Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Конституциялық новеллаларды іске асыру – Қазақстанның одан әрі көркеюінің кепілі

277 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

10 наурызда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойғанына тура бір жыл толды.

Конституциялық новеллаларды іске асыру – Қазақстанның одан әрі көркеюінің кепілі

Біз сол сәттен бастап жаңа консти­туциялық өзгерістер жағдайында өмір сүріп келеміз. Оның новеллаларының біразы іске асырылып қойылған болса, кейбіреулері әлі жүзеге асырылу сатысында, ал жекелеген тұстары оларға қажетті негіздер туындаған жағдайда қолданылатын болады.

2017 жылғы конституциялық реформа қоғам мен мемлекеттің бірізді даму жолында жаңа заңды кезеңді ашып берді. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты болып табылатын Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруіне қол жеткізу бағытындағы жан-жақты жаңарулар үшін қажетті саяси-құқықтық негіз қалады. Бұл процеске Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы қуатты серпін берді. Жолдаудың көптеген идеялары конституциялық реформаның ережелерімен ұштасады және оларды одан әрі іске асыру бір-бірін өзара толықтырып отыратын болады.

Бүгінде халықаралық ауқымда Конс­ти­туцияны дамып отыратын құқықтық материя ретіндегі қабылдау туралы тезис жалпы танылған. Ол «тірі конституция» деп аталатын тұжырымдаманың негізіне қаланған. Ата Заңды одан әрі жетілдіру оған түзетулер енгізу жолымен, сондай-ақ конституциялық бақылау органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Әдебиетте АҚШ жоғарғы сотының судьясы Ч.Хьюгтің «Конституция дегеніміз – ол туралы судьялардың айтқаны» деген сөздері жиі келтіріледі.

 Дамудың жоғары қарқыны, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, жаһандану, экономикада, саясатта, идеологияда, әлеуметтік салада трансформациялауға әкеліп соғатын қазіргі заманғы қыр көрсетулер (қатерлер) және басқа да факторлар соңғы онжылдықта әртүрлі әлеуметтік-экономикалық фор­ма­цияларға жататын бірқатар мемлекеттерде конституциялық реформалар жүргізуге түрт­кі болды. Олардың географиясы іс жүзін­де бұрынғы кеңестік дәуірдің барлық ел­дерін, Азияны, Африканы, Еуропаны және Латын Америкасын қамтиды. Негізгі заңды ауқымды жаңғырту 2008 жылы – Францияда, 2011 жылы – Венгрияда, Мароккода, 2012 жылы – Бельгияда, 2015 жылы – Арме­нияда, Молдовада, Әзербайжанда, Эсто­ния­да, 2016 жылы – Үндістанда, Қырғыз Рес­пуб­ликасында, Тәжікстанда, Украинада, 2017 жылы Түркия мен Өзбекстанда жүзеге асырылды. Алғашқы кодификацияланған негізгі заң – АҚШ-тың Конституциясына 27 түзету енгізілді.

Қазақстан да Конституция мен қоғамдық және мемлекеттік даму қажеттіліктерінің арасында алшақтыққа жол бере алмайды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Конституцияға демократиялық және құқықтық мемлекеттерде реформаларға негіз болып, жылдам өсу үшін жағдай жасайтын өзгерістер енгізуге бастамашылық жасады.

Конституцияға ревизия жасаудың саналы және терең ойластырылған қадам екенін атап өткен жөн. Оны іске асыруға екі жыл қажет болды. Республика Президенті ол туралы алғаш рет 2015 жылғы наурыз айында болған «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде өзінің бес институттық реформа туралы сайлау алдындағы бағдарламасында мәлімдеді. 2016 жылғы желтоқсанда республиканың Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына арналған салтанатты жиналыста сөз сөйлей отырып, Елбасы мемлекет дамуының жаңа кезеңі елдегі істердің жай-күйіне Парламенттің және Үкіметтің жауапкершілігін күшейту туралы мәселені объективті түрде қоятынын тағы да мәлімдеді. Бұл ретте Қазақстанның, біздің Конституциямызда көзделгендей, президенттік басқару нысанындағы мемлекет болғаны, солай екендігі және солай бола беретіндігі атап өтілді.

Қазіргі заманғы сын-қатерлерді, конс­ти­туционализмнің жалпы танылған қағи­даттарын және ұлттық ерекшеліктерді ес­кере отырып, қажетті жағдайлардың пісіп-жетілуіне байланысты тұтастай алғанда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және саяси жүйені демократияландыру бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен қабылданып келді. Әр кезде конституциялық жаңалықтар кеңінен халықтық сараптамадан өтіп отырды. Өткен жылы жоба халық арасында бір ай бойы талқыланды. Осы уақыт ішінде 6 мыңнан астам ұсыныстар мен пікірлер келіп түсіп, оларды қорыту нәтижелері бойынша кейбір нормалар пысықталды немесе алып тасталды, мысал ретінде Конституцияның 26-бабын айтсақ болады.

Қабылданған заңға біздің еліміздің шетелдік серіктестері де жоғары баға берді. Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясы (Венеция комиссия­сы) өзінің 110-шы жалпы отырысында қорытынды қабылдады. Онда Қазақстанның конституциялық өзгерістерін мемлекетті демократияландыру процесінде ілгері жасалған қадам деп атап көрсетті. Реформа еліміздің одан әрі дамуына дұрыс бағдар береді және айқын ілгерілеуді растайды. Комиссияның пікірі бойынша, Парламенттің және оның палаталарының рөлдерін арттыру, респуб­лика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беруі мен бақылауында болуы тетіктерін күшейту жағымды өзгеріс, ол осының алдында – 1998 және 2007 жылдары жүргізілген конституциялық реформалардың қисынына сай келеді.

Конституцияға түзетулер қабылдау – конституциялық реформаның маңызды кезеңі. Одан кейін маңыздылығы бұдан да кем емес шешуші саты – конституциялық новеллалардың тиісті орындалуын, яғни олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Оның нәтижелері реформаның болған-болмағанының, бастапқыда бастамашы алдына қойған мақсаттарға қол жеткізілгені-жеткізілмегенінің өлшемдері болып табылады. Уақытқа келер болсақ, ол бірнеше жылға созылуы мүмкін, оны отандық және шетелдік тәжірибе растап отыр. Мысалы, 1998 жылы Қазақстанның Конституциясы қылмыстық сот ісін жүргізуді алқабилердің қатысуымен жүзеге асыру мүмкіндігі туралы нормамен толықтырылған болатын. Іс жүзінде осы институт барлық ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайлар жасалғанда 2007 жылы енгізілді.

2017 жылғы 13 наурызда Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойып, уәкілетті мемлекеттік органдарға заңнамалық, ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қабылдауды тапсырды.

Конституциялық Кеңес осы жұмысты өзінен бастап, Ата Заңның бұрын қолданыста болған нормаларына негізделген өзінің бірқатар қорытынды шешімдерін қайта қарады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Конституциялық Кеңес 7 нормативтік қаулысының күшін толық көлемде, ал 23 нормативтік қаулысының күшін ішінара жойды. Оларда ұлттық және халықаралық құқықтардың арақатынасына, Мемлекет басшысы жүзеге асыратын заңнамалық функцияларға, Үкіметті қалыптастыру тәртібі, құрылымы және құзыреттеріне, оның шешімдерінің күшін жоюға немесе тоқтата тұруға, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітуге, Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіруге, азаматтардың кейбір құқықтары мен бостандықтарын шектеу шектеріне, ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтардың тізбесі және оларды қорғау тетіктеріне, прокуратура, сот жүйесі және басқа да институттардың мәртебелері мәселелеріне қатысты құқықтық ұстанымдар мазмұндалған болатын.

Конституциялық Кеңес шешімі белгіленген және басқа да институттардың мазмұны мен сипатын қайта қарауға және оларды құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге жол ашты. Өткен айлар ішінде конституциялық дамудың жаңартылған үлгісіне көшу бойынша міндеттерді жылдам шешу қажеттілігінен туындаған заңнамалық процестің жоғары үрдісі байқалды.

Мемлекет басшысының заң шығару бастамашылығымен республика Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Парламент және оның депутаттарының мәртебесi, Үкімет, Конс­титуциялық Кеңес, сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесі, сайлау және респуб­ликалық референдум туралы консти­туциялық заңдарға өзгерістер енгізілді.

Реформа мемлекеттік басқарудың тиімділігін және Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру мақсатында Президенттің билік өкілеттіктерін оларға ауқымды түрде қайта бөлуді жүзеге асырды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 11 конституциялық заңда, 11 кодексте және 80 заңда қарастырылған 35 өкілеттігі Парламент, Үкімет және орталық мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар өкілеттіктері мен жауапкершілігі кеңейтілген жағдайда жұмыс істеуде.

Парламентаризмді дамытуға байланысты конституциялық новеллалар Парламенттің мәртебесін және заң шығармашылық процесін, оның атқарушы билік қызметін бақылау функцияларын күшейтуге әкелді. Осы жылдар ішінде қос палаталы Парламент 2,5 мыңнан астам заң, соның ішінде 11 конституциялық заң және 20 кодекс қабылдады. Құқық шығармашылық практикасында жыл сайын салалық құқық нормаларының тиімділігін бағалауды Конституцияда бекітілген маңызды қағидаттар мен мақсаттарға қол жеткізу (немесе қол жеткізе алмау) призмасы арқылы жүргізу ұстанымы нығайтылып келеді.

Өткен жылы жаңғыртылған Парламент экономика және басқа да салаларда терең қайта құрылымдау жүргізуге негіз қалаған жаңа Салық, Кеден, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстерді қабылдады.

Конституцияның 2-бабын «Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгіленуі мүмкін» деген 3-1-тармақпен толықтыру 2018 жылдың басында іске қосылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымын құру бойынша пәрменді шаралар қабылдауға мүмкіндік берді.

Осылайша, конституциялық реформа өзіндік конституциялық мәтінімен ғана шектелген жоқ, бүгінде ол заңнамадағы, соның ішінде заңға бағынысты реттеу деңгейіндегі елеулі өзгерістермен расталды. Осы шаралар 2000-жылдардан бастап рет-ретімен іске асырылып келе жатқан әкімшілік реформаның жалғасы болып табылады.

Функцияларды бөлу – бір органның құзыретінен алып, екіншісіне беру ғана емес, сонымен бірге қабылдап алушы органның жауапкершілігін арттыра отырып, олардың мазмұнын және іске асырылу тәртібін нақтылау. Ол бірінші кезекте азаматтардың мүдделері үшін жасалады.

Біз қазірдің өзінде мемлекеттік басқару жүйесіндегі жағымды өзгерістерді байқап отырмыз. Үкімет бұрын Мемлекет басшысы жүзеге асырған жаңа өкілеттіктерге жауапты түрде қарап отыр. Мәселен, Үкіметтің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

«Соттар және сот төрелігі» бөліміне енгізілген өзгерістер сот реформасын одан әрі жалғастыру үшін құқықтық негіз қалады.

Қылмыстық процесте сотқа дейінгі тергеуде сот бақылауын кеңейту идеясы іске асырылып келеді. Демократиялық және құқықтық даму жолындағы мемлекеттерде тәуелсіз сот билігі қылмыстық процеске тартылған адамның құқықтарын қорғаудың негізгі субъектісі болып табылады. Осы жылдан бастап азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін барлық процестік әрекеттерге санкция беру прокуратурадан сотқа берілді.

Қазіргі заманғы трендтер шеңберінде қылмыстық сот ісін жүргізу рәсімдерін оңайлату бойынша шаралар қабылданып келеді, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтар, көзге көрініп тұрған және елеулі емес қылмыстар бойынша бұйрықтық іс жүргізу өндірісі енгізілді.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен жаңа мәртебелік бастамаларды ескере отырып, тәуелсіздік алған жылдар ішінде «Прокуратура туралы» үшінші заң қабылданды. Ол прокуратураның қадағалау және құқық қорғау қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында өкілеттіктерінің нысандарын, көлемін және шектерін, сотта мемлекет мүддесін білдіру және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру функцияларын оңтайландырды. Заңмен мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде заңдылықтың сақталуына прокурор жоғары қадағалауының шектері белгіленді, прокурорлық тексерулер тағайындау және талап арызбен сотқа жүгіну үшін негіздемелер қысқартылды. Қадағалау (ден қою) актілерін мәжбүрлеп орындау сот арқылы ғана жүзеге асырылатын болды. Республика Президенті 2017 жылғы 13 қазанда «Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, онда қазіргі заманғы прокуратураның миссиясы мен негізгі міндеттері нақтыланған.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру халықаралық практикаға жауап береді және еліміздің құқық қорғау жүйесінде оның орнын арттырды. Бұл туралы Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының қорытындысында (2007 жыл) айтылған еді.

Баршаға белгілі, реформа Конс­ти­ту­циялық Кеңестің де құқықтық негіздерін қозғады. Осы өзгерістер елімізде конс­ти­туциялық заңдылық режімін қамтамасыз етудегі Кеңестің миссиясын неғұрлым тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Егер бұрын қолданыстағы заңдар мен өзге де құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш бере алатын жалғыз субъект сот қана болса, енді өткен жылдан бастап осындай мәселе қою құқығы Мемлекет басшысына да берілді.

Қолданыстағы заңнаманың консти­ту­циялылығын, құқықтық актілердің анық­тығын, айқындығын және ішкі келісімділігін қамтамасыз ету көбінесе Конституциялық Кеңестің соттармен тиімді өзара іс-қимылына байланысты. Нақты азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және өзге де істерді қарау кезінде қабылданған құқықтық актілердің сапасы және құқықтық реттеу үлгісінің жарамдылығы тексеріледі. Осы процесте судьялар азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіретін заңдардың кемшіліктерімен кездеседі. Оларды анықтаған кезде сот істі қарауды тоқтата тұруға және қолданылатын нормативтік құқықтық актіні тексеру туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті. Істерді жеке судьялар немесе сот алқалары қараса да, 1996 жылдан бастап мұндай ұсыныстарға тиісті соттардың төрағалары қол қоюы керек болатын. 2017 жылдан бастап осы формалды талап алынып тасталды. Осы жаңалық судьялық белсенділікке ынталандырып, судьялар берілген мүмкіндікті кеңінен пайдаланады деген ойдамын. Ол ақырында қолданыстағы құқықты еліміздің Негізгі Заңына сәйкес келтіруді қамтамасыз етеді.

Конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау тетіктері елеулі түрде нығайтылған. Қандай да болсын жағдайда өзгертіле алмайтын, тіпті Негізгі Заңды қайта қарау арқылы да, мызғымас конституциялық құндылықтар қатарына мемлекетіміздің тәуелсіздігі енгізілді. Бұл – өте маңызды толықтыру. Негізгі Заң деңгейінде оны енді Конституциялық Кеңес қадағалайтын болады.

 Адамзатпен XXI жүзжылдыққа бірге аяқ басқан қатерлердің бірі – терроризм. Қабылданған халықаралық міндеттемелер шеңберінде және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күресуде. Бұдан былай Негізгі Заң террористік қылмыс жасаған, сондай-ақ республиканың өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтірген адамдарды азаматтықтан айыру мүмкіндігін қарастырады.

Конституцияның 39-бабының 2-тармағына енгізілген ұлтаралық қана емес, конфессияаралық татулықты да бұзатын кез келген әрекеттің конституциялық еместігі туралы толықтыру қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм сияқты республика қызметінің түбегейлі принциптерінің мазмұнынан (Конституцияның 1-бабының 2-тармағы) туындайды және түрлі ұлттар мен конфессиялардың бейбітқатар өмір сүруінің басқа да кепілдіктерін толықтырады.

Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясы республика бекіткен халықаралық шарттардың заңдар алдындағы басымдығын сақтайды. Халықаралық шарттардың Қазақстан аумағында әрекет етуінің тәртібі мен шарттары еліміздің заңнамасымен айқындалады.

Конституциялық өзгерістерді өмірде жүзеге асыру жаңа заңнама қабылдаумен аяқталмайды. Келесі міндет – заңнамалық ережелерді тәжірибеге, азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың қызметіне енгізу. Реформаны толыққанды іске асыру қоғамның дайындығына да байланысты. Осы жағынан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарияланды. Оның негізгі идеясы – қоғамдық сананы озық жаңғырту.

Конституциялық Кеңес өзінің өткен жылғы жолдауында Елбасының осы түбегейлі идеясын іске асырған кезде Негізгі Заңда бекітілген ұлттық мүдделер мен конституциялық патриотизмнің жинағын құрайтын конституциялық құндылықтардың маңызы зор екендігіне назар аударды. Олардың басты қағидаттары – құқық үстемдігі және құқықтық тәртіп, заңды жаппай мойынсұну және қауіпсіздік, бостандық пен жауапкершілік.

Өз кезегінде қоғамдық сана өзіне құқықтық мәдениеттің элементі болып табылатын құқықтық сананы да қосады. Сондықтан қоғамдық сананы табысты жаңғырту мемлекеттік, азаматтық қоғам институттары мен жеке тұлғалардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шаралар мен нақты жобаларды әзірлеуді талап етеді. Заңға жаппай мойынсұну конституциялық патриотизм қағидатының элементі ретінде Негізгі Заңның 34-бабында бекітілген, оған сәйкес, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Жаңартылған Конституция Қазақстанның одан әрі үдемелі эволюциясының драйвері болып табылады. Негізгі Заң шеңберінде заңнама қабылданатын, қоғам дамитын және мемлекеттік билік органдары жұмыс істейтін конституциялық координаталардың жүйесі ретінде қазіргі кезеңде еліміздің болашақ дамуына жауап береді және жүргізіліп отырған бағыттың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті әлеуетке ие. Конституциялық өзгерістерді толыққанды іске асыру Қазақстанды алға қойылған жоғары мақсаттарға жақындататынына сенемін.

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы