Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Халиолланың бұл кітабы жақында Алматы қаласынан жарық көрген. Кітаптың тұсаукесер салтанатында Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының және Шолохов атындағы халықаралық әдебиет сыйлығының иегері, жазушы Сәбит Досанов сөз алып, жас ақынның иығына шапан жапты. Айтыс сахнасында да, жазба поэзияда да өз өрнегін салып жүрген ақын шығармашылығына табыс тіледі.
Кешті Бауыржанның сыныптас досы, белгілі ақын Талант Арғынғали жүргізді. Көрермен қауым кеш иесінің ақындық қырынан бөлек, сазгерлік қабілетіне де қол соқты. Өйткені кеш бойына әнін де, сөзін де Бауыржан Халиолла жазған әндер мен толғаулар орындалып, шараның шырайын кіргізе түсті.
Бауыржанның кешіне көршілес Атырау өңірінен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Саламат Сабыр бастаған делегация арнайы келіп, қошемет көрсетті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан кеш иесін құттықтады.
Айта кетейік, Бауыржан Халиолланың бұған дейін «Жұмбақ қыздың жанары» «Нәзік бұлт көшіп барады» «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жыр жинақтары жарық көрген болатын.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ