Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Қаланы қос өкпеден қысқандай...

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің Тараз еліміздегі ең ежелгі, тарихы мол шаһар екенін мақтан етеміз. Қаланың бұрын­нан келе жатқан көне тарихы, ерте заманнан қалыптасқан бет-бейнесі, шығыс сәулеті мен архитектурасы бар болатын.

Қаланы қос өкпеден қысқандай...

Алатау мен Қаратаудың тоғысқан жері­нен орын тепкен қала жасыл тал-дараққа көмкеріліп, көше­лерінің тазалығына көз қызы­ғарлық еді. Кеңес дәуірінде бүкіл­одақтық жарыстарда «Ең көрікті таза қала» деген атаққа бірнеше рет ие болғаны да есімізде. Жылдар келе заман, уақыт ағысына бейімделіп қала бірте-бірте бұрынғы бей­несін, әсемдігін жоғалтып, біраз өзгерістерге ұшырады. Бұрын­ғы сыртқа шықсаң сарайыңды ашатын көрікті тал-дарақтар мен жасыл-желектер сиреп, кең көшелер бірте-бірте қол­дан, жауапсыздықтан тарылып қала бұрынғы көркінен, архи­­тектуралық ансамблінен айырылды. Қазір бұрынғы кең ты­ныс­ты көшелер ығы-жығы соғылған сандаған ғима­раттармен тарылып, жауыннан кейін жарыса шыққан саңы­рауқұлақтай қаптап барады. Бәзбір мәліметтер бойын­ша, қала­да қазір 300-ден аса кафе, тойхана, сырахана бар екен. Жыл сайын олардың саны көбеймесе азаяр емес. Мейлі, болсын. «Қа­зақ – тойшыл халық» деп өзімізді қолдап, жарнамалап жүрміз ғой. Бірақ, солардың айналасына көлік қояр алаң жоқ. Той­ға келгендер көлігін көше бойына қоюға мәжбүр. Ол болса көше қозғалысына, әрине, кедергі жа­сайды, ыңғайсыздық тудырады.

Осыдан біраз бұрын «Тараз­дың дәулетіне сәулеті сай ма?» деп облыстық «Ақ жол» газетіне (6 сәуір 2017) қала сәулеті туралы жа­найқайымызды жазып едік. Бірақ, уақыт өте келе одан ешбір өзгеріс келмегеніне көзіміз жетті. Баяғы жартас – сол жартас. Әлгі «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, дел-сал бол­дық та қалдық. Тиіс­ті меке­мелердің басшыларына шыбын шаққандай әсері болмады.

...Кезекті еңбек демалысымнан жұмысқа шығып, облыстық ауруханаға келдім. Аурухана ауласы азан-қазан шу, трактор­лар мен машиналардан аяқ алып жүре алмайсың. Шаң-то­заң жағармай иісімен қосылып қолқаңды алады. «Бұл не болды екен? Ауруханаға жаңа ғимарат тұрғызу биылғы жос­парда жоқ еді ғой?» деп ішке еніп, не болып жатқанын сұрап білдім. Аурухана ауласындағы бұрынғы жөндеуге келмейтін атам заманнан тұрған ескі ғимаратын таяуда бұзып, орнын тегістеп тастаған болатынбыз. Оның орнына кір жуатын бөлімше, мекемеміздің автомашиналарын қоятын гараждар, қызметкерлердің жеке көлігін қоятын көлеңкелі авто­тұрақ орнатамыз деп жоспарлап жүргенбіз.

 Содан «бәрін айт та, бірін айт» дегендей, сол жерге бір дө­кей­дің көзі түсіпті де «бұл жер­ге «мұз сарайын жасаймыз» деп аурухана аумағына қол са­лыпты. Сөйтіп аурухана қыз­­мет­керлерінің уәжіне құ­лақ аспай, тез арада апыл-ғұ­пыл құрылыс жұмысын бастап кетіпті.

– Ескі ғимаратты бұзып неміз бар еді? Басымызға бәле болып жабысты. Жерден айы­рылдық. Біз­ді адам деп жүрген, құлақ асатын жан жоқ. Кімнен көмек сұра­рымызды білмейміз, – деп қын­жылады аурухана басшылығы.

Ауруханананың тыныштығын бұзып жатқан іске жанымыз түңіліп, облы­сы­мыздың бас архи­тек­торы Ас­қар Рыспаевқа телефон шалдық:

– Солай болды... Қала орта­лы­ғына мұз сарайы өте қажет деп.., басшылықтың таңдауы сол жерге түсті.., – деді бас архитектор сөзінің артын жұтып.

– Асеке-ау, қалада басқа ашық жерлер бар емес пе? Ор­та­лықта болсын десе анау «Ар­дагерлер» үйінің жанында қор­шалып, қазір ешкімге керек болмай, шөп өсіп, бос тұрған теннис алаңы мен саябақта біраз жылдардан бері қызмет істемей қаңтарылып тұр­ған жекеменшік кафенің төңі­регі болмас па еді? Анау ТарМУ-дің ескі ғимаратының батыс жағындағы бос жатқан алаң, тіпті болмаса, орталық гас­тро­номға қарсы, көп жылдардан бері қоршаулы, қимылсыз тұр­ған құрылыс алаңы бар емес пе? Айналайын-ау, анау «Тараз-аре­на» спорт сарайының маңы, өзде­ріңіз жарыса жазып жатқан қазіргі автовокзал төңірегіндегі жаңа шағын ауданнан «Мұз сарайын» салуға кім қарсы болады? Ел кө­зінше «Барлығы адам үшін, халық игілігі үшін» дейміз де, бұрыла бере адамға қарсы қыз­мет істейміз. Келешекте оның сұрауы жоқ па? Қалқам-ау, ана басшылар соны неге ой­ла­­майды?, – деп уәжімізді, ой-пі­­кірімізді айтып, дәлелдеп бақ­тық.

Бас архитекторымыз бұл ұсы­­ныстарымызды тыңдап болып:

– Айтқандарыңыз орынды, келісемін. Ұсыныстарыңыз да дұрыс. «Мұз сарайының» орны аурухана территориясы емес еді. Бірақ, бізде амал жоқ. Шешім қабылданып қойылған..., – деп қауқарсыздығын білдірді.

Міне, күнбағыстай күнге қарап бас иген қазіргі басшы­лардың жауа­бы. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шы­ғарса» демекші, барлығы «қазан­шы­ның» қолында екен. Ал «қазан­шы» кім?

Бәзбіреулер, «осы кісіге не керек, өзіне тиісті жұмысымен айналысып жүре бермей ме? Жаза­тын адамдар онсыз да же­теді ғой» деп те ойлар. Мен өзім­­ді тұрып жатқан шаһардың па­триотымын деп есептеймін. Оның тұрғындарымен ыстығы мен суығын 40 жылдан астам бірге өткеріп, халыққа барынша, аянбай қызмет етуді парызым деп есептеймін. Қалада болып жат­қан жағымды жаңа­лыққа жүре­гім жылып, мерейім тасып жүреді. Ал жағымсыз, теріс, заңға том­пақ келетін іс болса, оған шыдам­сыздықпен қараймын, әділет­сіздікке төз­беймін, тіпті көзге ұрып тұрған ке­містікті көрсем жүрегім қы­сып, жаным ауырады.

Қала басшылығы, тиісті сәу­лет-құрылыс қызметкерлері біз көтерген мәселеге көңіл аударып, ой таразысынан өткізіп, мы­на келеңсіздікті тоқтатып, таяу арада тиісті шешім қабыл­дар деген ниеттеміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ТАРАЗ