Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Шығыста маңызды келісімге қол қойылды

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында тұрмыс­тық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау мен қайта өңдеуге, «ақылды» технологияларды қолданысқа ен­гізу­ге айрықша тоқталып, әкімдерге тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде шешу керектігін тапсырған болатын.

Шығыста маңызды келісімге қол қойылды

Мемлекет басшысы міндет­теген маңызды тапсырмаларды орындау үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған арнайы делегация 5-7 наурыз күндері жұмыс сапарымен Ұлы­британияның Лондон қаласына барып, Еуропа Қайта құру және даму банкі өкілдерімен кез­де­сіп қайтты. Облыс әкімінің бас­пасөз қызметінің берген мәлі­мет­т­еріне сүйенсек, аймақ бас­шы­сы үш күндік іссапардың ал­ғаш­қы күнінде «Southwark Integrated Waste Management Facility» қатты тұрмыстық қал­дық­тарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын аралап, «Transport for London» қоғамдық тасы­мал­дауды ұйымдастыру жүйесі­нің қыз­метімен танысыпты. Іс­са­пар­дың екінші күнін­де Еуропа Қайта құру және даму бан­кі­­нің бірінші вице-президенті Алон Пилокспен кездесіп, өңірдің инф­рақұрылымын дамытуға ба­ғыт­талған инвестициялық жоба­ларды жүзеге асырудың екі­жақ­ты серіктестік жоспарын тал­қы­­л­ап­ты. Ең маңыздысы, жұ­­мыс са­па­ры барысында облыс әкі­мі Д.Ахметов пен ЕҚДБ пр­е­зи­­­денті Сума Чакрабарти ара­­сы­н­­да құны 5,6 миллиард тең­­ге­ні құ­райтын «Шығыс Қазақ­стан облысы қалалары мен ау­дан орталықтарының кө­ше­­ле­рін жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасын қаржылан­дыру туралы келісімге қол қойған. Жо­ба жүзеге асқан жағ­дайда Шы­ғыс Қазақ­станның 630 мың­нан ас­там тұр­ғыны бар 6 қаласы мен 11 аудан орталығына 32 мың дана энер­­гия үнемдеуші шам­дар орнатыла­тын болады. Қазір­гі уақытта аталған банктің қол­дауы­мен 4,8 млрд теңгеге Өс­кемен мен Семей қа­ла­л­арында «ақы­л­­ды» жарық­тан­­дыру жүйе­лері ен­гізі­лу­де. Бұл өз кезегінде 25 мың шамды энергия үнемдеуші түрі­не ауыстыруға мүмкіндік бермек. Келіссөздер барысында аймақ бас­шысы мен ЕҚДБ пре­зиденті Өскеменде құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын қалдықтарды заманауи жолмен жою және қайта өңдеу жобасын да пысықтап, бірлесе жұмыс істеуге келісіпті.

Елбасы 5 наурыз күні Парла­мент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқы­на арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде газдандыру мәселесіне ерекше мән берген-ді. Облыс әкі­мі Лондондағы сапарында осы ма­­ңыз­ды мәселені де назардан тыс қа­л­дырмай, аталған банк өкіл­­де­рін құны 33,3 миллиард тең­ге тұ­­ратын Зайсан, Үржар, Тар­­ба­­­ға­­тай аудандарының 50 елді ме­кен­­дерін газдандыру жобасына атса­лысуға ұсыныс білдіріпті. Кез­десу қорытындысында Сума Чак­ра­барти ЕҚДБ-мен бірлескен жо­ба­лардың саны мен сомасы бо­йын­ша еліміздің аймақтары ар­­ас­ында Шығыс Қазақстанның көш бас­тап отырғанын жеткізіп, инвес­ти­циялық жобаларды жүзеге асы­­руға қосқан үлесі үшін Д.Ах­ме­товке Алғыс хат табыс етіп, биыл қарашада Бейжіңде өте­тін Ор­талық Азия форумына қонақ реті­нде қатысып, бірлескен жоба­лар­­дың барысы туралы баяндама жасауға шақырыпты.

Реті келгенде айта кетейік, 2015 жыл­дан бастап осы уақытқа дейін об­лыс әкімдігі мен ЕҚДБ 46,1 мил­лиард теңгенің 10 несиелік келі­сім­шартына қол қойыпты.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»