Оның арғы жағы неге апарып соқтыратыны айтпаса да белгілі емес пе? Мұның басты сырын жедел жәрдем қызметімен қамту мүмкіндігінің төмендігінен іздегеніміз жөн. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Ақтөбе өңірінде баламасы жоқ жаңа жоба жүзеге асты. Бұл – облыс орталығының жаңадан бой көтерген аудандарының бірінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған орталықтандырылған жедел жәрдем бекеті. Аталған нысан тұрғындардың бастапқы санитарлық-медициналық көмек алуына толық мүмкіндік береді. Ғимарат үш қабатты корпустан және екі блоктан тұрады. Жалпы аумағы 4133,2 шаршы метрді құрайтын орталыққа жарты миллионнан астам тұрғыны бар Ақтөбе қаласы бойынша жедел жәрдем қоңырауларының бәрі де түседі. Өйткені бұған қатысты істің бәрі осы бекеттен басқарылады. Оның тағы бір ерекшелігі – Е форматты талдамалы-ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақтандырылуында.
Қазір мұнда 34 жедел жәрдем машинасы іске қосылған. Қабылданған қоңыраудың бәрі жаңа ақпараттық желі арқылы сақадай сай тұрған осы көліктерге жіберіледі. Тағы бір жетістік – әр дәрігер планшет арқылы қай көліктің қай тұста жүргенін біле алады. Сондай-ақ бекет құрылысы жобаланған кезде жедел жәрдем автотұрақтары мен тікұшақ қона алатын арнайы қосымша орындар да қарастырылған.
Қазіргі кезде облыстық жедел жәрдем қызметі түрік компаниясына 8 жыл уақытқа жалға берілген. Осы уақыт ішінде олар өңірге 5 400 000 000 теңге көлемінде инвестициялық қаражат құймақ. Оның белгілі бір бөлігіне тағы да қосымша құрылыстар салынып, қаланың 3 ауданында қосалқы жедел жәрдем бекеттері тұрғызылмақ. Мұның сыртында бүгінде медициналық кластер құрылған өңірде жедел жәрдем қызметін одан әрі дамыту үшін 3 миллиард теңге бөлінген. Сегіз жылдың ішінде салынған шетелдік инвестиция толықтай игеріледі деп күтілуде. Бұл қаражатқа шетелдік білікті мамандардың жергілікті дәрігерлер үшін шеберлік сабақтар өткізу мәселелері де енгізілген. Осы рәсімге арнайы келген Ресейдегі Орынбор облысының денсаулық сақтау министрі Галина Зольникова заманауи жедел жәрдем қызметінің құрылымына қызыға қарайтынын жеткізді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ