Еркебұланын іздеген «Егемен Қазақстан»
– Қайда, не үшін бара жатқаныңды айтпасаң да болады. Біліп отырмын. Уайымдама, «қазақ Мессиі» бізде жақсы ойнап кетеді, – деп жылы жымиды.
Күліп жібердім. Қазақ елінің бас газеті «Егемен Қазақстанда» істейтінімді айттым.
– Футболға аса құмар емеспін. Қазақ футболшысының «Уфаға» ауысқанын интернеттен оқығаным бар. Астанаға келерде бір топ Уфадан қайтқан қазақ жанкүйерлермен келдім. Дегенмен өте бауырмал екенсіңдер, – дейді Илнур.
– Еркебұлан әлі өте жас футболшы. Жақында ғана 18-ге толды. Башқұрт елі бізге бөтен емес. Бірақ Уфа үлкен қала. Алыстығы тағы бар. Буыны бекімеген, ауылдан ұзақ уақытқа шықпаған жас талантты футболшымызға жан-жақты қолдау керек. Іздеушісі бар екенін сезінсін. Білсін. Редакция басшылығының тапсырмасымен бара жатырмын.
Уфаға дейін жақсы жолсерікке жолыққаныма қуанғаным сол еді, «негізгі құрамда әлі ойнамаған бала туралы ажиотаж, жалаң сөз неге көп?» деп төтесінен қойып қалды сұрағын көршім. «Бұндай қысымды, мақтауды көтере алмай қалуы бек мүмкін ғой» деп ойын жалғады Илнур бауыр.
Шынымды айтайын, бұл сұрақ соңғы кездері мені де көп мазалап жүрген. Қуанып қалдым. Бауырластың жақынына деген жанашырлығы деп түсіндім. Тәптіштеп Тараздан шыққан жас таланттың тағдыры, қазіргі қазақ футболының жағдайын түсіндіруге тура келді.
Не үшін Еркебұлан арқалаған жауапкершіліктің жүгі ауыр? Соңғы он жылда бізден сырт елде доп тепкен тәуір футболшы шыққан жоқ. Жақсылап ойланып қарасаңыз, намысымызға тиетін жағдай. Самат Смақов пен Асхат Қадырқұлов қана Ресей командаларында ойнаған-ды. Неге қазақтың футболшылары ағылшын премьер-лигасын, испан ла-лигасын айтпағанда, ең болмағанда Ресей, Польша, Чехия командаларында ойнауға тырыспайды? Бізде шын таланттар жоқ па? Әлде барған елінде бәсекелестіктен қорқа ма? Кім, не кедергі?
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз дәл біздің футболшыларға арнап айтылғандай. Шындығында біздің футболда бәсекелестік жоқтың қасы. Талап аз. Қазақ футболында қосалқы құрамда жүріп те қомақты қаражат табуға болады. Осы көйлегі көктік, көңілі тоқтық талай таланттарымызға тұсау болып тұрғандай. Әйтпесе Мұжықов, Шомко, Бейсебековтердің басқа деңгейі мықты елдің біріншіліктерінде ойнайтын уақыты келді емес пе? Еуропа командаларымен ойнап мол тәжірбие жинақтады. Көрді. Қашанғы қазақ футболының қазанында қайнай бермек? Абзал, Серікжандар алға ұмтылып, мықты біріншіліктерде Қазақ елінің атын шығарып, намысын қорғамағанда басқа кімдер қорғайды?
Қайбір жылы Бауыржан барып келді. Исламхан Ресейде ойнап кетеді дегенге иланғандардың қатарында едім. Өкінішті. Қосалқы құрамнан кері қайтты.
Ендігі үміт Еркебұланда. «Егеменнің» де оны іздеп, қолдау көрсетуге талпынуының себебі сол. Тек Илнур бауырымыз айтқандай, айналасындағы даурықпа сөздің көптігі алаңдатады. Басқа теңеу таппағандай әлемдегі ең мықты футболшы – Мессиге теңеп қойдық. Құдай-ау, Месси қайда, Еркебұлан қайда? Месси 18 жасында ла-лигада ойқастап, қарсыластарының қақпасына голды қос-қостан тоғытқан. Сейдахметтің немересі үлкен футболға енді ғана тәй-тәй басты. Қисынсыз теңеулер талабы бар баланың басын айналдырып жібермей ме? Сондықтан «Уфадағы» аяқ алысын сабырлықпен байқайық. Шын талантқа тұсау жоқ. Үмітіміз зор. Илнурға Уфаға жеткенше Еркебұлан туралы деректер айтып, қазіргі қазақ футболының кемшіліктері мен жетістіктерін де түгел тізіп бергендей болдым. «Астана» футбол клубының Еуропа алаңдарындағы биылғы тарихи жеңістері де әңгімемізге арқау болды. Илнур қоштасарда алдағы уақытта міндетті түрде «Уфаның» ойынына баруға уәде берді. «Еркоштың қолдаушылары көп. Бауырлас елдің баласын жалғызсыратпаймыз. Талай гол соғып, қазақ баласы командамызды әлі жеңіске жетелейді» деп құшақтап қоштасты.
«Уфаға» үлкен сенім артылып отыр
Енді 3 айдан соң Ресейде футболдан әлем біріншілігі өтеді. Таңдап алынған 11 қаланың ішінде Уфа жоқ. Бұл башқұрт елінде футболға деген қызығушылықтың төмендігінен емес. Қалалардың жақын орналасуына қатты мән берілді ме, көрші Қазан қаласы тізімде бар да, Уфа енбей қалыпты. Есесіне Уфада үлкен саяси кездесулер жиі өтіп тұрады. 2015 жылы BRICS ұйымының отырысы дәл осы Уфа қаласында өткен.
Халқының саны миллионнан астам. Қала 6 ауданға бөлінеді. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Уфада хоккейге деген тұрғындардың ерекше ықыласын қаладағы жарнамалардың көптігінен-ақ байқауға болады. Атақты «Салават Юлаев» командасының ойындарына 10 мыңдай адам жиналатыны сөзімізге дәлел. 2011 жылғы Гагарин кубогінің иегері Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы.
«Уфа» футбол командасы 2009 жылы құрылған. Ресей футболындағы төменгі лигаларда ойнаған. 2014 жылдан бастап премьер-лигада өнер көрсетеді. Башқұрт футболының дамуына көп еңбегі сіңген адамның бірі – Шамиль Газизов. Бүгінде Шамиль Камилевич «Уфа» футбол клубының бас директоры. «Бізде футболға қарағанда хоккей бірінші орында болды. Қазір футбол жақсы дамып келеді. Бұл біздің жұмысымыздың нәтижесі. Алда атқарар шаруа өте көп. Командамыздың жетістіктері алда деп ойлаймын», дейді Газизов.
2016 жылы команданы Виктор Гончаренко жаттықтырған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Уфа» 8-орынмен аяқтады. 2017 жылдың ортасында Виктор Гончаренко «ЦСКА» командасының тізгінін ұстап, оның орнына Сергей Семак бас бапкер болып тағайындалды.
Семак. Сенім. Серпіліс
Сергей Семак Ресей футболы үшін маңызды тұлғаның бірі. Ресей құрамасы 2008 жылы Еуропа біріншілігінде 3-орын алғанда Сергей Семак команданың серкелерінің бірі болған.Талай жылдар «ЦСКА» клубының намысын қорғады. 2000 жылдардың басында біздің Асхат Қадырқұловпен бірге ойнаған. Артынша, Париждің «ПСЖ» командасында бір жыл ойнап келді. «Зениттің» жейдесін бірнеше жыл киді. Ресей премеьер-лигасында ең көп ойын өткізген футболшылардың бірі. Жалпы 530 ойын өткізіп, 115 гол соққан. 5 дүркін ел чемпионы. Футбол жанкүйерлері арасында ерекше ықылас пен құрметке ие. Бапкер ретінде де өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Сол Сергей Семак қазақтың жас ойыншысының командаға алынуына мүдделі болыпты. «Уфа» командасы да, бас бапкері де жас. Клуб алға үлкен мақсаттар қойып отыр. Еркебұлан Сейдахметтің футболшы ретінде өсуіне бауырлас елдің басты командасы ықпал етеді деп үміттенеміз.
№ 10 ойыншы – Еркош
«Уфа» мен «Анжи» арасындағы кездесу қос команда үшін де өте маңызды. Өйткені екі команда да алдыңғы ойында қарсыластарымен ұпай бөліскен. «Анжи» турнир кестесінде соңғы орындардың бірінде. Қонақтар Уфада ұпай жоғалтса, жағдайларының өте қиын болатынын жақсы түсінеді. Алаң иелеріне де жеңіс ауадай қажет. Бүгін Уфа қаласында футболмен бір уақытта хоккей өтеді. Атақты «Салават Юлаев» пен омбылық «Авангард» командаларының плей-офф кездесуін тағатсыздана күтіп жүрген спортсүйер қауым жетерлік. Соның салдарынан футболға әдеттегіден аз жанкүйер жиналады деп күтілуде. Шамамен 5-6 мыңдай нағыз жанкешті жанкүйер 15 мың адам сыйып кететін «Нефтяник» алаңына қарай ағылады. Командалардың негізгі құрамы белгілі болғанша асықтық. Несін жасырайық, біздің Еркебұлан Сейдахмет негізгі құрамда шығып қалады деген үміттің болғанын. Алаң иелерінің құрамында Кехинде Фатайдан басқа шабуылшылардың жарақаттарына байланысты кездесуге қатыспайтыны белгілі. Игбун мен Кротов қайта сапқа қосылғанша қазақ баласына да мүмкіндік берілер. Бұл – біздің жас таланттың ойынға қатысу мүмкіндігін арттыратын факторлардың бірі. Сергей Семакпен бір күн бұрын сөйлескенімізде «өзін көрсету үшін міндетті түрде мүмкіндік беремін», – деп сенімді айтқан.
Бас бапкер бүгінгі ойынның бірінші таймына басқаша шешім қабылдапты. «Еркош» қосалқы құрамда қалды. Кездесу алаң иелерінің басымдығымен басталды. Қос қапталдағы Дмитрий Сысуев пен Дмитрий Живоглядов белсенді ойнады. Қонақтар сапында «Қайратта» үш маусым ойнаған Михаил Бакаев жүр. Командадағы көшбасшы ойыншылардың бірі. Алма-кезек шабуылдармен басталған кездесуде негізінен допқа талас алаң ортасында болды. Доп үшін таластардың бірінде қорғаушы Денис Тумасян жарақат алып қалды. Ойынды жалғастыра алмаған қорғаушының орнына Алексей Никитин кірді. «Уфаның» жалғыз шабуылшысы Кехинде Фатай қорғаушыларды құлатқаннан басқа түк бітірмей жүр. Ойынның бірінші бөлімі біз үшін де, мыңдаған жанкүйер үшін де есте қаларлықтай болмады. Бірінші тайм тең аяқталды.
Семак ойыншы ауыстырып ойынға өзгеріс енгізбесе алаң иелерінің шабуылдары сұйылып барады. Мүмкін ойынның қалған бөлігінде Еркебұланға сенім артатын болар?! Әйтеуір командаға бір өзгеріс керек. Алаңда ойынды қыздыратын футболшы табылмай тұр. Еркебұлан шықса деген үмітпен біз отырмыз. «Уфаның» бас бапкері біздің ойымызды оқып қойды ма, үзілісте негізгі құраманың ойыншыларының арасында Сейдахмет жалт етті. Қанша алыс болса да редакцияның арнайы тапсырмасымен ойынға босқа келмегенімізді түсіндік. Ұзақ жылдық үзілістен соң, Ресей премьер-лигасында қазақ футболшысы алаңға шықты. Тараздың тарланбозы алғашқы ойынын өткізеді. Қазақ футболшысының ойынға кіруімен тактикалық өзгерістер болды. Еркебұланға шабуылшылар мен жартылай қорғаушылардың іс-қимылын үйлестіру міндеті жүктелген. Кездесудің екінші таймы голдарға бай болды. Алдымен, алаң иелері есеп ашқан. Айып добын әдемі пайдаланған уфалықтар алға шықты. «Анжи» тез ес жинап, қарымта шабуылдардың бірінде есепті теңестіріп кетті.
«Уфаға» жеңістің ауадай қажет екендігін жоғарыда айтқанбыз. Сергей Семак шәкірттері салған жерден қос гол соқты. Қазақтың жас таланты қос шабуылдың нәтижелі өрбуіне өз үлесін қосты. Жылдамдығымен, допты өзінде ұстауымен ерекшеленген №10 ойыншының алаңдағы әрбір қимылы жанкүйерлердің көңілінен шықты. Алаңнан «Еркош», «Лео» деген сөздер қаттырақ естіле бастады. Дәл осы сәтте бауырлас Илнурдың «командамызды жеңіске жетелейді» деген сөзі еске түсті. Қазақтың баласына деген жанкүйерлердің ілтипатын көргенімізде, төбеміз көкке жеткендей болды. Өзінің алғашқы ойынында Кехиндеден артық болмаса, кем еместігін дәлелдеді. Тартысты өткен ойын «Уфа» командасының жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп 3-2.
Баспасөз мәслихатына бардық. Еңсеміз тік. Мерейіміз үстем. Басқа журналистер Еркоштың алғашқы ойынға шығуымен құттықтап жатыр. Қазақ баласының бүгінгі ойынына бәрі риза. Сергей Семак шәкіртінің алғашқы ойыны туралы қысқа қайырды.
«Еркебұлан екі шабуылдың нәтижелі аяқталуына атсалысты. Ризамын. Бірақ кішкене жанкештілік, қорғаныста сенімділік жетіспеді. Талантты ойыншы екенінде дау жоқ. Тынбай жаттығатын болса, болашақта жақсы ойыншы болады», дейді Сергей Богданович.
Екі сағаттай күтті. Топырлаған жас жанкүйер 50-60-тай болып қалады. Еркебұлан Сейдахметтен қолтаңба алып, естелікке суретке түсу үшін бір тобы кетіп қалған. Кеш батысымен күн де суыта бастады. Соңғылардың бірі болып шықты. Аздап жарақат алып қалыпты. Жас жанкүйерлерінің бәрінің өтінішін орындап жатыр. Сұрақтарымызға жауап берді. Қарапайымдылығы көрініп тұр. Менмендікті байқамадық. Жаңа ғана аяқталған ойынның буымен шіреніп өтіп кетуіне де болар еді. Семак, Стоилов, ұлттық құрама туралы сөйлестік. Газетіміздің алдағы сандарында сұхбатты оқи аласыздар. Елге сәлем айтты. «Егеменнің» оқырмандарына ақ тілегін жеткізді. Біз де Ресей премьер-лигасы тарихында алаңға шыққан ең жас футболшыға сәттілік тіледік.
Еркебұлан Жомарт,
«Егемен Қазақстан» – Уфадан (Ресей)