Үндеуде айтылған бірінші бастама – әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру болса, өткен жылы өңірде 18% өсіммен 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың отбасы үйлі болды. Ағымдағы жылы 916 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда облысымызда бір тұрғынның баспанамен қамтылу көрсеткіші 23 шаршы метр.
– Елбасы атап өткендей, әлі күнге дейін өз баспанасы жоқ қаншама отбасы бар. Бұл біздің өңір үшін де өзекті. Мысалы облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 18 мың адам тұр, оның көпшілігі Ақтау қаласында – 9 мың адам (50%), Жаңаөзен қаласында – 4 мың адам (22%), Мұнайлы ауданында 3 мың адам (17%) кезекте. Халықты баспанамен қамту мақсатында, тұрғындар үшін ипотекалық несиенің қолжетімділігін қамтамасыз ететін «7 – 20 – 25» бағдарламасы қабылданады. Бағдарламаның тиімді және сапалы іске асуын қамтамасыз ету үшін екінші деңгейлі банктер, құрылыс мекемелері, шағын және орта бизнес өкілдерінен құралған жұмыс тобын құру керек, – деді облыс әкімі.
Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек-ақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту бағытында Маңғыстау облысы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, тұрақты жалақысы бар 250 мың қызметкерлердің ішінде 22 мыңнан астам адам төмен жалақы алады. Бұл бастама өзін өзі еңбекпен қамтыған тұрғындардың әлеуетін көтерудің тағы бір жолы екендігі айтылды. Ал үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту.
Төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту бойынша, Маңғыстау облысында 2017 жылы 130 адамға 474 млн теңге көлемінде шағын несие беріліп, 219 жұмыс орны құрылды. Осы жылға бюджетте 490 млн теңге қарастырылды. Жақында республикалық бюджетті нақтылау барысында қосымша тағы да 1,5 млрд теңге бөлінетін болады – барлығы шамамен 500 адам несие алады. Бұл өз кезегінде, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік береді.
Бесінші бастама – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесі Маңғыстау өңірі үшін аса қиындық тудырмайды. Қазіргі таңда облыстың барлық елді мекені толықтай газбен қамтылған.
– Қазіргі таңда өңірімізде жаңадан тұрғын үйлер салынатын жер телімдерін газбен қамту – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бұл жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек «ҚазТрансГазАймақ» компаниясынан да қаржы тартылуда. Мысалы, компания осы жылы облыста құны 1,2 млрд теңге болатын 9 жобаны іске асырады. Сонымен қатар Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Мұнайшы ауылдарының жаңа жер телімдерін, Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын газбен қамтуға, «Жаңаөзен-Ақтау» магистральды газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен қосымша 3,5 млрд теңге бөлінетін болады, – деді бұл туралы Е.Тоғжанов.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы