26 Қараша, 2011

Қуатымыз – бірлікте

358 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІV съезі өтіп, партияның сайлау алдындағы тұғырнамасы мен партиялық тізімі анықталды. Оның жұмысына Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. ­Съезге 850 мыңға жуық мү­шесі бар «Нұр Отан» ХДП-ның барлық өңірлердегі филиалдары мен бөлімшелерінен 600-ден астам делегат қатысты. Олардың көбі елімізге танымал, Тәуелсіз Қа­зақстанның іргесінің нығаюы­на үлес қосқан адамдар. Съезд жұмысын партия Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин кіріспе сөзбен ашты. Ол алдымен съез­дің ресімдік мәселелерін ортаға салып, жұмыс тәртібін делегат­тардың дауыс беруімен бекіттіріп алды. Соның ішінде екі мәселеден тұратын күн тәр­тібі бекітілді. Бірінші мәселе – «Нұр Отан» ХДП-ның: «Қазақ­стан. 2017 жылғы кезеңге дейінгі мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұ­ғыр­намасы туралы болды. Екінші мәселе – Парламент Мәжілісі де­путаттарының сайлауына партия атынан түсетін мүшелердің тізімін бекітуге арналды. Депутат­тар­дың бірауыздан қолдауымен күн тәртібі бекітілді. Бірінші мәселе бойынша сөз Қазақстан Республикасының Пре­зиденті, «Нұр Отан» ХДП Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді (Президент Н.Назар­баев­тың сөзі бөлек беріліп отыр). Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев сөзін аяқтаған соң Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан» көшбасшысының партия алдына қойып отырған нақты тапсыр­малары сөзсіз орындалатынына делегаттар атынан сенім білдірді. Жарыссөзге алғашқы болып Алматы қаласының әкімі, пар­тия­ның қалалық филиалының төр­­ағасы Ахметжан Есімов шық­ты. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы жұртшы­лығы­ның ыстық сәлемін әкеліп тұр­мын, деп бастады ол өзінің сөзін. Бүгінгі Елбасы жариялаған тұ­ғыр­нама баршамыздың көңілі­міз­ден шығып отыр. Елді жаңа же­ңістерге бастайтын бұл тұғыр­на­маны біз толығынан қолдаймыз. Оны жүзеге асыруға біздің мүм­кіншіліктеріміз әбден жетеді. Мем­лекетіміз нық, экономикамыз қуатты, елімізді үлкен асулардан өткізетін сара жолымыз, дана басшымыз бар. Одан әрі «Нұр Отан» партия­сының өткен парламенттік сайлау­да белгілеген бағдарламасын то­лық жүзеге асырғанын айта келіп, осы жоспар шеңберінде Ал­ма­тыда жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру нәти­жесінде 90 мың жаңа жұмыс орындары ашылғанын, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 19 мың АҚШ долларына жеткенін, 2009 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 638 млрд. теңге болса, былтыр ол 702 млрд. теңге құрағанын, ал биыл 1 трлн. теңгеге жуықтайтынын айтты. Демек, соңғы екі жыл ішінде са­лық түсімі де бір жарым есеге өскен. Қала тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді, орташа айлық жалақысы 125 мың теңгеге жетті. Экономикамыз өркендеген сайын қоғамдық тұрақтылықтың іргесі нығая түсуде. «Нұр Отан» партиясы осындай игілікті жұ­мыстардың көш басында тұр, деді ол. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, алматылықтардың пар­тияға деген сенімі 89 пайызды құрайды. Бұл ең алдымен партия басшысы Н.Назарбаевқа деген биік сенім көрініс. Одан әрі шешен Президенттің әрбір қазақстандықтың қалта­сын­да үш кілт: жекеменшік пәте­рі­нің, автомәшинесінің және жұ­мыс орнының кілттері болуы керек деген сөзін еске ала отырып, осы талаптың Алматыда қалай орындалып жатқанына тоқталды. Алдымен пәтер мәселесіне тоқ­та­лайын, деді ол. Соңғы үш жылда қалада 2,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұндай құрылыс қарқыны қала тарихында бұрын болып көр­ме­ген. Қазір қаланың әрбір тұрғы­нына 20,3 шаршы метр тұрғын үйден келеді. Ал автомобильмен қамтамасыз етілуге келетін бол­сақ, Алматының әрбір ересек тұрғынына ол 1,6 данадан келеді. Енді үшінші кілт, яғни тұр­ғын­дардың жұмыспен қамта­ма­сыз етілуіне келетін болсақ, 2009 жылдан бері қалада жаңа­дан 90 мың жұмыс орны ашыл­ды. Қазір жұмыссыздық 5,6 пай­ыз­ға дейін төмендеп, тәуелсіздік жылдарын­дағы ең төменгі дең­гейге жетті. Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ең ұлы мереке ретінде ауызға алды. Одан әрі Тәуел­сіз­діктің елең-алаңында өзінің де мемлекеттік қызметтерде болып, қызығы да, қиындығы да көп 90-шы жылдардың басында Елба­сы­ның командасында тізе қосып бірге еңбек еткенін айтып өтті. Сол жылдарды өз өмірімнің ең тәтті және ең бақытты жылдары деп санаймын, дей келіп, шешен сол уақыттарда Елбасының күні-түні тыным таппай жұмыс істе­гендігінің куәсі болғанын еске алды. Ол еліміздің барлық аумақ­тары ғана емес, алыс-жақын шет елдердің бәріне шығып, тәуелсіз Қазақ елін танытып, оларды эко­номикалық ынтымақтастыққа, сая­си әріптестікке шақырып, ты­ным таппай жүрді. Соның ар­қа­сында экономикамызға мил­лиард­таған доллар инвестиция құйы­лып, ол жоғары қарқынмен да­мы­ды, еліміз саяси жағынан бол­жамды, тұрақты ел ретінде әлем­ге танылды. Енді бүгінгі күні Қазақстанды, оның жас елордасы – Астананы білмейтін адам кемде-кем, деді шешен. Одан әрі ол Тәуелсіздіктің 20 жылында жеткен жетістіктерге қысқаша шолу жасай келіп, олар­дың бұрын ешқашан да болмаған ғажайып екендігін атап өтті. Соның ішінде әлемдік саясатқа араласып, барлық әлемді мойын­датқан бастамалар мен ұсы­ныс­тар жасағанын, Еуропаның аса беделді ұйымы – ЕҚЫҰ-ның төр­ағасы болғанын айта келіп, бұл уақыт Қазақстан тарихының «алтын ғасыры» болып таны­ла­тыны сөзсіз екенін атап көрсетті. Сөзінің соңында шешен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бүгін белгілеп отырған тұғырнама­сының да мүлтіксіз орындала­рына сенім білдірді. Келесі сөз Қостанай облысы «Иволга-холдинг» ЖШС Бас ди­ректоры Василий Розиновқа берілді. Біздің еліміз үнемі жақсы­лыққа қарай өзгеріп, эконо­ми­ка­мыз қарышты қатты дамып, әл-ауқатымыз күннен-күнге артып келеді. Біз – қазақстандықтар тұ­рақтылық пен өзара сыйластыққа ешқашан қаяу түсірмей, атала­ры­мыз салып кеткен сара жолды берік ұстанып келеміз, деді ол өзі­нің сөзінде. Оған 20 жылғы Тәуел­­сіздік жылдарымыз куә. Біз осы жылдарда Президент Н.На­зар­баевтың бастауымен асыл қа­зыналарымыздың іргесін нығайта түстік. Одан әрі шешен өзінің ша­руашылығы мен қол жеткен табыстарына тоқталды. Бүгінгі күні біздің өнімдеріміз әлемдік рыноктағы бәсекелестікке төтеп бере алады. Ең бастысы – біздер, қазақстандықтар өз күштерімізге сеніп, өзіміздің қолымыздан іс келетініне көзімізді жеткіздік, деді ол. Біздің аграрлық кәсіпорны­мыз­да 10 мыңдай адам қызмет етіп, тұрақты еңбекақы алып тұ­ра­ды. Осының бәріне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аграр­лық салаға үлкен көңіл бөліп, қамқорлық жасағандығының ар­қа­сында қол жетіп отыр. Бұл орай­да өз ұжымымның Президентке деген деген шынайы құр­метін жеткізгім келеді, деген шешен одан әрі, биыл, соңғы 50 жылда болып көрмеген рекордты астықтың Қазақстан Тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығына тарту екенін және оның Елбасы Н.Назар­баев­қа арналатынын мәлімдеді. Сө­зі­нің соңында «Нұр Отанның» жаңа міндеттер жүктеп отырға­нын айта келіп, біз бұрынғы сайлауда берген уәдемізді толық ор­ын­дағандықтан, сай­лау­шы­ның бе­тіне ұялмай, тура қарай ала­мыз. Жаңа сайлау алдында белгілеп отырған тұ­ғырнаманың да сөзсіз орын­да­ла­тынына олардың күмәні бол­масын, деді. Мінбеге көтерілгендердің бірі «Атамекен» ұлттық экономика­лық палатасының басқарма төр­ағасы, сауда-өнеркәсіп палатасы­ның президенті Абылай Мыр­зах­метов өз сөзінде Мемлекет бас­шысының ұдайы қамқорлық көрсетуінің арқасында елімізде қолайлы кәсіпкерлік ахуал қа­лып­тасқанын, соның арқасында шағын және орта бизнес өкілдері дағдарысты еңсеріп қана қоймай, экономикамыздың өрлеуіне тиімді жұмыс істегенін жеткізді. «Сіз 1999 жылы «Нұр Отанның» бірінші съезінде отандық кәсіп­кер­лікті қолдау бағытында нақты тапсырмалар жүктеген едіңіз. Олар мүлтіксіз орындалып келе жатқанын салтанатты түрде мә­лім­деймін. Салықтардың азайты­луы, әкімшілік кедергілердің жойы­луы, рұқсат лицен­зиялар­дың қысқартылуы – кәсіпкерлер мүддесін ойлаудан туған шаралар. Одан бергі уақытта елдің жал­пы ішкі өнімінің үздіксіз өсуі­не зор үлес қосты. Ол бүгінгі таңда 30 пайыздан астамын құ­райды. Қазір 1,2 миллионнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді». Палата басшысы партияның сайлауалды Тұғырнамасында биз­нес саласын дамытудың жаңа те­тіктерінің ұсынылғанын, нық мақсаттарға ұмтылдырудың нақ­ты міндеттері қарастырылғанын атады. Елде күшті кәсіпкерлік класты қалыптастыру – басым ба­ғыттардың бірі. Экономика­мыз­дың қозғаушы күші ретінде әлеуетін күшейту жолдарын белгілеу экономикалық өсудің басты нәтижесі табыстың артуына ық­палдылығы арта түсетін болады. «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасын орын­дау өңірлік кәсіпкерлікті дамы­тып, теңгерімді өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға әке­леді. Алдағы жылдары 1,5 миллиондай адамды жұмыспен қам­туға мүмкіндік береді. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендер­дің үлесі экономикалық белсенді халықтың жалпы санында 33,3 пайыздан 26 пайызға дейін азай­тылады. Жаңа парламенттік мерзімде атқарылатын істер Прези­денттің 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық бағдарламасымен тығыз сабақтас. А.Мырзахметов ойын түйіндей келіп, кәсіпкерлер алдағы уақытта да бар күш-қайратын елдің, халықтың игілігіне арнайтынына сенім білдірді. «Қазфосфат» минералды ты­ңайтқыштар ЖШС-нің аға ауысым шебері Болатхан Көптілеуов Қа­зақстанның жетістіктерін Н.На­зарбаевтың есімімен тікелей бай­ланыстыратынын, атқарылып жат­қан ұлан-ғайыр жұмыстарға халықтық партияның сайлауалды міндеттемелері тікелей ықпал жасағанын тілге тиек етті. «Мен қарапайым жұмысшымын. Құр­метті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен де Сіз сияқты еңбек жолымды өндірістен бастадым. Мінезімді өндіріс шыңдады деп едіңіз бірде. Бізге аз сөйлеу, көп іс тын­дыру тән. Сіз Төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы да нақты іс-қимыл ұйымы екенін сан мәр­те дәлелдеп келеді. Кезінде ха­лықтық Тұғырнаманың барлық баптары уақытынан бұрын орын­далды. Миллионнан астам отан­дастарымыз жұмысқа орналасты. Зауыттар мен фабрикалар салы­нып жатыр. Халық тіршілігі біршама жақсарды. Бір сөзбен айт­қанда, айтылды ма – істелді! Сон­дықтан да, біз әрқашан, Ел­ба­сы партиясы «Нұр Отанды» қолдаймыз! Жиырма жылда жеткен жетістіктеріміз ұлан-ғайыр. Партиямыздың нақты әрі айқын іс-әрекет жоспары, мемлекеті­міз­дің әрбір азаматының мүддесін қорғайтын Тұғырнамасы – ал­да­ғы сайлаудағы шынайы жеңісі­міздің, болашақ жетістігіміздің кепілі», деп сөзін «Елін сүйген Елбасымен біргеміз!» деген жыр жолдарымен аяқтады. Көкшетау университетінің ма­гистранты Алена Герасимова өзін нұротандықтар сапында бол­ғанын мәртебе, құрмет санайты­нын, 2007 жылы сайлауға алғаш қатысқаннан бері «Жастар сая­саты» бағдарламасына, партия­ның саяси шараларына үзбей атсалысып келе жатқанын айтып берді. Өткен президенттік сайлауда 85 мыңға тарта жас көмек­шілер қатарынан табылып, өмі­рінде ұмытылмастай сақталып қалыпты. «Сіздің бастауыңызбен халқымыз талай сындардан мү­дір­мей өтті. Қанша қиындық кезіксе де мұқалмады, мойымады. Тығыз бірліктің, асқан ұйым­шылдықтың үлгі-өнегесін көр­сет­ті. Қоғамдағы татулық алға же­телеп, шынайы жеңістерге бас­тады. Бәріміз «Қазақстан – Ота­ным» деген бір ғана асқақ ұғым­мен өмір сүреміз. Кең-байтақ елі­міздің ендігі тарихын біз – жас­тар жасайтын боламыз. Сіздің жарқын бастамаларыңыз бен алға қойған мақсаттарыңыздың бар­лығы түптің-түбінде жастар игілігін көздейді. Біз оған лайықты істермен жауап беруге әрқашан дайынбыз. Партияның сайлауал­ды бағдарламасы өмірлік маңыз­ды мәселелерді алға тартумен құнды», деді. Зілтемір көтеруден Пекинде өткен ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының және әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Ильин мінберге көтерілгенде, зал ішін ду шапалақ көміп кетті. Жи­нал­ғандар жуырда өткен әлем чем­пио­натында Қазақстанның Әнұ­ра­нын ойнатып, көк байрағын көк­ке желбіреткен батыр оғланына риясыз құрметін осылай білдірді. Ол өз сөзін көтеріңкі үнмен бастады. Оның жоғары эмоция­лық көңіл-күйін түсінуге болады. Жаны жабырқап, қиналған шақ­тарда тікелей Елбасыдан қолдау тапқанын өзі де жасырмады. «Мен спорттық жетістіктеріммен емес, Нұрсұлтан Әбішұлындай Президенті бар Тәуелсіз еліммен мақтанамын. Осындай елде тұр­ғанымды үлкен бақыт санаймын. Париж төрінде алтыннан алқа таққанда құттықтауыңызды алып, төбем көкке жеткендей болды. Сол жеңісімді Президентіме, еліме арнадым», дегенде зал тағы да дүркірете қол соқты. Даңқты спортшы шетелдерге жиі шығатынын, Отанына деген махаббат, қазақстандықтардың қол­даулары жігеріне жігер қо­сып, үнемі жеңістерге жетелейтінін айта келіп, келесі жеңісіміз алдағы сайлау болсын, деген ақ тілегін жолдады. Съезде сөйлегендердің ең соңғысы Жастар сыйлығының лауреаты, актер Нұрлан Әлім­жанов болды. Ол өзінің кинода Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың образын сомдағанын ауызға алды. Оның қаншалықты шеберлікпен орындалғанына баға беру, әлбетте, көрерменнің еншісінде. Алайда сол кездерде бойымды кернеген сезімдер туралы айтып берейін, дей келіп, шешен об­раз­ды ашу барысында жас Нұр­сұлтанның өмірі мен істерін зерттегенін және сол кездерде оның жастайынан іскер, әрқашанда та­банды әрі батыл шешімдер қа­был­дауға дайын тұрғанына тәнті болғанын жеткізді. Сіздің Қа­зақ­стан секілді алып елді басқарып, оны кемел болашаққа жеткізе­тініңіз сол кезде-ақ белгілі бол­ғаны анық. Сондықтан да біз секілді жастар Сіздің соңыңыздан еріп, болашағын Сіз басқарып отырған партиямен байланысты­ра­ды, деді ол. Осыдан кейін съезд жұмысын жүргізіп отырған Н.Нығматулин жарыссөз тоқтатылсын деген ұсыныс түскенін жария етті. Ұсы­ныс дауысқа қойылып, бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, съезд екінші мәселені талқылауға көшті. Партияның Саяси кеңесінде ұзақ талқыланып, дайындалған Мәжі­ліс сайлауына ұсынылатын кан­ди­даттардың партиялық тізімін Орталық аппарат жетекшісінің орынбасары Құмар Ақсақалов оқып берді. 127 адамнан тұратын тізімде елге барынша белгілі қайраткерлер, танымал тұлғалар көп болып шықты. Мәжілістің бұрынғы депутаттары да аз емес. Делегаттар тізімге толығымен дауыс беріп, оны бекітті. Сөйтіп, партияның кезектен тыс съезі өз жұмысын аяқтады.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.