Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан соңғы мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі су кірген үйлердің саны 70-ке жеткен. Аягөз ауданында 40 үй, Өскеменде 8 үй және 27 аула, Ұлан ауданында 2 үй мен 4 аула, Глубокое ауданында 3 үй мен 53 аула, Күршім ауданында 42 аула қарғын судың құрсауында қалған. Су жайылған аудандарда облыстық және республикалық маңыздағы жолдар жабылса, таулы аудандарда көшкін қаупі бар. Төтенше жағдай, жергілікті полиция қызметкерлері, «Өскемен Тәртіп», «Водоканал», Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы өкілдері 1440 құмқап төсеп, 13 000 текше метр су сорғытқан.
Еріген қар суының жолға шығып кету оқиғасы Күршім, Ұлан, Зайсан, Ұлан және Үржар аудандарында тіркелген. Дағдарыс орталығынан құрылған 1000 адамдық апаттық-құтқару тобының 536 өкілі қазір апат салдарымен күресуде. Сондай-ақ, 137 техника мен 27 су сорғы құрал жұмылдырылған.
Тасқын зардабы әсіресе Аягөз қаласының тұрғындарына қиынға соғып тұр. 11 наурыз Аягөз ауданы әкімінің өкімімен Аягөз қаласы бойынша табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Аудандық ішкі саясат бөлімі мамандары еріген қар мен жауын шашын суы 3 автокөлік, 5 жаяу жүргінші өткелі мен 20-ға жуық үйді басып қалғанын, су алған үйлерден 400 адам (оның 30-ы бала) қауіпсіз жерге көшіріліп, Аягөз қаласындағы қазақ мектеп-лицейіне, №6 орта мектеп-интернатқа және туыстарына орналастырылғанын хабарлаған еді. Бүгін Аягөз аудандық төтенше жағдай бөлімінің басшысы Ж.Қалиевпен сөйлескенімізде бұл мәліметтерге аздаған өзгерістер енгенін байқадық. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 40 үй мен 100 аула апатты деп танылыпты, 3 үйдің быт-шыты шығып, түгі қалмаған көрінеді. Арнайы құрылған комиссия оқиға орнында келген шығынды, бұзылған, қираған үйлер санын анықтап жатыр. «Жұмыс тобы қазір үйлерді аралап, шығын көлемін анықтаумен шұғылдануда. Көшірілген адамдар жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етілді. Аудандағы ақсақалдар, жастар, басқа да тұрғындар қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Қаладағы «Шоколод» «Бәйтерек» деген дәмханаларда тегін тамақ ұйымдастырылған» деді Аягөз аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешов.
Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі су басқан шағын аудандарды аралап, тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы толығырақ ақпаратты оқырман назарына ұсынатын боламыз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы