Президент бесінші бастамасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» міндетін қойды. Көгілдір отынның игілігін Сыр бойы халқы оншақты жылдан бері көріп келеді, сол арқылы жұртшылық әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың айтарлықтай жақсарғанын сезінуде. Елбасы елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артқанын, әрі қарай да өсе түсетінін атап өтті.
«Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді», деді Президент. Әрине бұл өте орынды қадам, алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлері көгілдір отынның жақсылығын көруге тиіс деп санаймыз. Президенттің бес бастамасын Сыр бойы халқы зор қуанышпен қарсы алды және жарқын болашағына айқын бағдар алып отыр.
Астананы газдандыру экологияны жақсартып, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге азайтады екен. Жобаны жүзеге асыру өзге өңірлерді де газдандыруға мүмкіндік береді. Сарыарқаға газ келген соң Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларына да көгілдір отын жеткізу қарастырылмақ. Сонымен бірге құрылыстың бірнеше рет екшеліп пысықталғаны, сөйтіп нақты жобаға айналғаны айтылды.
Елбасының бастамасымен енді Сырдан Сарыарқаға газ құбыры тартылмақ. Бұл Қараөзек газ тарату стансасынан басталатын алып құрылыс біздің қызылордалықтарға жаңа жұмыс орындары ғана емес, өндірісімізге серпін әкеледі. Қазіргі таңда облыс халқының 63 пайызы табиғи газ тұтынуда. Соңғы жылдары Қызылорда қаласын газдандыру қарқыны күшейіп, 7 аудан орталығының 4-уіне газ жеткізілді.
Мемлекетіміздің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Бұл бастамалардың еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асатыны барлығымызға зор жауапкершілік жүктейді.
Медет УСАЙН,
Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы