ІТ технологиясына қатысты мамандарды, инженер кадрларын көбірек дайындау қолға алынатын болды. Төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыру мақсатында алға қойылған міндеттерді іске асырып, нәтижеге қол жеткізу үшін бұл аса қажет еді.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында жатақханалар жетіспейтіні белгілі. Студент жастардың бір бөлігі пәтер жалдап тұрады. Баспананың жайсыздығы оқу сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан Елбасының бір-екі жылдың көлемінде жатақханаға мұқтаж болып жүрген студент жастарға жатақхана салып беру және оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидалары бойынша қолға алу туралы айтқан ұсынысы уақытқа өте сай болды. Дамыған компаниялар мен бизнесте жүрген жандар бірлесе қаржы салып, жатақхана құрылыстарын қолға алатын болса, бітпейтін іс жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе – жекеменшік тұрғын үй салу мәселесі. Бұл халыққа тиімді. Басқаны айтпағанда, құрылыс қарқыны өссе, біраз адам жұмыспен қамтылады.
Шағын және орта бизнес дамиды, үй құрылысы кең өріс алады және жұмыс орындары көбейеді. Мәселен бір мың адамға микрокредит беретін болса, бір адам кемінде бес адамға жұмыс береді, істі ілгерілетіп, кәсіпті қолға алады. Осы тұрғыдан алғанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашылады деп ойлаймын.
Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутаты