Аймақтар • 12 Наурыз, 2018

Тұрбат ауылында кәсіпкердің көмегімен балабақша ашылды

976 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Меруерт ана» балабақшасы пайдалануға берілді. Кәсіпкер Есімхан Ешенқұлұлы 50 млн теңге қаржысына 100 балаға арналған балабақша салып, ауылдастарын қуантып отыр.  

Тұрбат ауылында кәсіпкердің көмегімен балабақша ашылды

Бүгінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, шағын бизнесті дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан игі істер көп. Күні кеше ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашатын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» ша­ғын несие беруді көбейту, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауыл­дағы кәсіпкерлікті дамыту үшін ай­рықша маңызды екені айтыл­ды. Ауылдастарының алаңсыз жұмыс істеуіне септігін тигізу қазығұрттық кәсіпкердің демеушілік жасауына негіз болған.

Сондай-ақ кәсіпкер бұл қадамын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында таяу жылдардағы міндет­тер ре­тінде айқындалған «Туған жер» бағдарламасымен байланыстырады. Бұл орайда жергілікті қоғамның мәселелерін шешуде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар күшін біріктіруге бағытталған «Атамекен» кіші бағдарламасы іске асырылып жатқаны мәлім. Негіз­гі мақсаты әрбір азамат өзінің туып-өскен жеріне, ауылына кө­мек көрсету, ал негізгі бағыты аудан­дардағы өзекті мәселелерді анық­тау, халықтық бастамаларды көте­ру, соны бірлесіп шешу болып табылатын бағдарлама қазығұрттық кәсіпкерлер тарапынан қолдау табуда. «Меруерт ана» балабақшасының ашылуы соның бір көрінісі.

Жалпы, Қазығұрт ауданында 68 балабақша жұмыс істейді. Оның 13-і мемлекеттік болса, 55-і мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған. Балабақшаның ашы­лу салтанатында аудан әкі­мі Төлеген Телғараев бүгінде балаларды балабақшамен қамту деңгейі 87,5 пайызға жеткенін атап өтті. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында елімізде экономикалық қиындықтың салдарынан көптеген балабақшалар өз жұмыстарын тоқтатып, жекешеленіп басқа мақ­­саттарға пайдаланған болатын. Сол өтпелі кезеңде елімізде бүл­діршіндерге арналған мекемелерге тапшылық байқалатын. Осы орайда Елбасы тапсырмасы негізінде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы іске асты. Мәселен, былтыр мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында «Балапан» бағ­дар­ламасымен 33 балабақша пай­далануға берілді. Сондай-ақ «Туған жер», «Атамекен» бағдар­лама­ла­рының арқасында ауданымызда жаңа балабақшалар саны өсіп жатыр. Нәтижесінде балаларды балабақшамен қамту деңгейін биыл 90 пайыздан асыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар біздің ауданда үш ауысымды мектептер мәселесі де шешілген. Ал апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесі биыл толығымен шешілетін болады. Ке­лесі кезекте ыңғайластырылған мек­­тептерді типтік мектепке ауыс­ты­ратын боламыз», деді аудан әкімі.

«Меруерт ана» балабақшасында бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Нысанның жалпы аумағы 0,45 гектарды құрайды. Жер­гілікті 30 тұрғын тұрақты жұ­мыспен қам­тылды. Балабақша меңгерушісі Адас Исақұлованың айтуынша, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 40-60 мың теңге. Мекеме бөбекжайға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға арналған жайлы автокөлік те бар. Балабақша қызметкерлері балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруді басты міндеті санайды.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»