Осы бағытта перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыру шеңберінде Батыс Қазақстан облысы басымды деп айқындалып, кластерге қатысушылардың құрамына «Орал трансформаторлық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Зенит» Орал зауыты» акционерлік қоғамдары және басқалар кірген болатын.
Осы аталған төрт компанияның өзі былтырғы жылы 20,7 млрд теңгеге өнім өндіріп, 2 241 млн теңге көлемінде салық төлеген. Бүгінде бұл компаниялар облыс бойынша 1 739 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болуының басты бағыты – индустриялық-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру.
Машина жасау саласының осы өнеркәсіптері мұнай-газ, машина жасау сияқты басым бағыт бойынша, соның ішінде мұнай мен газ шығару, қотару және тасымалдау, энергетикалық жабдықтар, ауылшаруашылық машиналарын, газкомпрессорлық стансалар мен жоғары қысымды түтіктер, сорғылар, бейстандартты бұйымдар жасау бойынша дамудың үлкен әлеуетіне ие.
Жыл сайын Мемлекет басшысы тапсырмаларының және Үкімет тарапынан жасалып жатқан қыруар жұмыстардың арқасында бүгінде елімізде бизнес дамып, өндірісте инновациялық технологиялар қолданылып, ұлттық экономиканы цифрландыру процесі жүргізілуде.
Алайда жоғарыда аталып өткен төрт компанияның және еліміздегі көптеген басқа да ірі бизнес өкілдерінің бірнеше жылдар бойы айтып келе жатса да шешімі табылмаған бір мәселесі бар. Ол – қазіргі қолданыстағы «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңда отандық өндірушілерді қолдау және ынталандыру тетіктерінің болмауы, яғни мемлекеттiк сатып алу рәсімін жүргізуде отандық ірі өнеркәсіптер тендерлерден тыс қалып отыр. Көбіне тендерлерді өндірушілер емес, делдалдар ұтып алып, Қытайдан немесе басқа елдерден арзан, сапасыз тауарларды ұсынып отырады. Бұл мәселе осыған дейін де Парламент депутаттарының тарапынан, соның ішінде депутаттық сауалдар арқылы және әртүрлі алаңдарда да бірнеше рет көтерілген болатын.
2013 жылы аталған заңнан бұрын болған жеңілдіктер жойылып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығына біртекті мемлекеттік сатып алудың ұлттық режімі жарияланды. Әрине бұл Қазақстанның интеграциялық міндеттемелері екені түсінікті, оның да жөні бар. Алайда ел экономикасының тірегі болып табылатын отандық ірі өндірушілерді ынталандыру механизмін, яғни ірі бизнесті, соның ішінде жоғарыда аталып өткен кластерге қатысушыларды қолдау шараларын қарастыру мүмкіндігін, яғни «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңға осы бағытта тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін қарауды ұсынамыз. Біз осы мәселелерді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа білдіріп, депутаттық сауал жолдадық. Отандық өндірісшілерді қолдау мақсатының аясында аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар ұсынылар деген үміттеміз.
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі