Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Құтпанұлының қамшысы

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атақты «Қоянды» жәрмеңкесі. Ана бір алаңқайда үлкен үй тіктіріп, сал-сері, әнші-жыршылар таңды-таңға ұрып өнер көрсетеді. Мына жақта, күші асқан балуандар базаршыларға бойындағы қуат-күшін паш етіп жатыр. 

Құтпанұлының қамшысы

Жәрмеңкеге Иманжүсіп Құтпанұлы ағасына еріп Қажымұқан балуан да келеді. «Даланың бұлшық еті» атанған алып күш иесін көрген жұрт мәз. Кезек-кезек қонақ қылып күтеді. Қажекең әнші Майра Уәлиқызының сырнайлатып салған әнін тыңдап, өзі де бір дүркін тарғыл дауысымен Балуан Шолақ ағасының әнін айтып, реті келгенде циркте үйренген небір ғажайып өнерін көрсетеді.

Қажекең осылай бір үйдің төрінде тасып-шалқып, қымызға елтіп отырса, есіктен шынашақтай шал кіріп келіп:

– Әй, үйген боқ, неменеге төрде шал­жиып отырсың, мына шаңырақ иесі менмін, атып-тұрып неге сәлем бермей­сің? – деп, шақылдайды. Істің байыбын аңғар­маған балуан шақар шалды көтеріп алып, «шаңырақ иесі болсаңыз менде неңіз бар, шаңырақта отырмайсыз ба» деп ашық тұрған түңіліктен көтеріп алып шыға­рып жібереді. Көрген ел күліп, жыр­ғап жатыр.

Бұл шалың оңай-оспақ адам емес. Сонау Кенесары кезінде Қарасор өңіріне ауып келген аз үй қыпшақтың қадірлі ақсақалы екен. Тіпті оның бір ауыз сөзін атақты Иманжүсіптің өзі жерге тастамайтын қадірі бар. Оны Қажекең білмеген. Шақар шал шауып Иманжүсіпке барады:

– Ана ақымақ інің мені көптің көзінше мазақ етті?

Имекең қаһарына мінеді. Қабағынан қар жауып ақсақалды алдына салып бал­уан отырған үйге келеді.

– Ей, Қажымұқан, шық үйден!

Ел абдырап қалады. Есік алдында қаршығадай шүйіліп Имекең тұр. Қажекең де өзінен бір ағаттықтың кеткенін дереу аңға­рады. Үйдегі елге басу айтып, ағама өзім жалғыз барайын деп табалдырық аттайды.

– Алдияр аға!

Атан түйедей алп-алп басып жетіп келген інісіне Имекең «мына ақсақалды танисың ба?» деп қамшының ұшымен манағы шынашақтай қарияны нұсқайды.

– Танымадым көке!

– Танымасаң мынау, деп Иманжүсіп дыру қамшымен інісінің жон арқасын көздеп, лыпыта бір тартады да атының басын бұрып жүре береді. Қамшының қуаты сондай Қажымұқан балуан қиралаң етіп, шөке түсіп отырып қалады. Қарап тұрған қауым, «Япырым-ай, батыр сізді қатты ұрды-ау» деп, жанашырлық танытады. Сонда Қажекең:

– Ағам мені қамшымен жай ғана сипап өтті емес пе, шын ұрса қақ бөлініп қалмаймын ба? – депті.

Бұл оқиғадан не түйеміз: мұнда аға мен інінің терең сыйластығы және қазақ дәстүрінің сом тұлғасы жатыр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»