Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Рухани орталықтың аты бар, енді заты болса...

720 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кезінде Әулиеата атанып, кейіннен даңқты жырау Жамбыл есімі берілген облысқа келесі жылы сексен жыл толады. Жырау бабамыздың «Атыңнан айналайын, Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деген бір кездегі тебіренісі кейін тасқа басылып, тарихқа айналды. Тарих тұңғиығына үңілсек, ежелгі шығыс шайырлары ғазалдарына арқау еткен Тараз, қазақтың қилы тарихында аты жиі аталатын Әулиеата жері байтақ даланың ұлы мұратына болысқан байырғы мекеннің бірі. 

Рухани орталықтың аты бар, енді заты болса...

Жамбыл облысы ақын атында болғандықтан, бірінші кезекте бұл жерде рухани игіліктің, мәдени болмыстың салтанат құру керек екені хақ. Дегенмен тұтас өңір­ді айтпағанда, Тараз қала­сы­ның өзінде Жамбыл Жабаев­қа қатысты рухани дүние қат болатын. Ақын атындағы мектепте кабинет бар, кітапханаларда арнайы бұрыштар бар. Әйтеуір халық Төле би көшесінің бойын­да­ғы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жыл сайын ақпан айының соңында баба рухына тағзым етіп келеді. Жас ақындар өлең оқып, өнерпаздар ән салады.

 Енді тарихи тұлға атын иеленген облысқа зиялы қауым бас қосатын, пікір бөлісетін, жастар өзара шығармашылықтарын тал­­қылап, бір-біріне бағыт беретін ор­талық керек еді. Ел Тәу­ел­сіз­ді­гінің ширек ғасыр­лық мерейтойына орай Тараз қаласынан Жамбыл атын­дағы «Руханият» орталығы да ашыл­ды. Бұл жерде бүгінде Әулиеата өңірінен шыққан танымал тұлғалардың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған кабинеттер мен кі­тап­хана жұмыс іс­тейді. Жам­был Жабаевтың мұ­расына арналған арнайы бұ­рыш та ұйым­дас­ты­рыл­ған. Өңір тарихы­мен, мә­дениеті, әде­би­етімен та­ны­суға да мүмкін­дік жетеді. Тіп­ті ке­ңесе отырып келелі әңгі­ме ти­е­гін ағытуға қо­лай­лы мәжіліс за­лы да бар. Жам­был атындағы ор­­талыққа об­лыс­қа іссапары ке­зін­де елімізге елеу­лі біраз қай­рат­керлер келіп, тыныс-тір­ші­лі­гімен де танысқан.

 Бүгінде сол орталық Жамбыл об­лыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қа­расты облыстық халық шығар­ма­шылығы орталығының бір бөлімі ретінде жұмыс істеп келеді. Өз алдына мекеме емес. Бірақ өзінің екі қабатты жап-жақсы ғимараты бар. Сырт көзге сүйсінетіндей-ақ етіп жасалған орталық енді өңірдің тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты деректерді жинастырып, кітап етіп шығару, оны халыққа насихаттау жолында жұмыс жасаса дұрыс-ақ болар еді. Бүгінде орталықтың халық шы­ғармашылығы орталығына қарай­тын үш-төрт қызметкері сон­да отырады. Бірақ айлықты ха­лық шығармашылығы орталы­ғы­нан алады.

Бөлек ғимараты бола тұра, бір орталық екінші бір орта­лық­тың бөлімі есебінде болуы орынсыз сияқты. Ендеше Жам­был атындағы «Руханият» ор­та­лығының өз алдына дербес мекеме болатын кезі келген­дей. Об­лыстық мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасына қарас­ты мекеме ретінде дербестік алса, оған қаражат пен қосымша жұ­мыс орындары бөлінсе, жа­расып-ақ кетер еді. Мәселен, Қызылорда облысында өңірдің ру­хани жауһарларын қамтыған «Сыр­дария кітапханасы», Шы­ғыс Қазақстан облысында «Ал­тай-Ертіс» кітапханасы» се­рия­­ла­рымен жүздеген том кітап­тар жарық көрді. Сол сияқты мұн­дай жобалар көрші Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге ас­­ты. Қазақтың қай қиыры да ескі­лікті аңыз-әңгімелерге, ше­жі­­реге, нақыл сөздерге бай. Әрі сол өңірлерден түлеп ұш­қан тұғырлы тұлғалар қазақ ру­ха­ниятының қалыптасуына, алға озуына еңбек те сіңірген. Енді Әулиеата өңірінің бай қа­зы­насын жинастырып, оқыр­ман­дарға жеткізу міндеті тұр. Осындай жұмыстарды аталған орта­лық атқаратын болса, ол жер­­­ге ғалымдар мен ақын-жазу­шы­­лар топтасып пікірлерін айтып, көзқарастарын білдірсе, ол да жақсы болар еді. Жалпы, бұл жер­­де Жамбыл атындағы «Ру­ха­ни­ят» орталығы өлкеміздің не­гіз­г­і рухани темірқазығы бола алуы керек.

Орал қаласында Қадыр Мыр­за әлі атындағы орталық жұ­мыс істейді. Сол секілді Тараз қа­ла­сындағы Жамбыл атын­да­ғы «Руханият» орталығы да Ж.Жабаев мұраларынан бөлек, бү­­гінде ұмытылып бара жат­қан та­лант иелерін еске салатын, олар­дың рухын халықпен қайта қау­ыштыратын кештерді, сұх­баттарды ұйымдастырып тұр­са, оларды көпшілікке насихат­таса қандай жақсы. Бүгінде орта­лық­тың қызметкерлері халық ара­сынан төте, араб жазуларымен жазылған талай дүниелерді жи­нау үстінде. Оның ішінде Сауытбек ақынның, Қылышбай шешеннің әлі халыққа жетпеген мұралары да бар екен. Ұлт тарихында айрықша көзқарасқа ие Қазақ хандығының Шу өлкесінде құрылғаны белгілі. Сол дәуірде жыраулар поэзиясының да қа­зақ топырағында кең қанат жай­ғанын білеміз. Бәлкім, келе­шекте де халық арасынан ескі ай­тыстар, бәлкім жер-су аттары­на қатысты тың деректер табылып қалуы бек мүмкін. Әсіресе орталықтың өзінің аты айтып тұрғанындай, рухани дүниемізді байытуға белсене араласатын мекеме болса тіпті ғажап. Елбасы «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласында да ұлттың рухани дү­ни­есін кемелдендіруді, жалпы ру­хани жаңғыру арқылы тарих пен әдебиетті тануды көрсетті. Енді Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттері жүзеге асы­­руда Жамбыл атындағы «Ру­ханият» орталығы дербес ме­­кеме ретінде жұмыс атқарса, Әулиеатаның рухын көте­ріп, атын асқақтатпай ма?!

Тараз қаласында Александр Пушкиннің, Сергей Есениннің ескер­ткіштері бар. Екеуі де сол «Ру­ханият» үйінің маңайында. Ал сол орталықтың дәл алдын­да шағын гүлзар бар. Соны келе­шекте «Ақындар аллеясы» атап, әсіресе жас ақындар жи­на­­лып, өлең оқитын, пікір алма­са­тын жерге айналдырсақ та ұтыл­майтын едік. Себебі ақын атын­да­ғы облыстан руха­ни­яттың жар­қын лебі есіп тұрса, бұл бә­ріміздің де ортақ игілігіміз болар еді деп ойлаймын.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы