«Поштаны тасымалдауға арналған автокөліктерден басқа 37 пошталық вагонымыз бар. Оған қоса шалғайдағы ауылдарға поштаны 2 килоға дейін көтеретін дрондармен жеткізуді қолға алдық. Былтырдан бері 1,5 тонна хат-хабарлар жеткіздік. Қазір біз 4 кило көтеретін дрондарды сынақтан өткізіп жатырмыз. Компаниямызға өткен жыл көптеген жаңа жетістіктер әкелді. 2017 жылы компанияның жалпы кірісі 49,2 млрд теңгені құрады, 2016 жылмен салыстырғанда кірістер 18 пайызға артты. Электронды сауданың және цифрлы технологиялардың дамуы, нарықтағы бәсекелестіктің жоғарылауы Қазпоштаның жұмыс істеу процестерін түбегейлі өзгертті. Енді біз сапаға бағытталған озық технологияларды қолданатын болдық. 2017 жылы біз 138 миллион газет пен журналды жеткіздік. Аудандарға олардың 93 пайызы бір күннің ішінде жеткізіледі. Былтыр 17 млн-нан астам сәлемдеме жеткізсек, олардың 11 млн-ы халықаралық сәлемдемелер. Қазақстан бойынша сәлемдемелерді жеткізу мерзімі 16 күннен 6 күнге дейін қысқарды. Сәлемдемелер 35 бағыт бойынша күнбе-күн жеткізіледі. Шетелден келетін сәлемдемелерді жеткізу мерзімі 45 күннен 25 күнге дейін қысқартылды», деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар ол былтыр іске қосқан автоматтандырылған сұрыптау машинасы өнімділікті 10 есе өсіргенін, енді тәулігіне 10 мың емес, 120 мың сәлемдемені өңдеп пошта бөлімшелеріне жіберетіндерін жеткізді.
«Самұрық-Қазына» қорының трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 140 пошта бөлімшесі жаңғыртылды. Онда электронды кезек, бейнебақылау камералары, сәлемдемелер супермаркеттері мен поштаматтар орнатылды. Сонымен қатар былтыр шағын интернет-магазиндер мен нарықта сауда жүргізетін сатушылар үшін E-commerce орталығын аштық. Бұл – интернет-дүкендерге қызмет көрсетуге арналған бөлімше. Қазір орталықта 40-тан астам интернет дүкенге қызмет көрсетіледі. Биылдан бастап мұнда интернет-дүкендер үшін тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Мысалы, байланыс орталығын аутсорсингке берген соң қонырау шалу деңгейі 68 пайыздан 97 пайызға дейін артты. Сондай-ақ Контакт-орталығына арналған жабдықты сатып алуға күрделі шығындардың қажеттілігі жойылды. Орта есеппен бұл қызметтің шығындары жылына 21,6 пайыз төмендейді деп жоспарлап отырмыз. 300 жаңа банкомат, 120 терминал және еліміздің әуежайларында орналасқан сот қарызын өтеу функциясы бар 11 терминал орнатылды. Бүгінгі таңда бөлімшелерімізде 101 сәлемдеме супермаркеті және 151 поштамат жұмыс істейді», деді ол.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Мемлекет басшысының жалақылары төмен азаматтардың салық ауыртпалығын төмендетуге бағытталған бастамаларын қолдап, биыл 9 мыңға жуық жұмысшының табыс салығын 10 есеге төмендетуді көздеп отырғанын атап өтіп, оған қоса өндірістік персоналдың жалақысын биыл тағы 15 пайызға көтергендіктерін алға тартты.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»