26 Қараша, 2011

Делегаттар лебізі

865 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Әбдіраш АҚЫЛБЕКОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті фи­­зи­ка-техникалық фа­куль­тетінің деканы: – Бұл съездің ерекшелігі айрықша деп ойлаймын. Бірінші мәселе – 15 қаңтарда өтетін сай­лауға депутаттарды ұсыну болды. Болашақта осы депутаттарға көп нәрсе байланысты болады ғой. Біраз мәселені солар шешеді. Парламент Мәжілісінің тарап отырғаны да жай емес. Алдымызда әлемдік дағдарыс келе жатыр. Бұл соған дайындықтың бір көрінісі. Ал дайындық тәжірибелі Парламенттен де бастау алары сөзсіз. Соған байланысты «Нұр Отан» партиясының съезі өзінің белді деген азаматтарын ұсынды. Съезге студенттер қауымы да үлкен дайындықпен қатысты. Енді университеттегі аудиторияларда осы съезде қандай мәселелер көтерілгенін айтып, сол арқылы біз бұл съездің маңыздылығын жан-жақты жеткізетін боламыз.   Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облыс­тық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орын­басары: – Съезде екі мәселе қаралды. Біреуі – сайлауалды тұғырна­ма­ны қабылдау, екіншісі – алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына партиялық тізімді ұсыну. «Нұр Отан» партиясының лидері, Елбасы 2007 жылғы сайлауда қабылданған тұғырнаманы осылай жария еткен болатын. Одан бергі уақыттың ішінде сол тұғырнамада көрсетілген мәселелер артығымен орындалды деп айтуға болады. Әсіресе, әлеуметтік мәселелер. Себебі, халыққа керегі де осы әлеуметтік мәселелердің шешілуі ғой. Әлемдік дағдарысқа қарамастан миллиардтаған қаржы бөлініп, олар бірінші кезекте ауылдық жерлерге жетіп жатты. Осылайша, ауылдардағы әлеуметтік жағдайлар шешілді. Ал әлеуметтік жағдай дегеніміз – аурухана, балабақша, мектеп, таза су, жол. Міне, осы салалар­ға қыруар қаржы қарастырылып, үлкен жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Елбасының Жолдауда айтқан сөздеріне, басқа да мінберлерде көтерген бастама­ларына қатысты қабылданатын бағдарламаларға қарап отырып, іс пен сөздің қатар жүретінін Қазақстан халқы біледі деп ойлаймын.   Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ, «Нұр Отан» ХДП Қор­ғал­жын аудандық филиалы төр­аға­сының бірінші орын­басары: – Біз республикалық саяси кеңестің кеңейтілген мәжілісінде Саяси Кеңестің мүшелерімен бірге осы съезде талқыланған мәсе­ле­лердің барлығын қарап, нәти­жесінде олар бірауыздан мақұлданды. Партияның 2017 жылға дейінгі ұлттық бағыттағы шаралары халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Партия өзінің істің партиясы екенін дәлелдеп отыр. Денсаулық саласын, білім-ғылым саласын дамыту, әлеуметтік салаларды жақсарту, индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары – бұлардың барлығы Қазақстанның гүлденуіне үлес қосатын игі қадамдар деп санаймын. Болашақта да партияның бастамалары одан әрі жүзеге асырылып, біздер, яғни партия белсенділері өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдаланып, үлесімізді қосамыз деген сеніміміз бар.   Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, Шымкент қалалық филиалы­ның «Нұр Отан» партиясы төр­ағасы: – Съезде қаралған мәселенің алғашқысы – «Нұр Отан» ХДП-ның 2017 жылға дейінгі ұлттық іс-қимыл жоспары. Екінші мәселе – Парламент Мәжілісі сайлауына депутаттыққа түсетін кандидаттардың тізімін ұсыну және бекіту. Әрине, әрбір съезден халық үлкен жаңалық күтеді. Бұл орайда жаңа өзгерістер мен жаңа бастамалар, соған сәйкес игі жұмыстардың атқарылуын күтеді. Алда үлкен сайлау келе жатыр. Осы сайлау кезінде «Нұр Отан» партиясы өзінің орнын тағы да нықтай түседі деген ойдамын. Себебі, халық арасында партияны басқарып отырған Елбасымыздың беделі, «Нұр Отан» ХДП беделі жақсы. Ал партияның 2017 жылғы ұлттық іс-қимыл жоспарына келсек, «Нұр Отанның» алдына қойып отырған мақсат-міндеті, соған сәйкес көтерілетін бастамалар – біз үшін айрықша маңызды. Себебі, осындай мақсат-міндеттер мен бастамаларға қарай біздің бағдарымыз айқындалады, экономикамыз одан әрі жандана түседі.   Мұрат ӘБЕНОВ, «Нұр Отан» ХДП мүшесі: – Біз бүгінгі күнге дейінгі алдымызға қойған мақсатта­ры­мызды орындадық деп ой­лаймын. Қаржы дағдарысы болды, басымыздан көптеген қиыншылықтар өтті, бірақ соған қарамастан көп шаралар атқарылды. Оның нәтижесін көріп отырмыз. Экономика, саяси, әлеуметтік салалардағы барлық өзгерістер өз нәтижесін берді. Алдағы уақытта да алға қойған мақсат­тары­мызға жетеміз деп ойлаймын. Бүгінгі күні біз мынаны байқап отырмыз: білім саласында, денсаулық сақтау саласында, жастарды қорғау мәселелері бойынша алдымызға көп мақсат қойып отырмыз. Осы орайда біздің сайлаушыларымыз «Нұр Отан» ХДП-ға толық қолдау көрсетеді деп сенеміз.   Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, Алматы облысы, Панфилов ауданының әкімі: – XIV съезд – тарихи съезд. Әрине, жетістігіміз де бар. Алды-артымызға қарайтын да кезең. Жүрген жолымызды ба­ғам­дайтын кезең. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінің жаңа құрамын сайлауға кірісіп отырмыз. Депутаттыққа ұсыныл­ған, аты аталған азаматтардың барлығы нағыз еңбек майданының ортасынан келгендер, өмірдің түрлі соқпағынан өткен лайықты азаматтар деп айтар едім. Ендігі кезеңде үлкен даму жолына түсеміз деп ойлаймын. Ал оған мұндай парла­мен­тарийлер өте қажет. Мен өзім де Парламенттің бірінші, екінші шақырылымының депутаты болғанмын. Сондықтан ол жердегі істің қандай екенін, ауқымы қандай екенін, қандай тәжірибе қажет екенін сеземін, білемін. Біздің мемлекеттің жоспарлары ұлттық сипатқа ойысып келе жатыр. Соған сәйкес ұлттық мүдде де бірінші кезекте тұрады деген ойдамыз. Қазір­дің өзінде жақсы деңгейлерге жетіп отырмыз. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосылу үшін әлі де атқаратын көп істеріміз бар. Ал ұлттық идеяны қалыптастырып, ұлттық рухымыз жоғарылайтындай дәрежеге жетсек, бүгінгі жеткен жетістігіміз тіпті де жоғарылай түсер еді.   Бақытжан ЕРТАЕВ, Халық қаһарманы: Бұл съездің мағынасы да, табиғаты да өзгеше. Себебі, бұл съезге «Нұр Отан» пар­тиясы атынан Мәжіліс де­пу­таттығына кандидаттардың тізімі ұсынылды. «Нұр Отан» – ел партиясы, елдің қамын ойлаған партия. Не себепті, «Нұр Отан» партиясын көпшілік қолдайды. Себебі, ол – елдің ниет-тілегін ойлайтын, елдің қамын ойлайтын партия. Сондықтан да бұл партия жеңіске жетіп жатыр. Бұл съезде партияға көп игі тілектер айтылды. «Нұр Отан» бастаған жол әрі қарай жалғаса берсін деп тілеймін. Себебі, Елбасы атап өткен, біздің 2020, 2030 жылдарға дейінгі көзделген стратегиямыз біртіндеп орындалып келеді. Ендеше, барлығымыздың пікіріміз үндес болуы керек. Егемен еліміздің 20 жылдық мерейтойы жақындай түсуде. Осы орайда еліме тілейтінім: кең байтақ жеріміз тұтас болсын, көпэтносты еліміз өзара тату болсын. Ол үшін әрдайым «Нұр Отанмен» бірге маңдай терімізді төгіп жұмыс істеуіміз қажет.   Рүстем ҚАРКЕНОВ, Қостанай қаласы әкімі аппаратының жетекшісі: – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сының кезектен тыс ХIV съезінде ал­дағы мін­деттер бағдар­ла­нып, нендей бағытпен жыл­жуы­мыз ке­рек­тігі айшық­талды. Мә­жіліс депутаттарының сай­лау­ын өткізуін қолдай отырып, жыл басынан барлық ұйым­дастыру мәселелерін шешіп алған дұрыс деп есептеймін. Жаңа депутаттармен жа­сақ­тал­ған Парламентпен біраз ша­руа­ны атқарып тастайты­ны­мыз­ға сенімдіміз. Алдағы сайлау тартысты өтерін де қаперден шығармаймыз. Бұл саяси бәсекеге «Нұр Отан» партиясы да сайлауға әр салада өзін танытқан тәжірибелі, ел алдында абыройы бар азаматтарын қосып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылында Қазақстан көптеген табыстарға қол жеткізді. Бір ғана мысал, бұрын мемлекеттік қызмет саласында айлық жалақы аз болғандықтан, оған ешкім барғысы келмейтін. Қазір жағдай күрт өзгерді. Бұл өзге салаларға да қатысты. Партияның бұл жердегі атқарған істері орасан.   Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,  сенатор: – Мен сенатор ретінде Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттардың тізімінде әйел­дердің өскенін дұрыс баға­лаймын. Оның ішінде бұрын депутат болған азаматшалар да бар. Олар Парламентте өте жақ­сы деңгейде жұмыс істеді. Депутаттыққа ұсы­нылғандардың арасында, сондай-ақ мемлекеттің дамуына көп үлес қосып отырған әйелдер де бар. Сондықтан олардың тағы да тізімге түскеніне қуаныштымын. Болашақта олар өз тарапынан мемлекеттің өркендеуіне айтарлықтай деңгейде ықпал етеді деп ойлаймын.   Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: – Партияның сайлауалды Тұғырнамасы құрылтайға дейін толық жасалды. Аталған жоба жер-жерлерде талқыла­нып, құрылтайда қолдау тап­ты. Өзім де атсалысқандықтан, Тұғырнамада әлеуметтік мәселелер де көптеп енгізілгендігін айта кетейін. Онда зейнетақы жүйе­сін әрі қарай дамыту мәселелері де қамтылған. Әсіресе, кедейшілікпен күрес, жұмыспен қамту мәселелері де ерекше орын алып отыр. Партия­ның Саяси Кеңесінің мүшесі болғандықтан, өзім де ұсыныстар ұсындым. Үшінші онжылдыққа келе жатырмыз, сон­дықтан алға үлкен мақсаттар қойылып отыр. Ал бұл сайлау тарихи және маңызы жағынан зор саяси науқан болмақ. Өйткені, еліміз өзінің 20 жылдық тәуелсіздігін атап өткелі отыр. Алда жаңа белестер бар, соған сәйкес талаптар да жаңа болары белгілі. Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғында әлеуметтік сала бойынша көп деңгейлі әлеуметтік жүйе құрылғандығын ерекше атап өткім келеді. Соңғы он жылдың өзінде зейнетақы 8 есеге көбейтілді. Айлық еңбекақы соңғы 3 жыл­да екі есеге артты. Сонымен қатар, қазір әлеу­меттік көмек көрсету тетігі дамуда. Жалпы, кедейшілік деңгейі осыдан 20 жыл бұрын халық арасында 40 пайыз болса, қазір 6-7 пайызға дейін төмендеді.   Зәуреш БАЙМОЛДИНА, ҚазГЗУ профессоры: – Партияның кезектен тыс өткізілген құрылтайының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқысы – «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды Тұғыр­на­масы болса, соңғысы – Пар­ламенттің төменгі палатасы депутаттығына кан­дидаттардың тізімі бекітілді. Олардың барлығы да ел алдында ысылған, таңдауға лайық жандар. Сондықтан да 15 қаңтар күні өтетін сайлауда партияға қолдау көрсететін сайлаушылардың қатары да көп боларына сенім мол. Мәжіліс кем дегенде екі партиядан жасақталуы керек, деген талапқа сәйкес партиялар барын салары айтпаса да түсінікті. Екі немесе көппартиялық не үшін керек дегенде, пікірлердің әралуандығы қоғамның алға жылжуына игі ықпалын тигізеді дегім келеді. «Нұр Отан» – алдағы сайлауға тас түйін дайын отырған партия.   Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XIV съезі Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың тізімін нақты­лап берді. Осы ретте партия­ның қол жеткізген жетістіктерінен сайлаушылар жақсы құлағдар. Елбасының жүргізіп келе жатқан саясаты халық тарапынан ерекше қолдауға ие. Оңтүстік Қазақстан облысынан құрылтайға келіп отырмын, мәслихат депутатымын. Елімізді түгел айтпағанның өзінде, қазір өңірде атқа­рыл­ған шаруалар өте көп. Мысалы, 100 мектептің 34-і біздің өңірде салынуда. Тағы жергілікті бюджет есебінен 26 мектеп құрылысы бітті. Бұдан басқа 6 аурухана бой көтерді. Кеңестік кезеңде жөндел­меген жолдар енді қалпына келтіріліп жатқанын да айта кету керек. Әсіресе, соңғы бес жылда жұмыс қарқынды жүзеге асуда. Алдағы сайлауға ке­лер болсақ, ол тартысты өтетін сияқты. Өңірімізде пар­тиямызға деген сенім өте зор екендігін үнемі көріп жүрміз.   Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, «Нұр Отан» ХДП мүшесі: – Партияның кезектен тыс құрылтайы еліміз Тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығымен ерекшеленеді. Оның үстіне алда Мә­жілістің кезектен тыс сайлауы өткелі тұр. Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның атқарған істерінің барлығын атап өтті. Шынында да, алдымызға қойылған міндеттердің барлығы орындалды. Тағы да үлкен міндеттер қойылып отыр. Ендігі мәселе, жұмыла отырып, еліміздің болашағын жарқын ететін міндеттерді абырой­мен атқарып шығу. Бұл еліміздің өркендеуі үшін қажет. Конституция талабы бойынша Мәжілісте кем дегенде екі партия болуы керек деген талапқа сәйкес сайлауға көптеген партиялар үміт артып отыр. Ең бастысы, егемендігімізді алуымыздың арқасында халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізуіміз. Сол егемендігіміздің арқасында халықтың тұрмыс жағдайын айтарлықтай түзетіп келе жатырмыз.   Берік РАҚЫШЕВ, жас депутаттар қауым­дас­тығы Ақмола облыс­тық филиалының төр­ағасы: – Парламент Мәжілісі де­пу­таттығына кандидаттарды ірік­теу партия тарапынан жү­зеге асырылды. Әрбір үміт­кер­дің атқарған істері мен мол тәжірибелері бар. Ағаларымыз партияның қос қанаты саналатын жастарды үнемі демеп, өз қолдауларын көрсетіп келеді. Сондықтан да алдағы сайлаулар үдерісіне белсене қатысамыз, ағаларымыз бен әпкеле­рі­мізді қолдаймыз деген ойдамын. Сонымен қатар, жастар жағы жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа кандидат болып қатысу ойлары бар екендігін де білдіре кеткім келеді. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.