемдегі 30 ең жақсы дамыған елдің қатарына кірудің басты кепілі екеніне тоқталды. Келесі кезекте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ерденбеков өндіріске қажетті мамандарды даярлау үшін жоғары оқу орнында барлық жағдайлар бар екенін атап көрсетті. Бұл үшін бұған дейін де өндіріс орындары басшыларымен тиісті келісімдер жасалған. Студенттер соған сәйкес білім алуда. Президент бастамасына орай бұл істің ауқымы алдағы кезде одан әрі ұлғаймақ.
Ақтөбе қаласындағы «Люкс Хостель» ЖШС директоры Жанна Алтынбаева елімізде Елбасы тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетіліп келе жатқан қолдаудың шапағатын сезініп жүргенін жеткізді. Активті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, Үндеуде айтылған бастамаларды толықтай орындау үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық бірлесе еңбек ету қажеттілігі жөнінде түйін жасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ