Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Шығыста алты аудан мен бір қала су тасқынымен арпалысуда

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарғын су таяуда ғана Қызылорда мен Алматы облыстарын сарсаңға салып еді. Енді міне, ентелеп шығысқа да жетті.

Шығыста алты аудан мен бір қала су тасқынымен арпалысуда

Дәл қазіргі уақытта өңірдің 6 бір­дей (Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глу­бокое, Зайсан) ауданы мен облыс ор­талығы – Өскемен қаласының тұр­ғындары төтенше апатпен арпалы­суда. Әсіресе коммуналдық сала қыз­мет­керлерінде тыным жоқ. Кеше ауа райының қолайсыздығына байланыс­ты Өскемен мен Риддер қаласындағы мектептердің 1-11 сынып оқушылары, 1-2 курс студенттері сабақтан босатылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі су кірген үйлердің саны 100-ден асып кеткен. Аягөз ауданында 100 үй, Өскеменде 8 үй мен 27 аула, Ұлан ауданында 2 үй мен 4 аула, Глубокое ауданында 3 үй мен 53 аула, Күршім ауданында 42 аула қарғын судың құрсауында қалған. Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті полиция қызметкерлері, «Өскемен Тәртіп», «Водоканал», Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы өкілдері осы уақытқа дейін 1440 құмқап төсеп, 15 000 текше метр су сорыпты. Еріген қар суының жолға шығып кету оқиғасы Күршім, Зайсан, Ұлан және Үржар аудандарында тіркелген. Дағдарыс орталығы жанынан құрылған 1000 адамдық апаттық-құтқару тобының 536 өкілі қазір апат салдарымен күресуде. Сондай-ақ 137 техника мен 27 су сорғы құрал жұмылдырылған.

Аягөзде 400 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

Қыс бойы болмаған қар өңірге ақ­пан айының аяғын ала төпелете жау­ғаны белгілі. Бұған наурыз айының ба­сындағы жаңбыр суы қосылған. Бұдан кейін тасқын болмағанда қайтсін?!

Дәл қазіргі кезде жоғарыда айтқан 6 аудан мен 1 қаланың ішінде әсіресе Аягөз қаласының тұрғындарына қиынға соғып тұр. 11 наурызда Аягөз ауданы әкімінің өкімімен Аягөз қаласы бойынша табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары еріген қар мен жауын-шашын суы 3 автокөлік, 5 жаяу жүргінші өткелі мен 20-ға жуық үйді басып қалғанын, су алған үйлерден 400 адам (оның 30-ы бала) қауіпсіз жерге көшіріліп, Аягөз қаласындағы қазақ мектеп-лицейіне, №6 орта мектеп-интернатқа және туыстарының үйіне орналастырылғанын хабарлаған еді. Кеше, яғни 12 наурызда Аягөз аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Қалиевтан келген ресми ақпаратта бұл мәліметтерге біршама өзгерістер енгенін байқадық. Бөлім басшысының берген деректеріне сүйенсек, су басқан үйлер саны – 100, бұзылған үйлер саны – 8, апатты үйлер саны – 10. «Қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталды. 12 наурыз күні аудан әкімдігінде су басқан үйлер мен зардап шеккендерді анықтау үшін 4 топ құрылды. Сонымен қатар қазір Шығыс өңірлік аэроұтқыр құт­қару жасағының 16 қызметкері 3 тех­никамен және осынша қайық­пен Аягөз өзенінің жағасында жұмыс істеп жатыр. Кеше Аягөз қаласындағы №6 орта мектеп-интернатта орналасқан адамдарға су жеткізілді», делінген ресми мәліметте. Аягөз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешовпен телефон арқылы сөйлескенімізде, құрылған 4 топ үйлерді аралап, шығын көлемін анықтаумен шұғылданып жатқанын, көшірілген адамдар жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты. «Аудандағы ақсақалдар, жас­тар, басқа да тұрғындар қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Қаладағы «Шоколод», «Бәйтерек» деген дәмханаларда тегін тамақ ұйымдастырылған», деді ол.

Мамай ауылына жаңа көпір салынады

Облыс орталығы – Өскеменде де жағдай мәз болып тұрған жоқ. 11 наурыз күні қаланың орталық көшелері көлкіген судың астында қалып, көшеге жайылған судан адамдар түгіл көліктердің өзі әзер өткен-ді. Қарғын су, әсіресе шаһардың Красин, Күленов, Шмелев лог, Ахмер, Самсонов, Аблакет және Мирный елді мекендерінің тұрғындарын әуреге салған-ды. Аблакет кентіндегі Файзрахмановтар отбасының осыдан үш жыл бұрын ғана салынған үйі суға толып, мүлде жарамсыз болып қалған еді. 11 наурыз күні Өскеменнің әкімі Қуат Тұмабаев көршілерінің үйін паналап отырған отбасы мүшелерімен кездесіп, мәселе біржақты болғанша, Добролюбов көшесінен уақытша тұратын пәтер берілетінін жеткізді.

Кеше қалада қалыптасқан жағдаймен аяғына резеңке етік киіп облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі арнайы танысып шықты. Красин кенті мен Аблакетка шағын аудандарында қарғын су басқан жеке үйлердің тұрғындарымен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Красин кентіндегі Кожедуб және Пушкин көшелері бойында орналасқан төрт үйдің ауласы арық суы арнасынан асқан соң 40 сантиметрлік су астында қалыпты. Жергілікті тұрғындардың бірі Андрей Татарченко әкімге мұндай жағдайдың орын алуына осы маңдағы арық арнасының уақтылы тазаланбауы себеп болғанын айтып, мұңын шақты. Өз кезегінде аймақ басшысы: «Сіздер бір арықтың суымен бір тәулік бойы алыстыңыздар. Айналдырған 4 үйдің мәселесін осыншама ұзақ уақыт шеше алмауларыңыз ақылға сыймайды. Былтыр қомақты қаражат бөліп, мұндай жағдайға қажет техника алуға жәрдемдескенбіз. Сол техникалар қайда? Жалпы, мұндай жағдайдың қалыптасуына табиғат қана емес, өз міндеттеріне салғырт қараған кейбір лауазымды тұлғалар да кінәлі», деп облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігінің жұмысын қатаң сынға алды.

Өңірде бірнеше күн бойы толастамай жауған жаңбыр салдарынан Ұлан, Аягөз, Глубокое аудандарындағы бірқатар өзендер арнасынан асып, маңайдағы елді мекендерге қауіп төндірген-ді. Сондай апатты жағдай Ұлан ауданының Мамай батыр ауылында да қалыптасқан болатын. Аблакет ауылдық округінің әкімі Арслан Ағыланбековтің айтуынша, жексенбі күні таңертең ауыл шетімен ағып өтетін өзендегі су деңгейі күрт көтеріліп, елді мекенге кіреберістегі көпірді басқан. Соның салдарынан ауыл мен өзге елді мекендер арасындағы байланыс үзілген. Аудан басшылығы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қабылдаған шұғыл шаралар нәтижесінде бір тәулік ішінде жағдай қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліпті. Облыс әкімі бұл ауылдағы жағдайды да өз көзімен көріп, жақын уақытта елді мекеннің кіреберісіне жаңа көпір салынатынын айтты.

Бет қатталып жатқанда:

Күршім ауданындағы Күршім мен Топтерек ауылдарының арасын жалғайтын көпірді су шайып кетті деген суыт хабар жетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта Күршім аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті полиция мен әкімдік Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы өкілдерімен бірлесіп ауыл тұрғындарын өзеннен қайық арқылы өткізіп жатқанын хабарлады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы