Кез келген мемлекет өз азаматтарының әл-ауқаты артқанын, әрбір отбасының баспанамен қамтамасыз етілуін меже етеді. Нақ осы мәселе Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталған бірінші бастамасында көрсетілген, бұл біздің азаматтарымыздың баспаналы болуға деген мүмкіндігін кеңейтеді.
Баспанаға қол жеткізу әрбір адамның, әрбір отбасының арманы десек, қателесе қоймаспыз. Сондай-ақ ол бүгінгі күннің ең басты мәселесіне айналған. Өйткені өз үйің, өз пәтерің – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі, отбасы құрудың, отбасы мүшелерін көбейтудің іргетасы.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету соңғы бес жылда үздіксіз өсіп отырған. Сонымен бірге тұрғын үй қорын дамыту да арта түскен. Мысалы өткен жылдың өзінде ғана жалпы көлемі 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Елбасы мұны рекордтық көрсеткіш деп атады. Дегенмен бұл бүгінгідей ішкі және еңбек миграциясы артып отырған кезде аздық етеді. Оның үстіне еліміздің демографиялық саясатына аса мән беріліп отырған кезеңдерде халық санын қолайлы тұрғын үйсіз, қазіргі заманға сай пәтерлерсіз көбейту тағы мүмкін емес.
Президент өзінің жыл сайынғы Жолдауларында және осы жолғы халыққа арнаған Үндеуінде де баспанаға қолжетімділікті арттыруға жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы осыған байланысты тұрғын үй ипотекасы қалың көпшілікке жаппай қолжетімді болуының механизмін жасауды тапсырды. Осы тапсырма еліміздің тұрғындарына, әсіресе, жастарға үлкен үміт сыйлап отыр.
Шахисмаил АСИЕВ,
«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары