Биылғы жылғы 11 қаңтарда бір топ Сенат депутаты Сейсмология институтында болып, республиканың барлық аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Сонда анықталғаны, институттың жабдықтары ескірген. Қолданыстағы 63 стансаны толық қайта жабдықтау қажет. Республикалық сейсмологиялық қадағалау желілерін кеңейту үшін жаңадан 52 кешенді станса мен 40 күшті жер сілкінісі бекеттерін ашу керек. «Сейсмология институты» ЖШС, сондай-ақ құрамындағы сейсмологиялық бақылау станса «Сейсмология тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС стратегиялық функцияны атқарады. Бұл ұйымдар қызметінің бағыты ұлттық қауіпсіздік мүдделерімен ұштасқан.
Қазіргі кезде олар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің құрамында. Бұл жағдай институттың мәртебесіне және сейсмологиялық қауіпсіздік мәселелерін жедел шешуіне кері әсер тигізеді. Сейсмология институты шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны нысанындағы тәуелсіз ұйым болуы керек. Кейінгі кезде республика тұрғындарын сейсмологиялық қауіптер туралы хабарландыру сапасының төмендеуі байқалып отыр, ол туралы Алматы әкімдігі және басқа мемлекеттік органдар бірнеше рет ескерткен. Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандығын ескере отырып, Астана қаласында сейсмологиялық мәліметтерді жинау мен өңдеудің қосарлы орталығын құру қажет. Мемлекеттік атқарушы билік орындары Қазақстанның кез келген аумағынан тиісті ақпарат алып тұруға тиіс.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін сейсмикалық тұрғыдан қауіпті оңтүстік-шығыс өңірдің және пайдалы қазба байлықтарының қарқынды өндірілуіне орай техногендік жер сілкінісі қатеріне ұшырауға бейім аумақтардың «Сейсмикалық шағынаудандастыру картасын» жасау үшін Сейсмология институтының жұмыстарын бюджеттік қаржыландыруды қарастырған жөн. Сонымен қатар сейсмологиялық мониторингтеудің біртұтас республикалық жүйесі, күшті жер сілкінісі жағдайында мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің және халықтың өзара қарым-қатынасын заңдық тұрғыдан реттейтін «Сейсмикалық қауіпсіздік туралы» заңнамалық құжат қажет деп білеміз. Осыған орай Үкімет тиісті қаулы шығарған жөн. Аталған заң еліміздің аумағындағы барлық субъектілердің экономикалық және қоғамдық тәртібінің міндетті ережелері мен нормаларының жиынтығы болып, бұған тыйымдар мен шектеулер тізімі де енгізілер еді. Ал әзірге «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы» және басқа да қолданыстағы заңдарда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары толыққанды көрсетілмеген.
Осыған қатысты біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін жедел шараларды қолға алуды ұсынып отырмыз.
Аңсар МҰСАХАНОВ,
Сенат депутаты