Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Қарғын су. Аягөзде 260 тұрғын үйіне оралды

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарғын су. Аягөзде 260 тұрғын үйіне оралды

Өңірде қарғын судың беті аздап болсын қайта бастағандай. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бүгінгі таңғы 8-дегі ұсынған мәліметтеріне қарап осындай ой түюге болатын сияқты. Департаменттің баспасөз қызметінің таратқан соңғы деректеріне сүйенсек, облыста 136 үйден су кетіпті, әзірге 6 жеке үй қарғын судың қоршауында тұр. Естеріңізге сала кетейік, аймақта қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты 140 жеке үй, 180 аула аумағы мен 110 саяжай аумағындағы үйлерді су басқан еді.

Қазіргі уақытта суды сору жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Осы уақытқа дейін үйлер мен аула аумақтарынан 34 мың текше метр су сорылыпты.

Аягөздегі жағдай да қалыпқа келе бастаған секілді. Аягөз қаласында 260 тұрғын өз үйлеріне оралыпты. Оқиға орнында аудандық төтенше жағдай бөлімі мен Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы өкілдерінің жасақтары су бөгеттерін бекіту жұмыстарын қолға алып жатқан көрінеді. Ал құтқарушылар елді мекенді тәулік бойы күзетуде.

Департаменттің өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Өскеменде де тыным таппай, күн-түн демей суды сору және аулалардағы қар тазалау жұмыстарымен шұғылдануда. Үйлерінен уақытша көшірілген 15 адам әлі өз баспаналарына оралмаған. Туыстарының үйін паналауда. Қалада азаматтарды орналастыру үшін «Үлбі» халыққа қызмет көрсету әлеуметтік орталығынан орын әзірленіпті.

Күршім ауданында құтқарушылар тұрғындарды бір жағадан екінші жағаға өткізу жұмыстарын жалғастыруда. Тәулік бойы кезекшілік қойылған. Облыс бойынша 50 жылқы, 125 ірі қара мен 484 қой-ешкі қауіпсіз жерлерге жеткізіліпті.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, апаттық құтқару жұмыстарына Ішкі істер, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы орган өкілдерін қоса алғанда 708 адам, 204 техника мен 27 су сору құрылғысы жұмылдырылыпты.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы